Жыл басынан бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына Қарағанды облысының тұрғындары 16,3 млрд теңге аударды

2020 жылдың 10 айында Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 16,3 млрд теңге аударылды. Шамамен 10,6 млрд теңгені жұмыс берушілер, 5,7 млрд теңгені — жеке кәсіпкерлер, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша тұлғалар және өздігінен төлеушілер жіберді.

Қарағанды облысы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан кейінгі медициналық сақтандыру қорына аударымдар бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында.

МӘМС үшін жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Бұл қаражат МӘМС жүйесінде халыққа медициналық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдардың төлеміне жұмсалады.

Қазіргі уақытта облыста медициналық сақтандырумен 1 152 272 адам қамтылған — 83,7%. Оның ішінде 735 050 жеңілдікті санаттарға жатады, олар үшін жарналарды мемлекет жүзеге асырады.

— Сондай-ақ, жыл соңына дейін ТЖ режимі мен пандемия кезінде зардап шеккен бизнестің 29 санаты медициналық сақтандыру қорына жұмыскерлер үшін жарналар мен аударымдардан босатылды, — деді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев. — 2020 жылдың сәуір айынан бастап соңына дейін жарналар мен аударымдар түспейтін төлемдерден босатылған ШОБ субъектілерінің қызметкерлері сақтандырылғанын естеріңізге саламыз, жұмыс берушілер олардың деректерін msb.fms сайтындағы қор базасына енгізуі тиіс. Одан әрі ай сайын деректерді жаңартып отыру қажет.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша