Заңдылықтың сақталуы — қатаң бақылауда

Қазақстан прокуратурасы ғасырға жуық уақыт қалыптасу мен дамудың ұзақ жолдарынан өтті. 1922 жылдан бастап, Әділет халық комиссариатының құрамында жұмыс істей бастады, 1933 жылы прокуратураның құзыреті кеңейтіліп, Әділет халық комиссариатының жанынан Прокуратура басқармасы құрылған болатын.

Қазақстан өз алдына Тәуелсіздік алғаннан кейін Прокуратура органдарының құрылымы мен қызметі өзгерді. Дегенмен, сала қызметінің басты бағыты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдағы бірлікті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және қылмысқа қарсы күрес, кәсіпкерлікті қолдау аясында қолайлы ахуалды қалыптастыру бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізу болып табылады.Мемлекеттің қуаты мен жауапкершілігі заңдылық пен тәртіпке негізделеді. Ал осы жауапты да абыройлы міндет құқық қорғау, оның ішінде прокуратура органдарына да жүктелген. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев ел дамуының алғашқы кезеңдерінен бастап құқық қорғау органдарын реформалау ісін жүзеге асыруға аса көңіл бөлді.

Прокуратура қызметі әлемнің көшбасшы елдері талабына сай жаңғыртылып, 2017 жылдың 30 маусымында Елбасы Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңына қол қойды. Бұл өз кезегінде халық пен қоғамның мүддесін қорғайтын ашық, әділ және тиімді прокуратура жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Прокуратура — өзге құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіретіндіктен, құқықтық салада зор өкілеттіктерге ие.

Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай, азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезең» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын айта келе, прокурордың жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті екендігін нақты айтты. Республика бойынша прокурорлар жылына бірнеше ондаған мың адамды қабылдайды. Олардың арыз-шағымы сотқа дейін тергеп-тексеру, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық сот актілері, әлеуметтік сала мәселесімен байланысты.

Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2004 жылғы бұйрығымен 6 желтоқсан – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні ретінде жарияланып, атап өту белгіленді. Ата Заңымызда көрсетілгендей, заңдылықты қадағалаушы орган ретіндегі беделі мен рөлін көтеру, заңсыздық пен құқықбұзушылыққа жол бермеу, құқықтық мемлекет құру ісіне салмақты үлес қосу – прокуратура органы қызметкерлерінің басты борышы.

Ұлытау ауданы прокуратурасының ағымдағы жылы атқарған жұмыстарына келейік. Аудан прокуратурасымен сотқа дейінгі тергеп тексерудің заңдылығын қадағалау бойынша ҚР ҚПК-нің 190, 300, 528, 615-баптары тәртібімен сотқа жолдау үшін келіп түскен 10 қылмыстық іс, мерзімдері үзілген 14, өндірісі тоқтатылған 59 қылмыстық істерді зерделеді, 19 қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқау берді. 4 іс бойынша мерзімдерді үзу және 7 тоқтату туралы қаулыларды бекітуден (келісуден) бас тарту туралы қаулылардың жобаларын дайындады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты 4 прокурорлық ден қою актілері енгізілді, оларды қарау нәтижесі бойынша 6 қызметкер тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау және сотта мемлекеттік айыптауды қолдауды жүзеге асыру саласы бойынша 11 қылмыстық іс бойынша сот процестерінде мемлекеттік айыптауды қолдады, олардың ішінде 13 тұлғаға қатысты айыптау үкімі шықты. Сотпен ақтау үкімі немесе ақтайтын негіздермен тоқтату туралы қаулылары, жеке қаулылар шығарылмаған. Яғни, қылмыстық процесте азаматттардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілмеген.

Сот үкімдерінің орындалуының заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру саласы бойынша жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметінде 1 тексеру жүргізіп, 8 заңды бұзушылық деректерін анықтады. Анықталған заңды бұзушылықтар бойынша 1 ұсыну енгізілді, оларды қарау нәтижесі бойынша 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық салада қоғамдық мүдделерді қорғау саласы бойынша өткен кезеңде прокурорлық қадағалау актісімен 2505 тұлғаның құқығы қорғалған, 10,8 млн теңгеге заңсыз жарияланған мемлекеттік сатып алудың күші жойылған, 530 мың тг мемлекетке өндіріліп алынып, мақсатына сай игерілмеген 2 мемлекеттік грант қаржысын бюджетке қайтару туралы сот шешімі шығарылған, және де мақсатына сай пайдаланылмаған 117 ауыл шаруашылығы жер учаскелері анықталып, кадастрлық құны 10 млн тг құрайтын жер учаскелері мемлекетке қайтарылды.

Аудан аумағында заңдылықты толық қадағалау прокуратураның басты назарында. Ұлытау ауданы прокуратурасының еңбек ұжымы, өздерінің төл мерекесін осылайша лайықты табыстармен қарсы алып отыр.

Батырлан БЕГАЕВ,

Ұлытау ауданы прокуратурасының аға прокуроры,

 кіші әділет кеңесшісі.