Елбасы Ұлытауда ұлықталған еді

Тоқсаныншы жылдардың басы қазақ елі үшін нағыз ақ түйенің қарны жарылған кезең болды. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Ал, араға бір жыл уақыт салып, яғни 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұңғыш рет жалпыхалықтық дауыс беру жолымен Қазақстан Президентін сайлау рәсімі өткізілді. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 98,76 процент дауыс жинап, жеңіске жетті. Осылайша Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел тізгінін ұстады.

1993 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытауға келді. Ұлытаудың жұрты тайлы-тұяғы қалмай қазіргі ұлт бірлігі мен тұтастығына арналған монумент қойылған төбеге жиналды. Осы жерде Елбасы елмен жүздесіп, ақжарма тілегін арнаған еді.

– Өткенде Ордабасыда бүкіл халықты жинап, үлкен мерейтой өткіздік. Әрине, Ұлытаудың орны басқа. Дегенмен, сол кезде қазақ халқының үш дана биі ортақ жауға қарсы тұру үшін елдің басын жинап, бас сардарды сайлап, жауға қарсы қойып, қантөгіс қырғында елдің тәуелсіздігін сақтап қалды. Ал, оның басы осы Ұлытауда басталған болатын. Тарихты жөндеп, бүгін таласып жататын уақыт емес. Оны тарихшылар жөндей берер. Осы күні нешетүрлі әңгімелер айтылып жүр. Әр ауылда, әр облыс­та өзінің жағдайымен айтады. Ал, ата-бабадан қалған деректер бойынша, ең бірінші қазақтың басы қосылған жері – осы жер. Мұның өзінің тарихи мағынасы бар.

Ұлытаудың басына ылғал жиналып, төңірегі көгерген кезде бүкіл қазақ жайлауға келеді екен. Шақырып жатудың ешқандай қажеті жоқ. Өздері жиналады. Осы жерде сол халықтың, әр рудың, әр тайпаның, әр елдің беткеұстарлары жиналып, өздерінің басшыларын сайлаған. Сондай сайлаудың ең басы ХІ ғасырдың басында осында болған дейді. Халық жиналып, өзінің ханын сайлап, киізге көтерген жері осы жер екен. Сондықтан, біз солай деп есептеуіміз керек.

Қазақтың басы қосылып ел болып отырғаны мың жыл десек, ешқандай қиянаттық болмайды.
Есім ханнан кейінгі деректер бойынша Едігені хан сайлаған – Ұлытау.
Тоқтамысты хан сайлаған да Ұлытау.
Абылайды хан етіп киізге көтерген де Ұлытау.

Бабаларымыздың ойлаған ойы мен арманына әруақыт табынамыз. Сол жолды алға қарай апарамыз. Біздің тарихымыз үзілмейді, алға қарай жалғаса береді, алға жүре береді деп айтқым келіп тұр.
Біз тәуелсіздікті жариялауын жарияладық. Саяси тәуелсіздігіміз бар. Ал, енді аяғымыздан тік тұрып, нағыз тәуелсіз мемлекет болуға бірталай көмек керек. Бірталай еңбек керек. Асығып, саспау керек. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Барлық ұлттың өкілдерімен бірге Қазақстан экономикасын көтеріп жатырмыз. Өз халқының өсуі үшін елдің достығы, елдің бірлігі керек. Ел бір болса, ауызбіршілік болса, бүкіл Қазақстанда тұратын барлық ұлттың өкілдері Қазақстанды Отаным деп санайтын болса, елдің іші тыныш болса, сонда жақсы жағдайға қолымыз жетеді.

Қолымызда егемендік тұрғанда, мемлекетіміз тәуелсіз болып тұрғанда Қазақстанның өзі кеңшілік көрсетіп, Қазақстандағы негізгі ұлт ретінде барлық ұлттарға қамқорлық көрсететін кезі келді. Соның ішінде, ең алдымен, өз халқымыздың – қазақ халқының басы бір болмаса, ешқандай егемендікті біз қолға ұстап тұра алмаймыз. Сондықтан да, менің талай жерде айтып жүрген сөзім бар. Тағы да сіздердің алдарыңызда тұрып, қасиетті, киелі Ұлытаудың етегінде тұрып, мына ескерткіш орнататын, елді бірлікке шақыратын құлпытастың жанында тұрып айтарым: Біз өткен ғасырдағыдай, оның ар жағындағыдай ру-руға бөлініп, жүз-жүзге бөлініп, әр ауыл өз батырын сайлаған пәледен құтылуымыз керек. Елдің басы бірікпесе, быт-шыт болып кетеміз. Онда көлденең көк атты келеді де, басқара береді. Солай болған. Сол саясатты патша үкіметі де, одан кейінгі Кеңес империясы да жүргізген. Бізді жан-жаққа бөліп, әдейі бір-бірімізбен төбелестірді, ұлтымызды әлсіретті. Содан кейін кім басқарғысы келсе, сол басқарды.

Менің замандастарым, үлкен ағалар мен аталар, ұрпақты бірлікке, Отанын сүюге, халықты сүюге, халқына аянбай қызмет етуге тәрбиелеуі керек. Ұлт – тек өз басыма, маған ғана керек мәселе емес, халыққа керек, елге, жерге керек.

Осындай ұшан-теңіз даланы, осындай кең байлықты ата-бабамыз атпен жүріп сақтады. Біз сақтап қалуымыз үшін не істеуіміз керек? Бас біріктіруіміз керек. Еңбектенуіміз керек, талпынуымыз керек. Жаңа экономикаға түскен демократиялы мемлекет болу үшін, дүние жүзіндегі барлық мемлекет бізді сыйлауы үшін, құрметтеуі үшін, біздің тереземіз солармен тең болуы үшін еңбек ету керек, талпыну керек. Жамандықтан аулақ болу керек. Жақсылыққа ұмтылу керек. Бір-бірімізге көмектесуіміз керек, – деген еді сол жолы Нұрсұлтан Әбішұлы тебірене тұрып.

… Сол жолы ұлытаулықтар қасиетті жерге келген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты хан ретінде құшақ жая қарсы алды. «Хан ордасы» деп аталатын дала төсіне зәулім Хан ордасы тігіліп, Нұрсұлтан Әбішұлының иығына оқалы шапан жабылып, асатаяғымен кәдімгідей тақта отырды. Бұл тек Ұлытау ғана жасай алатын, Ұлытау ғана орындайтын ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі салт болатын.

Ізтай Белгібайұлы.