БІРІШЕК (Деректі әңгіме)
Биыл қаңтар айының ортасында Ұлытаудың солтүстік шығысына қарай орналасқан Омар деген қыстаққа бардық. Бұл қоныстың қазіргі егесі – Жезқазған өңіріне Атымтай жомарттығымен аты шыққан Марғұлан Молдашов деген досым. Мақсатымыз – кеше жауған жаңа қармен із кесіп, қасқыр аулау. Айнала ақ ұлпа. Жезқазғаннан қос көлікпен шыққан бағытымыз бүгін қонаға сол қыстаққа жетіп жығылу. Сайдың тасындай азаматтармен əр əңгіменің басын шалып межелеген жерге кеш батқан мезгілде жеттік. Хан сарайындай зəулім үйге түсіп, асай-мүсейімізді түгел түсіріп, ішке ендік. Төрдегі кең дастарқанға алқа-қотан дөңгелей отырып, қонақасыға қол салдық. Сатырлаған «сен тұр, мен атайын» жігіттер ертеңгі сонарды сөз ете бастады. Менен басқасының бəрі – осы Ұлытау табанының азаматтары. Жер жағдайын жақсы білетін, арасында аңшылыққа ерте араласқаны бар, бəрі ертеңгі таңның нəсібесін талқылауда. Бағыт-бағдарларын жоспарлауда. Кезек сөйлеп, арасында бір-бірін қуаттап алатын кездері де болады. Əне-міне деп əңгіме дүкен құрып отырып, буы бұрқыраған соғымның етін де еңсеріп тастаппыз. «Туған ай – тураған еттей» демекші, ет желініп, біраз уақыт демде жылжып кеткендей. Дəмге бата беріп, шай жасалғанша бəріміз сыртқа шықтық.
Дала тынық. Үп еткен жел жоқ. Қансонар. Қансонар емес, өлімсонардың өзі болғалы тұр, бұйырса… Оттарын өшірген түнгі ауыл да, аспан да тастай қараңғы. Ептеп шыңылтыр аяз бар. Аяқты аңды жортқызбай қоймайтын қыспақ аяз. Өз əлімізше ауа райын болжап, шай дайын деген шақыртумен ішке кірдік. Дастарқанды жағалай тастаған жастықтарға шынтақтай жатып, қызыл күрең қою шайға бас қойдық. Қолдан қолға өткен шынаяқтар егелерін іздеп байыз табар емес. Бір əңгімеден бір əңгіме туып, бір тамаша күйде отырмыз. Босағаның оң жағында шаңыраққа тұмсығын созған қару-жарақ пен оққа толған оқшантайлар ертеңгі күннің «көрігін» қыздырғалы тұр. Арасында ескі əңгімелерге де есік ашып, осы өңірдің есті адамдары жайлы естелік те айтып қоямыз. Мен, əсіресе, Ұлытау бауырында өткен бай-бағландар мен би-батырлар жөнінде көп ізденіп, елден жеткен ескі əңгімелерді қозғап қоямын. Күні қысқа, түні ұзақ қыс айы ғой. Уақыттан қысым жоқ. Келе-келе əңгіме қайта қасқыр тақырыбына ауды. Қазақтың қай жігіті үшін де қасқыр қан қыздырмай қоймайтын əңгіме ғой. Қасқырдың қасиетінен бастап, олардың тектілігі, түрі, айласы, ақылы, емдік қасиеті – Тəңірдің ерекше жаратқан жаратылысын шама-шарқымыз жеткенше қызыл-қырман қызу əңгіме қылдық. «Қасқырда да көсем болады екен. Оларды Абадан, Атай, Бірішек, Қаражал, Көкжал деп те атайды. Ішіндегі мықтысы – Бірішек», – дедім мен. Сəкен Жүнісов ағамыздың Ақан сері туралы кітабында Көкшетау баурайын шулатқан атақты Бірішек қасқыр туралы оқығаным бар еді. Соны сөзіме тұздықтадым. Сол арлан қасқырды Ақан сері Құлагермен таң алдында қуып, кешкі қызыл іңірдің алдында зорға жетіп соққанын білуші едім. Соны айтып, шайланып болып қалған тұста əңгімеге Бексұлтан деген жігіт араласты. Əлгіден бері əңгімеге аса сұғынбай отырған Бекең «мен бірішек қасқыр соғып, сойған адаммын» демесі бар ма?
Əдемі, əсерлі əңгімеге көтеріліп алған бəріміз бетімізді соған бұрдық. Менің ын-дынымды əкетіп бара жатқан – бірішек. Оқығаным болмаса, көрген емеспін. Ал мына Бексұлтан «соны соғып, соны сойдым» деп, жай ғана шайын сарқа ішіп, кесесіне қасығын көлденең асып, дастарқаннан кейін шегініп, əңгімесін айтуға ыңғайлана бастады. Қалғанымыз демімізді ішке тартып, сөзін бөлмей, соның бетіне қарадық та қалдық.
Бұл жігіт те осы Ұлытау табанынан. Сүйегі – Найман ішінде Бекболат. Даланың қазағы. Сөзіне бейпіл араласқан ызғарлы азамат.
Əлқисса.
-1992 жылы əкем Нұрсұлтан жеке шаруашылық ашамыз деп Тұяқ деген жерге бөлініп шықтық. Əкей кезінде совхоздың жылқысын бағып, мойнына мал мініп, абақты аралап келген адам еді. Əулетте он төрт баламыз. 9 ұл, 5 қыз. Содан алдымызда азын-аулақ мал, тоқты-торым, екі үйірге шамалас жылқы жиып, Ержанның қараадырына келіп қоныстандық, – деп бастады ол әңгімені.
Ұлытаудың оңтүстік-батысында аудан орталығынан 37 шақырымдай жерде Ержанның қараадыры деген жер бар. Соның етегін ала Ұлытаудың бұйраттарына сұғына енер тұсын Тұяқ деп атайды. Ұрынды жер. Құз жартасы, жыңғыл-жымыраны көп. Мен бұл жерлерді өте жақсы білемін. Жалпы Ұлытау төңірегіндегі бірталай ауызекі жер атауларын жақсы меңгергем. Қысқасы, ол маңайда жалғыз жүрсем де адаспайтын деңгейде жер қыртысын танимын. Оны айтып отырғаным, əлгі жігіт «Аңшының əңгімесі» дегенге салып, із тастай ма екен деп індетіп отырдым. Ол менің Ұлытау өңірін жақсы білетінімнен бейхабар.
-Хош… Содан не керек, Тұяққа келіп орналастық. 1992 жылдан 1997 жылға дейін бақандай бес жыл бойы жылқыға құлын, сиырға бұзау, қойға қозы ермеді. Қысқасы, бес жыл қасқыр бақтық.
1997 жылдың мамыр айы болатын. 1961 жылы туған аңшы ағам Қасқырбай «жүр, жортып қайтайық» деді. Бұл құралай салқыны басталған уақыт болатын. Киік лақтап, теке бөлінген тұс. Бұл кез – қасқырлардың қырық күн азығын елден, қырық күн жерден, қырық күн желден жейтін уақыты. Киік лақтағанда бұлардың етке тəбеті тартпай, желден жейтін уақыты екен ғой. О, Құдірет!
Түнімен тауды басына көшіріп ұлыған қасқырлардың үніне үйреніп алғанбыз. Бестің шайының уақыты. Ағам екеуміз бір-бір кесе қымыз ішіп алып, екі атқа мініп, бір мелкашка, бір 16-шы ұңғылы мылтықпен Ержанның қараадырын бойлап, Қазантау бағытына жүріп кеттік. Ағамның астында бəйгеге қосып жүрген күрең қасқа ат. Содан таудың табанына ілігіп, ағам бір төбеден дүрбі сала бастады. Біршама уақыт маңайды шолып отырып: «Əй, ана екі сайдың аяғы қосылар тұстағы бір түп қарағанның жанында бірдеңе ағараңдайды. Ол жерде құдық немесе тщан (төртбұрышты су толтырып қоятын цемент ыдыс, бұрын қойшылар отырғанда пайдаланған) бар ма еді?» – деп сұрады. Мен жоқ дедім. «Онда жақындап барып тағы көреміз, жүрейік» деді. Менің қолымда 16-шы мылтық. Ұңғысында бір оқ, бесеуі – қалтамда. Екі төбені асып, 600-700 метр жобасында тағы дүрбі салдық əлгі ағарғанға. Ағам талай жыл аң аулаған, кəнігі кәріқұлақ аңшы.
Дүрбіні салды да тез ала қойды көзінен. «Мə, қара!» – деді. Түрі бұзылып кеткен. Мен де көзімді уқалап, əлгі дөңгелек үстелдің бетіндей болып ағарып жатқан жерге дейін дүрбі жібердім. Аяғын созып, сайдың құламасында күнбатысқа қарап дəу қасқыр жатыр. Басында шықылықтап сауысқан жүр. Анық көріп тұрмын. Ағам маған жүре сөйлеп, «тез аттарды қалмақша байла да, соңыма ер» деді. Қалмақша байлау дегенді қайдан білейін, ол қалай деп сұрап ем, ұрса сөйлеп былай деп, екі атты қозғалмастай етіп, өзі айтқандай қалмақша байлап тастады. Содан екінші сайдың саласына түсе бастап едік, ағам «сен осы жерде қал, мылтық пен оқты əкел» десін. Жалғыз ауыз 16-шы мылтық менде деп ем ғой бес оғымен. Қолма-қол мылтықты беріп, қалған оғын қалтамнан алайын десем, əлгінде шоқырақтап желгенде түсіп қалыпты. Сонымен ұңғыға салып қойған жалғыз оғы мен 16-шы мылтықты, қосымша атарға мелкашканы алып, ағам алдындағы сайға түсіп төмен кетті. Əсілінде, ағам мылтықты екі атпайтын. Бұ жолы қос мылтықпен қатар кетті. Осының алдында ағам тақымында мелкашкасы бар даланың жалғыз аяқ қасқа жолымен келе жатып, жолында жақындасып (шағылысып) жатқан жыланды атады ғой аттың үстінен. Су еткен сумақай оқ турап өте шығады да. Содан тағы бір сапарында аң атып, оғы айдалаға кетеді ғой. Қойшы, сол жылан атқаннан кейін əлгі мылтық берендігінен айырылады. Бірде мылтығының тимейтінін дəм үстінде əкеме айтады. Сонда əңгіменің ауанын ұққан анам «мылтығыңды таза, адал, көп жасаған кейуанаға аттатып алу керек. Бұл – ертеден бар ырым» дейді ғой. Соны естіген Қасқырбай осы өңірдегі Молдаш қарттың кемпіріне апарып аттатып, мылтығын «мықтап» келеді. Содан кейінгі қолына ұстап шыққаны осы сапар. Əлі де күмəні сейілмей жүргені ме екен, əйтеуір, екеуімен қатар кетті. Мен қасқыр жатқан екінші сайдың бетіне дүрбі салып отырмын. Желдің бағыты бізге қарсы. Қызығы екі сайдың басы бөлек болғанмен, аяғы қосылады. Сол қосылар тұстың қабағында қасқыр жатыр. Ағам да екінші саймен басқан ізін білдірмей жақындап қалды. Сауысқан шиқылдап ауаға ілініп, қасқырдың үстінде маза таппай тұр. Ол байғұстың да күні жатқан қасқырға қарап тұр ғой. Арланнан қалған ас – соның сыбағасы. Сауысқан үшін көкжалдың амандығы керек. Құдай-ай, қашып кетер ме екен деп демімді ауыр алып, дүрбі салып бар қозғалысты бағып отырмын. Аяқ-қолын еркін жазып жатқан қасқырым бір кезде басын көтеріп, айналасына бір қарап, қайта мойнын созып жатпасы бар ма. Ағам да барынша баяу жылжып, барынша сақ қарап, оқ жетер жерге жақындады. Мен дүрбімен қадалып қалғам. Бар қимыл бағулы. Бөрі қозғалар емес. Жалғыз оққа күмәнданды ма, ол да атпай барынша жақындап келеді. Мен қырдан екеуін анық аңғарам, ал ана екеуі бірін-бірі көріп тұрған жоқ. Екеуінің арасындағы сайдың жотасы бірінен бірін тасалап тұр. Тек сауысқан екеуміз ғана сақ қарап, сабырымыз кетіп тұрған. Ағам ақыры 20 метрдей жерге дейін барып, мылтығын қасқырға қарай кезенді. Қасқыр қозғалыссыз. Сауысқан ескерту жасап, міндетінен құтылып жөніне кеткен. Мылтықтың гүрс еткен дауысы «сай қуалап» кетті. Оқ қайда кеткенін қайдам, мылтық атылғанда мызғып жатқан көкжал орнынан екі метрдей көтеріліп түсіп, сай асып кетті. Мен де дүрбімді салбырата салып, саймен ағама қарай жүгіре жөнелдім. Алқынып жүгіре басып жанына келіп «қасқыр қайда?» дедім. Ағам «қашып кетті» деді. Сосын жымиды да «анау қырға шықшы» деп алдымыздағы бізден 30 метрдей жердегі жетім төбені көрсетті. Нұсқаған жеріне алып-ұшып барсам, есік пен төрдей дəу қасқыр сұлап жатыр. Ағам атқан талай қасқырды көріп жүрмін ғой, бірақ, мынадайын бірінші көруім. Бас дегенің қазандай, тұмсығы ұзын, сирақтары кəдімгі еліктікіндей салалы əрі бақай жағы сілеусіндікіндей жалпақ. Төсі төмен қарай салыңқы да, алдыңғы екі қолдың ортасы жұдырық сиятындай кең. Белі тазы иттікіндей жіңішке де, құйрығы шолақтау. Жоны қара қылшық та, тұтас тұлғасы ақ түбіт.
Түлеген мамыр айы ғой. Жарау. Жылтыр. Жалма-жан жынысына қарасам, сізге өтірік маған шын, қасқырдың құртқасы (ұрғашысы). Ізімді баса артымнан келген ағам да аң-таң. Арлан деп атқан қасқыр ұрғашы болып шықты. Ендігі қызығын қараңыз. Тобылғы гүлдеп болған бұл уақытта барлық құртқа соқыр (қасқырдың көзін ашпаған он күндік бөлтірігі) емізетін кез ғой. Ал мынаның бауыры сорылмаған, емшегі созылмаған. Кеуденің асты тек қара ноқаттар. Ағам басын шайқап, «бұл өңірде қасқырдың мұндай қаншығын көрген, атқан адамды естіген жоқпын, арланнан үлкен мынадай итқұс көрген жоқпын» деп таңдайын тақылдата берді. Алдыңғы төстің тұсынан қара қан ағып жатыр екен. Оқтың орны болса керек. Бас сүйектің сол жақ сыртынан үстіңгі жақтағы азу тіске дейін сыпыра кірген оқ қасқыр сұсын одан сайын суытып жіберген. «Аттарды алып кел» деді. Содан əлгі қасқырды ағам мінген күрең қасқа атқа салмақшы болып едім, ағам «жүйрік жылқының белін алады бұл бəле» деп тақалтпады. Ақыры, қанжыға білмейтін менің қарагер атыма байладық. Әупірімдеп жүріп, құйрығы өзінің артқы жілігіне дейін ғана жететін қасқыр бүктеле байланғанда төрт аяғы жерге жетер-жетпес болды. Мəз болып, іңір түсе ауылға жеттік. Есіктен кіре əкеме қасқыр соққанымызды, қалай алғанымызды айта бастадым. Əкем сыртқа шығып, бөріге көз жүгіртіп, «сойыңдар» деді. Ағам екеуміз əкеміздің бұйрығымен союға кірістік. Жайлаудың басы. Негізінде, осы өңірде менің анамның дəстүрлі ем жасайтын қасиеті бар болатын. Сондай ем-шараға кейде қасқырдың мүшелерін түгендеп сойдыратыны бар. Қасқыр соярда «кеңірдегін, өтін, сарпайын (жатырын) алып қалыңдар» деп тапсыратын. Содан қолма-қол терісін сыпырып, ішін жардық. Сұмдықтың көкесі осы тұста басталды. Қасқа төсті қақ айырып, кеудені аштық. Төстен төмен қарай сырғытып, кəдімгі қазақша қазы тілгендей етіп желін майға жеткізіп, ішін аудардық. О, ғажап! Ішінде артық ештеңе жоқ. Анау өңештен басталған білектей қып-қызыл кеңірдек асқазанға келіп жалғанған да, асқазаннан шығып тік барып сыртқа шығатын тоқ ішек болып тұтасып кеткен. Бұрын сойып жүрген басқа қасқырлардай ішінде иірім-қайырымы көп ащы ішек дейтіндерден түк жоқ. Анау ауыздан басталған жуан оқтаудай ішек асқазан арқылы артына бірақ өткен. Түк түсінсек бұйырмасын. Қан-қан қолды жумастан үйге жүгіре кіріп, əкеме айттым. Ол кісінің де ықыласы ауып ере шықты. Көзімен көріп, басын шайқағаннан басқа ештеңе айтпады. Сосын «бірішек қасқыр деп осыны айтады» деді. Ағам екеуміз əкемізге бір, алдымыздағы олжаға бір қарап, союды одан əрі жалғастырдық. Екі қалақтай екі өкпесі де үлкен екен. Сонымен, ерекше қасқыр сойып жатқанымызды түсініп, əр мүшесіне үлкен мəн беріп жалғастырдық. Əне-міне дегенше күн де батты. Біз де шаруамызды бітірдік. Бірақ бағанағы қасқырдың іш-құрылысы көз алдымнан кетер емес.
Таңертеңгі шай үстінде отырғанда Ұлытаудан жоқ іздеп, Омардың Əлиі келді. Бұл кісі осы өңірге есімі ертеден белгілі кəдімгі сыралғы аңшы. Жалпы Ұлытау төңірегінде Омар қариядан тараған үрім-бұтақ бүгінге дейін аттары аңшылықпен, саятшылықпен шыққан əулет болып саналады. Содан есен-саулық сұрасып болған соң, шай үстінде қарияға кешегі қасқырды қалай атқанымызды, атқа қалай артқанымызды, қалай сойғанымызды, сойғандағы көрген сұмдығымызды айттық. Ақсақал бізді үзбей тыңдап болып:
— Е, қарақтарым, алған қасқырларың бірішек, – деді. – Тыңдаңдар мұқият. Бұндай бірішек қасқыр өте сирек кездеседі. Бұл жұп құрмайды. Қарымайды. Күшіктемейді. Бұл тек қырып-жоюға жаралған. Жегенін тастап, жемтік қылып, қайта айналып жемейді. Ашыққанда олжасына қуып жетіп, жұлқи жеп кете береді.Тістеген жерінен бір асым ет ала кететін сондай қайратты, қаһарлы болады. Бұндай қасқырлар төл ертпеген соң мейірім-қайырымнан ада, саяқ жүріп, салқын жортады. Бірішек қасқырлар бір əуек (бір топ) қасқырдың асыраушысы, көшбасындағы көсемдері болып саналады. Бұлардың асқазаны бір ішектен тұрады. Өңештен өткен асы асқазанда көп аялдамай сыртқа шығар бір ішекпен кетеді екен. Тез тамақтанатын, тез қарны ашатыны, сондықтан. Ал енді ұйықтап жатқан қасқырдың алқымына дейін жақындап барып атуларың – үлкен қателік. Шамаларың келгенше құсты ұшырып, аңды жүгіртіп атыңдар. Ұйқыдағы қасқыр оқ дарығанша өздеріңді мерт қылуы мүмкін, – деді қария.
Сөйтіп, біз сойған бірішек қасқырдың тақырыбы осымен тəмам болды. Енді қараңыз, сол мамырда алған қасқырдан соң біздің өңірде қасқыр көрінбей кетті. Малымызға төл еріп, 1997 жылдан кейін ғана яғни, бірішек қасқыр атылған соң жылқымызға жабағы ере бастады, – деп əңгімесін түйіндеді Бексұлтан.
Дастарқаннан тұрып, сыртқа шықтық. Күн желдетіп тұр екен. Түннің түбіне қарап, мен де ертеңгі қансонарда сондай бірішекке жолығардай сезіммен ішке ендім.
Төлеген ЖАМАНОВ.
ҰЛЫТАУ,
Омар қыстағы.
Қаңтар, 2020 жыл.