Ұлытау аңыздарының ақиқаты: Жүректі жазған құдірет
2013 жылдың 13 қазаны болатын. Жарықтық Ұлытаудың бір бұрқасыны болып, жер ақ мамыққа оранып, қайта еріп, терек-қайыңдар жапырағын тастап, қара күз басталып кеткен кез. Өкпек желі өңменіңнен өтеді. Ол кезде мен Жезқазған қаласы архивінің басшысы болып қызмет атқаратынмын. Сол жылы – Қарағанды облысының архивтер және құжаттама басқармасының бастығы болған Өмірзақ Амантаев құрметті зейнеткерлікке шығып, орнына қазіргі Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуованың облыстық басқарма басшысы болып жаңадан келген уақыты. Жаңа басшы аймақтағы архивтердің жай-күйімен танысу үшін Ұлытау-Жезқазған өңіріне келді. Қасында басқарманың бас маманы Марияш Шаймерденова бар. Аймаққа келген қонақтарды Сәтбаев қаласы архивінің басшысы Айгүл Төлендина мен Ұлытау ауданы архивінің басшысы Гүлмира Рысаева үшеуміз қазақтың қасиетті төрі Әулиетауға алып шығуды жоспарладық. Тау басы алғашқы қармен қарала реңге енген. Қарлы тауды көргенде «тау тасы тайғақ болып, шыға алмаймыз ба?» деп қорқақтағанымыз да рас. Ойпаң жерінің қары тобыққа таяу. Дегенмен, бесеуміз тауға шығуға ниет еттік.
Етегінен жоғары көтеріліп келеміз. Әлсін-әлсін тоқтап, демалып аламыз. Орта тұсына таянған жерде Марияш Өскенбайқызының қан қысымы көтеріліп, жүрегі шаншып ауырып, шыдай алмағаны сондай, тіпті, жылап та алды. Біз қасына Ұлытау ауданы архивінің басшысы Гүлмира Серікқызын қалдырып, әрі қарай көтерілмекші болып едік, Марияш Өскенбайқызы «жоқ, мен Әулиетаудың басына қайтсем де көтерілуім керек, тілейтін тілегім бар, сәл демалып алсақ, қазір бәрі орнына келеді» деп жалынғандай болды. Сөзін жерге тастай алмай, сол жерде 15-20 минут аялдадық.
Марияш Өскенбайқызы – жалғызбасты ана, бір ұл, бір қызы барын білетінбіз. Қызы тұрмыста, ал ұлы жасы отыздан асқанына қарамастан, үйленбеген болатын. Бәріміз «қанша қиналса да ананың аты ана ғой, жобасы ұлына тілек тілейін деп бара жатыр ғой» деп бір-бірімізге сыбырлап қоямыз, іштей аяп келе жатқанымызды жасыра алмай.
Не керек, тау басына да көтерілдік. Сол жолы мені ерекше таң қалдырғаны –қайың мен терек жапырағын тастап жалаңаш реңге еніп, қара жусанға дейін әбден пісіп, басы сояулана бастаған күздің қар аралас қара суығында Әулиетаудың басынан мамыр айындағыдай жайқалып тұрған сегіз түрлі гүлді кездестіргенім. Бәрін суретке басып, астына күнін, айын, жылын жазып төлқұжатын жасап қойдым. Бір қызығы кейін бар дүние гүлге оранып, жер дүние тусыраған мамыр айының ішінде Әулиетауға көтерілгенімде сол сегіз гүлдің үшеуін ғана жолықтырдым.
Тау басында жатқан жеті әулиеге құран оқыдық, рәсімге сәйкес, тасқа тілектерімізді айтып, мұнара етіп қалап қойып жатырмыз. Бәріміздің назарымыз үлкен қиыншылықпен көтерілген Марияш Өскенбайқызында. Ол болса ештеңені аңғарар емес. Қолына алған көлемділеу тасқа тілегін айтып, күбірлеп тұр. Жаймен жұмған жанарын жас жуып, кірпігінен үзілген мөлдір моншақ самай сайын қуалап барады. Сүртуге де мұршасы жоқ. Әлден уақытта көзін ашып, қолындағы тасын біз қалап жатқан мұнараға әкеліп қойды. Балбұл жанған жүзінен қуаныштың лебі еседі. Жаймен ғана жымиып тұрып, жайшылықта қазақша сөйлей қоймайтын жан «қандай керемет!» деді таңданысын жасырмаған бойда бірдеңе сезгендей. Біз де «мұратың асыл болса, ниетің қабыл болсын» деп тілегіне тілек қостық. Тау басында біраз аялдап, төменге жылжыдық. Таудан төмен түсу де тым оңай бола қоймасы белгілі, жол бойы бірнеше тоқтап, дем басып, күн еңкейе тау етегіне де жеттік.
Ұлытауда қонақтарға арналған дәмді ішіп, жолға шықтық. Кештетіп Сәтбаев қаласына аялдадық. Сол жерде күн ұзақ жүрген жолды көтере алмаған Марияш Өскенбайқызы үйге енісімен сөйлеуге де шамасы келмей, сұлық түсіп жатып қалды. Біз де жанталаса жедел жәрдем шақырдық. Күтпеген жерден қарбалас басталды да кетті. Көп кешікпей жедел жәрдем де келді. Қан қысымы 200-ге дейін көтеріліп кеткен екен. Алғашқы көмек көрсетіліп, беті бері қарады. Одан кейін тағы бір күн Жезқазғанда демалып барып, жолға шықты. Қатты уайымдағанымыз соншалық, Қарағандыға жеткенше әлсін-әлсін телефон шалумен болдық.
Арада бес күн өткен. Күн бейсенбі, таңертең жұмысқа келген бетім болатын. Телефон шылдыр ете қалды. Тұтқаны көтерсем, ар жағында Ұлытау ауданы архивінің басшысы Гүлмира Серікқызы. Оның да жұмысқа келген беті болса керек, ентігіп тұр. Амандасуды келте қайырып, әңгімесін бірден бастап кетті. «Марияш Өскенбайқызы хабарласты, «қызымды ертіп Ұлытауға келсем, Әулиетауға шығарасыңдар ма?» деп жатыр» деді, әдеттегідей желпіне сөйлеп. Бес күн бұрынғы жағдайды қайта көргім келмегендіктен, мен бірден бас тарттым.
Әлден уақытта телефоным тағы шылдырлады, тұтқаны көтерсем, Марияш Шаймерденованың өзі. Үнінде қуаныштың табы бар. Амандық-саулықтан кейін «Сіз не болғанын білесіз бе?» деп бастады әңгімесін.
«Өткен жолы Әулиетауда тілеген тілегім қабыл болды. Жанар есімді қызымның барын білесіз ғой, соның 2 жастағы ұлы Арсенге дәрігерлер «туа бітті жүрегінің тесігі бар, ота жасатып, тіктірмесе болмайды» деп жүретін. Баланың аты бала ғой, жүгірмей, ойнамай тұрмайды. Екі жастағы бала нені біледі? Ал сәл жүгіріп ойнаса, шаршап құлап, жатқан жерінде ұйықтап қалады. Оны көрген сайын жүрегім сыздап, жаным ауыратын. Өткенде Әулиетауға шыққанда сол немеремнің сауығып кетуін тілеймін деп ниеттеніп шықтым. Басқа ештеңе тілегенім де, ойлағаным да жоқ. Тек Құдайға жалбарынып, сол немеремнің жазылып кетуін тілей бердім. Өзіңіз көргендей, өзім де өліп қала жаздадым ғой (күліп алды). Сенсеңіз, үйге жеткенше асықтым. Немеремді көргім келді. Представляешь, (орысшалап қояды) мен қалай үйге келдім, солай үлкен өзгерісті көріп, Аллаға шүкіршілік еттім. Арсенім асыр салып ойнап жүр. Бұрынғыдай шаршауы да, ұйықтап қалуы да байқалмайды. Үш-төрт күн көрмегеннен кейін бе, баланың бойындағы өзгерісті бірден аңғардым. Не керек, кеше дәрігерге барып, ота жасау алдындағы тексерістен өтіп келді. Квотасын да алып қойған едік. Компьютерлік томография «порок сердца – отрицательное» деген қорытынды беріпті. Дәрігерлер де таң қалып, «мүмкін емес, не істедіңдер?» деп сұрап жатыр екен. Ештеңе айта алмапты қызым. Қуанышымызда шек жоқ. Енді қызым «мен де сол тауға барайыншы» деп мазаны алып отыр. Барсам апарасыздар ма?» дейді.
-Қызыңызды апаруға болады, тек Сізді емес, – дедім күліп.
— Ой, ол менсіз бармайды ғой, – деп жабырқағандай кейіп танытты.
-Бізде күн суытып, боран басталғалы тұр, мүмкін келесі жылға қалдырармыз, – дедім көңілін аулап.
-Иә, сол дұрыс шығар, мен де қызыма айтып түсіндірейін, – деді шаруасы шешілгендей көңілденіп. Әрі қарай жұмыс барысына ауысып, аз-кем сөйлестік те, бір-бірімізге «сау болыңыз» десіп телефон тұтқасын орнына қойдық.
Қызметімнің басқа салаға ауысуына байланысты көптен хабарласпай кеткен Марияш Өскенбайқызына осы мақаланы жазу мақсатында таяуда қайта хабарласып, амандық-саулықтан кейін бірден Арсенді сұрадым. Өткендері еске түсті ме, алғысы мен рақметін жаудырта жөнелді. «Құдайға шүкір, Арсенім қазір тоғыздағы зіңгіттей жігіт, 4-сыныпта оқиды. Сіздерге үлкен рақмет, сол жолы Ұлытаудағы Әулиетауға шығып, тілек тілегеннен кейін дәрігерге де таянған емеспіз, сырқаты да мазалаған емес. Таңқаларлық жағдай, адам айтса сенгісіз. Айтқым да келмейді. Тіл, көз бар дегендей», деп қазақша сайрап тұр. Кезінде он сөзінің сегізін орыс тілінде сөйлейтін Марияш Өскенбайқызы.
Адамның сенімі зорайса, иманы күшейетініне көзім жетті.
Мен де Аллаға шүкірлік еттім!
Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,
ақын, өлкетанушы.