Аусылды асқындыруға болмайды
Аусыл – қызумен ауыз қуысының кілегейлі қабықтарында, желіннің терісінде және тұяқтарының арасындағы қуыста афтоздық зақымданудың дамуымен сипатталатын аша тұяқты малдардың жіті өтетін аса кантогиозды жұқпалы ауруы. Ашатұяқты үй жануарлары және жабайы жануарлардың барлық түрі аусылға бейімді. Адамға да қауіпті. Қоздырушының көзі – ауру және ауырып жазылған мал, ауру малдарды емдеуге болмайды. Қоздырғыштар (вирус) ауру малдың сілекейі, нәжісі, зәрі мен сүті арқылы бөлініп, басқа малдарға азықтанғанда және ауыз бен тыныс жолдарының кілегей қабықтары арқылы жұғады. Ауру малдан малға тез жұғып, бүтін бір шаруа қожалығындағы малдардың өліміне де әкеп соқтырып жататын кездер болады. Мал ұстайтын шаруа сан соғып қалмас үшін аурудың алғашқы белгілеріне мұқият назар аударған дұрыс.
Аурудың негізгі белгілері: мал шаршаңқы болып жем-шөпке қарамай жатып қалады; дене қызуы көтеріледі (бірақ тез басылады); іш өту белгілері байқалады; ақсап алдыңғы аяғы жүрмей қалады (бұл әсіресе ірі қара малға қатысты); күйіс қайтаруы азаяды; сілекейдің бөлінуі артады; ауыз қуысында афталар пайда болады. Кей жағдайларда мал аузын аша алмай қалады.
Аусыл мемлекеттік деңгейде қауіп тудыратын аса жұқпалы, тіпті адамдарға жұғатын ауру болғандықтан, оған аса көп мән беріледі. Себебі, аурудың кей жағдайларда табыннан табынға жұғу қаупі жоғары. Сол себепті аусыл вирусы шыққан аймақта карантиндік іс-шаралар жүзеге асырылады. Ауырған мал және қатынаста болған мүйізді ірі қара мен ұсақ малдар алынып өртеу арқылы жойылады. Карантин қойылған ошақтан ауыл шаруашылығы жануарларын, жем-шөп, шикі зат және мал өнімдерін шығаруға немесе әкелуге тиым салынады. Тек соңғы ауру мал жойылған соң 21 күн өткеннен кейін және қорытынды дезинфекция сапасының нәтижесіне байланысты карантин алынады. Мал иесіне нарықтық баға бойынша өтемақы республикалық бюджет есебінен төленеді.
Аусылдың таралу қаупі ауыл шаруашылығы жануарларын заңсыз әкелу кезінде пайда болады. Сондықтан жеке және заңды тұлғалар назарына басқа облыс және басқа ауданнан ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдаған жағдайда жергілікті ветеринар мамандарға немесе аудандық ветеринария мекемелеріне хабарласуды сұраймыз. Байланыс телефоны: 8(71035) 2-11-88. ҚР АШМ ВБҚК
«Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясы».