Кәсіподақ ұйымында – жаңа төраға
Ұлытау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының есептік-сайлау конференциясы өтіп, оның жұмысына Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Марат ҚОҢЫРБАЕВ пен аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат ӘБДІРАЙЫМОВ қатысты. Конференцияда аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы лауазымына Қанат ЖЫЛҚЫБАЕВ сайланды.
Қанат Сәбиғазыұлы 1987 жылы Ұлытау ауданында туған. Білімі – жоғары. 2008 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт факультетін аяқтаған. Еңбек жолын балалар мен жеткіншектер спорт мектебінің жаттықтырушысы болып бастаған. Қатардағы мұғалімнен №1 Тірек мектебінің директорына дейінгі қызмет жолынан өткен.
Алқалы жиында Марат Сейілбекұлы 2001 жылдан бері Ұлытау аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы болған Сәбиғазы Әзмахымұлы «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» белгісімен марапатталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ауданның бас педагогы Бағдат Қабденұлына Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасын тапсырды.
Өз тілшімізден.