Құт қонған Қаракеңгір

Қаракеңгір – берекесі мен ырысы артқан, ынтымағы жарасқан, әлеуметтің тұрмысы түлеген ауыл. Ал қаракеңгірліктер – еңбекпен өрісін кеңейтіп, кәсібінен нәсіп тапқан, төрде басы, төскейде малы қосылған шаруа жандар. Бүгінгі мақаламыз бірлігі бекем, құт қонған осы ауылдың тұрмысы туралы болмақ…

82 ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ БАР

Бүгінгі таңда Қаракеңгір ауылдық округінің әлеуметтік жағынан дамуына барынша жағдайлар жасалуда. Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға, ауыл өмірін көркейту мақсатында мемлекет тарапынан қолға алынған түрлі бағдарламалар қаракеңгірліктер үшін де өз нәтижесін беруде. Бірқатар әлеуметтік мәселелер де шешімін тапқан. Ауылда екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыз жүргендер де жоқтың қасы. Округтің негізгі бағыты ауыл шаруашылығы. Осы салада қазір округі бойынша 82 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оның алтауы мал мен егін шаруашылығын қатар дамытса, алтауы шаруашылық біріңғай егінге негізделген. Қалған шаруа қожалықтары ата кәсіпті дамытуға ден қойған. Олардың елуден астамы округ маңындағы қыстақтарға қоныстанған. 1 шілдедегі мал санағы бойынша округте 4826 бас мүйізді ірі-қара, 12822 бас қой-ешкі, 4645 бас жылқы, 1552 құс есепке алынған.

Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, егін өсірумен айналысатын 12 шаруа қожалығы биыл 13200 гектарға дәнді дақылдар екті. Оның 8820 гектары бидай болса, 4380 гектары арпа. Округ диқандары биылғы жылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан межелі астық бастыруға қол жеткізді.

70 БАС ЖЫЛҚЫ САТЫП АЛДЫ

Өздеріңіз байқағандай Қаракеңгір ауылдық округі ауыл шаруашылығын дамытуға шындап ден қойған өңір. Ата кәсіптен қол үзбеген шаруа қожалықтары өз малдарының тұқымын асылдандыру, мал басын өсіру үшін бар мүмкіндіктерді пайдаланып бағуда. Тіпті тыңнан түрен салып, мал бағуға ниет бұрған бұрымдылар да бар бұл ауылда. Солардың бірі «Жақып» шаруа қожалығының иегері – Дидара Малдыбаева. Ол «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы ауылшаруашылығын дамытуға 30 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, оған 70 бас жылқы сатып алды. Жігіттің жігіті ғана батылы барып қадам жасайтын кәсіптің бұл түрін ұршыққа үйірген Дидара қылқұйрықтың үйірін одан әрі өсіруге ниетті.

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан берілетін мұндай мүмкіндіктерді «Исмаил» шаруа қожалығы да пайдаланып қалуға тырысуда. Аталмыш қожалықтың иегері Айдос Исмаил «КазАгроФинанс» АҚ арқылы өзінің техника базасын жаңартып жатыр. Айдос 36 млн. теңге лизингке 1 дана «МТЗ-82» тракторын, шөп шапқыш, шөп жалдағыш (сеноворошилка), шөп артуға арналған айыр, жүк артуға арналған күрек, шөп престеуге арналған құрылғы (прессподборщик) сатып алды.

Шаруа қожалығы бір мұнымен ғана шектеліп қалмақ емес. Олар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 50 млн. теңге жеңілдетілген несие алуға құжаттарын өткізіп, оған ірі қара малын өсіруді жоспарлауда.

ЕКІ ТҰРҒЫН ӨЗ ШАРУАШЫЛЫҒЫН АШТЫ

Қаракеңгір ауылында әлеуметтің әлеуеті де жоғары. Халыққа қызмет көрсететін нысандардың бәрі алдағы қысқа қапысыз қамданған. Барлық нысандар жаңа типтік үлгіге сай жабдықталған. Әңгімеміздің басында айтып өткеніміздей, округте жұмыссыз жүрген жандар жоқтың қасы. Жыл басынан бері 28 жұмыссыз адам электронды еңбек биржасы арқылы жұмыссыздар есебіне тіркеліп қоғамдық жұмысқа тартылған. Атап айтқанда, 7 адам қоғамдық жұмысқа қатысып маусымдық жұмысқа орналастырылыпты. 1 адам Қаракеңгір клуб үйіне тұрақты жұмысқа орналасқан.

Биылғы жылы білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген кәсібі бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында 5 түлек жастар практикасына қатысты. Нәтижесінде 2 түлек мектепке, 1 түлек Сәтбаев қаласындағы емханаға, 1 түлек Жезқазған қаласындағы «Айгөлек» балабақшасына тұрақты жұмысқа орналасты.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының «бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша Алмат Күнтуған «техник-электрик» мамандығы бойынша тамыз айынан бастап әкімдікке жұмысқа орналасыпты. Сондай-ақ, жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында жұмыссыз жүрген ауылдың екі тұрғыны Индира Жамбаева мен Дархан Смаилов қайтарымсыз несие алып, ірі қара мал сатып алған. Осылайша олар өз істерін ашуға мүмкіндік алды.

250 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Елдің экологиялық жағдайы өзекті мәселеге айналған. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында да ерекше атап көрсетті. Ал, экоахуалды түзеу әр ауылдан, әр ауладан басталады. Осы тұрғыдан келгенде Қаракеңгір ауылында тілге тиек етерлік істер аз емес. Атап айтқанда ауылда «Таза Табиғат» ұлттық жобасы аясында «Су көздерін ашу, бұлақтарды тазарту», «Таза су айдындары», «Бірге таза Қазақстан», «Менің – жасыл орманым» акциялары өткізілген. Сол сияқты өзекті мәселелердің біріне айналған округтегі «Терісайрық» тоғанының техникалық құжаты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы 657 379 теңгеге жасалыпты.

Жергілікті атқарушы билік тарапынан елді мекенді абаттандыру, көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалық сақтау төңірегінде тұрақты түрде түсініктеме жүргізіп келеді. Бұл жұмыстарға жыл сайын бюджеттен де қомақты қаржы бөлініп, қаралған қаржы тиімді жұмсалады. Жалпы, округте елді мекендерді сәулеттендіру, санитарлық тазалау және көгалдандырудың көктемгі және күзгі айлықтарда 30 түп ағаш егілген. Тазалық айлығы барысында селоішілік көшелерде барлығы 4,6 гектар жер тазартылып, 250 тонна күл-қоқыс арнайы орынға шығарылған.

Ауылішілік бұзылған үйлерді және ауыл сыртындағы иесіз қалдықтарды тазалау үшін «Жезқұрылыс» ЖШС арқылы 1 400 000 теңгеге қыркүйек айында тазалау жұмыстары жүргізіліпті.

ПОЛИГОН БОЛМАЙ ЭКОАХУАЛ ОҢАЛМАЙДЫ

Экологиялық ахуал дұрыс болу үшін арнайы күл-қоқыс төгетін аймақ болуы керек және ол талапқа сай жабдықталуы қажет. Бұл мәселе Қаракеңгір ауылында кенже қалып отыр. Жергілікті атқарушы билік оны шешудің жолдарын да іздестіріп бағуда. Аз жұмыс та атқарылмаған сыңайлы. Ең бастысы, тұрмыстық қатты қалдықтарды төгетін арнайы полигонында санитарлық талаптарға сәйкестендіру үшін жұмыс басталған. ТҚҚ полигонына техникалық-экономикалық негіздеме жобасын әзірлеу үшін баға ұсынысы бойынша мемлекеттік сатыпалу порталына 12.05.2021 жылы 6 млн. теңгеге конкурс берілген. Ал, 04.06.2021 жылы «КазЭнергоСервисСтрой» ЖШС оны 4 480 000 теңгеге жеңіп алды. Сондай-ақ, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын салуға бөлінген учаскеде инженерлік-геологиялық ізденіс құжаттары болмауына байланысты, «KazGeoSilKon» ЖШС арқылы 1 300 000 теңгеге топографиялық-геодезиялық және инженерлік-геологиялық ізденіс құжатын жасату үшін бір көзден мемлекеттік сатып-алу порталы арқылы келісім-шарт жасалып, аталған жұмыстар дайындалды.

Қазіргі уақытта «КазЭнергоСервисСтрой» ЖШС арқылы ТЭН жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

СУ. ЖОЛ. ЖАРЫҚ.

Бұл үш мәселе қай ауылда болмасын түйіні тарқатылмай келе жатқан түйіткілді мәселе. Жиналыс сайын ауыл тұрғындары судың жайын, жол мен жарықтың жырын жырлаумен келеді. Бұл мәселелер Қаракеңгір ауылында да жоқ емес. Бірақ, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен қолдаудың арқасында түйткілді мәселелердің түйіні шешіліп келеді. Енді осыларды тарқатып айтып көрейік.

Қаракеңгір ауылында көше ішілік су құбырының тозығы жеткен 1 шақырымын ауыстыру жұмыстары үшін баға ұсынысы бойынша конкурс өткізілді. Оны «Ажибаев» жеке кәсіпкерлігі жеңіп алды. Сөйтіп, қыркүйек, қазан айларында аталмыш кәсіпкерлік 13 550 000 теңгеге тозығы жеткен су құбырларын пропиленді құбырлармен айырбастады. Сол сияқты, Советская көшесі 24 үйдің қасынан өтетін жарылған су құбырын да осы жеке кәсіпкерлік өз күшімен қазып, құбырды жөндеп берді.

Бозтұмсық ауылындағы көшеішілік шамдарын диодты шамдарға ауыстыру жұмыстары да жүйелі жүргізілді. Бұл үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы баға ұсынысы бойынша конкурс өткізілген. Нәтижесінде тамыз айында 2 150 000 теңгеге Ақжар көшесіндегі 55 дана көше шамдары диодты шамдарға айырбасталды.

Осындай жұмыс мамыр айында да жүргізіліп, ол кезде Алтын Орда көшесіндегі 40 дана көше шамдары диодты шамдарға айырбасталған. Оған 3 млн. теңге жұмсалыпты.

Қаракеңгір-Ұлытау бағытындағы облыстық дәрежедегі көтерме тас жолдың да жыры аяқталар күн алыс емес сияқты. 2020 жылы осы жолға түрен түсіп, 16 шақырым бөлігін асфальттады. Биыл да жол жөндеу жұмысы жалғасын тауып, қалған 4 шақырым жолды асфальттау жұмыстары жүргізілді. Ауыл тұрғындары жолдың аудан орталығына дейінгі қалған бөлігі де жөнделіп, асфальтталса деп отыр. Әрине, ауылдың көше ішілік жолдары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Қаржының жетімділігіне орай көше аралық жолдар да шама-шарқынша жөнделген. Оларды күтіп ұстауға да баса көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта өткен қыста 700 000 теңгеге қаражат қаралыпты. Жолды күтіпұстау үшін жеке кәсіпкер Бекжігітовпен келісім-шарт жасалып, жолдарды қардан тазалау жұмыстары жүргізілген.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ