Құрметті нәзік жандылар қауымы!
Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Әйелдердің халықаралық күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Халықаралық әйелдер күні – баршамыз үшін ерекше көрікті мереке. Себебі, бұл, ең алдымен, біздің аналарымыздың мерекесі. Жарық дүниеде адамзат баласы үшін анадан ардақты, анадан асқақ, анадан қымбат жан жоқ. «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деп халқымыз аналарды ардақтауды құрмет тұтқан. Құшағы күннің шуағындай асыл аналарымыз – көңілдің нұры, ару қыздарымыз – өмірдің гүлі.
Болашағын ойлаған ел алғашқы кезекте әйелдерге құрмет көрсетеді. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, әйел-ананың әлеуметтік жағдайы мен денсаулығына көңіл аударылуына басымдық беріп келеді. Өйткені, ер – елдің иесі болса, әйел – үйдің киесі. Қазіргі қоғамда сіздер отбасының күнделікті шаруасын, бала тәрбиесін, шаңырақтың береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, мемлекеттің саяси өміріне белсене атсалысып, еліміздің стратегиялық міндеттерін шешуге зор үлес қосып отырған қоғам мүшелері санатындасыздар.
Бүгінгі біздің барлық жетістіктеріміз сіздердің жалпы қауымға бағытталатын мейірімдеріңіз бен қамқорлықтарыңыздың арқасында мүмкін болып отыр. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар.
Махаббат пен төзімділік арқылы әр отбасының береке-бірлігін қалыптастырып, ұлттың дәстүрі мен салтын, мәдениеті мен тарихын, тілін қадірлеуді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Баршаңызға сарқылмас күш-жігер, қажымас қайрат пен келешекке деген сенімділік тілейміз. Қоғамдағы тұрақтылық пен ынтымақтың кепілі, жасампаз істердің дем берушісі болып қала беріңіздер!
Өздеріңізге, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ, әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке тілейміз!
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.