Әулеттің ардақты әжесі

Көктемнің көгілдір мерекесі – 8 наурыз қарсаңында ананы, қыз-келіншектерді құрметтеу халқымызда дәстүрге айналған. «Әйел – үйдің қазығы» деп құрметтесе, «Қыз өссе – елдің көркі» деп еркелетіп жатады. Мереке аясында газеттің сол күнгі саны да нәзік жандарға арналып, айқарма бет әзірлейтін әдетіміз де бар. Сондай санаулы сәтте ауылдан – ауданға келген Терісаққан ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Құттыбек Еспаевамен дидарласудың сәті түсті. Тоғыз құрсақ көтерген ана болмысынан мейірімділіктің нышанын аңғардым.

Бойында нағыз қазақ әйеліне тән қасиет бар. Қарапайымдылығы мен кеңдігі ақылын байытып тұрғандай. Бар әлемді ақжарқын қабағымен жылытып, дидарымен нұрландырып тұрған секілді. Бір әулеттің анасы атанған Құттыбек әженің еңбексүйгіштігіне, өз ісіне адалдығына, әсерлі әңгімелерімен жан-жағын үйіріп алатынына еріксіз таңғалады екенсің. Екінші қыры, той-думанда қоңыр дауысымен дәстүрлі әндерді тамылжыта орындайтын өнері бар. Осындай қарапайым жақтары ғой әулет ұстынын бекемдейтін.

Алтын құрсақты анамен тілдескенімізде, «Отбасының қамқоршысы мен тірегі – ер азаматы ғой, шаңырақтың шырайын келтіріп, берекесін еселеп, ынтымағын қамтамасыз ететін әйел» деуінің өзінде үлкен мән жатыр. Яғни, әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім – баланың өмірлік бағдаршамы екені рас. Ал, өз шаңырағын береке мен мерекеге толтырған балаларына Құттыбек әже осы күнге дейін ақыл-кеңес беруден жалыққан емес.

Бүгінде жүзінен әрі таймаған, ортасына қадірлі, сөзі салмақты ана. Қаңтар айында 77 жасқа толды. Өткенінен сөз сабақтасақ, Құттыбек апа 18 жасында туған ауылы Шеңберде келін болып, ақ босаға аттайды. Жұбайы Зәйни бір атаның жалғыз баласы болғандықтан, Мұхамбетжан атасымен бірге тұрыпты. Бір ғажабы, осы күнге дейін атасын аузынан тастамайды. Қайын атасының асыл қасиеттерін еске алады сағынышты кейіппен. Еске алатындай да жөні бар-ау! Бір кездері қайын ата алдында ибалы келін атанып, тағылымды өсиетін бойына сіңірген жан емес пе?! Ал, қазір бүгінгі буынға ақыл айтатындай қалыпта. Бір әулеттің ғана емес, ел анасына лайықты көсемдігі бар. Әлі де өз ісіне тиянақты, сөзі өткір, қағілез қасиеті басым. Сөз мәнін түсінетін адам. Еңбек жолына қарасаң, қарапайым жұмысшыдан бастаған. Ауылшаруашылығы саласында түрлі қызметтер атқарған. Зейнетке шыққаннан бері бала-шаға ортасында. Ауыл өмірінің күйбең тіршілігі мен қиындығына мойымаған. Бүгін әулеттің қарашаңырағын тіктеп, кенже ұлы Марғұланмен бірге тұрады. Ең бастысы – адамдық қалпынан айнымаған, адамгершілік қасиетін жоғалтпаған жан.

«Ерін сыйлаған есікте қалмайды» дейді қазақ даналығында, кезінде жарын құрметтеп, балаларына да әкесін бағалауды үйреткен ананың бір қайғысы – ері Зәйни 2001 жылы дүние салғаны. Бірақ, Құттыбек әже бұл сынаққа мойымады. Табандылық танытты. Тоғыз баланы өсіріп, ержеткізді. Ұлдарын жеке отау етіп, еншілерін үлестірді. Қыздарын құтты орнына қондырды. Бүгін балаларынан – 30 немере, 14 шөбере сүйіп отыр. Шөпшек көру де арманында бар. Ендігі мақсаты – ұлдарынан өрбіген ұрпақтарын тәрбиелеп, жетілдіру. Бұл мақсаты орындалып та келеді. Немересінің алды Еламан Зәйни аймаққа танымал әнші. Басқа немерелері де білім беру, медицина, бизнес салаларында қызметте. Өнегелі әулетте тәрбиеленген саналы ұрпақ. Анда-санда балдай тәтті шөберелері де әжесіне келіп, қуанышын еселеп кетеді. Бұл да үлгілі отбасындағы тәлім-тәрбиенің белгісі. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген осы емес пе?!

Қайрат ЖҰМАБАЙ