Тұлғаға – ұрпақ құрметі

Ел аумағында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында көз қуанып, көңіл тояттайтындай іргелі істер ілкімді түрде атқарылу үстінде. Жуырда ғана өткен Ұлытау ауданының Қарақұм өңірінде ғұмыр кешкен қайраткер тұлға, есімі ел жадында жатталып қалған Үңгітбай ШОРАҒАЙТЕГІНІҢ аты берілген көшенің салтанатты ашылу рәсімі осы тұжырымның жарқын бір айғағы десек, артық айтқандық емес. Ілкімді іс-шараның ұйымдастырылуына асылтекті азаматтың ұрпақтары тікелей ұйытқы болды.

 

Заманында ұлтжанды ұстанымымен, елдік мұратты меже тұту қасиетімен дараланып, өз төңірегіне аса танымал болған Үңгітбай Бейсенұлы 1982 жылы Торғай уезі, Қайдауыл болысына қарасты Арақарағай жерінде дүниеге келген. Бозбала шағынан мұсылмандық жолды берік ұстанған. Осындай ерекшелігі үшін көпшілік оны «Пірәдар» деп атайтын болған.

Торғай даласында туған азаматтың бүкіл өмірі Ұлытау өңірінде өтіпті. Себебі, 1884 жылы торғайлық елу шаңырақ Ұлытау тауының оңтүстік-шығысын бойлай ағатын Бұланты өзені бойындағы Ақши деген жерге қоныс аударған екен.

Үңгітбай діндарлығымен қатар, асқан қолөнер шебері ретінде ел арасында ерте таныла бастайды. Ағаштан өрнек ойып, темірден түйін түйетін оның қолымен жасалған кез келген зат бағалы мүлікке айналып отырған. Көшпенді ауылдың күнделікті тұрмысына қажетті құрал-жабдықтарды ол көп қиналмай-ақ дайындауға машықтанған. Киіз үйдің шаңырақ, бақан, кереге, уық, адалбақан, есік секілді негізгі сүйектерін, кебеже, сандық,- бесіктәрізді бұйымдарды, астау, шара, табақ, ожау, тостақ сияқты ыдыс-аяқ түрлерін көрген адам тамсанып, таңдай қағардай тартымды етіп жасай білген. Малдың терісі мен тарамысынан жүген, ноқта, шылбыр, өмілдірік, құйысқан, қамшы сынды ат әбзелдерін өрумен қатар, тон, шалбар, кебіс, мәсі, саптама етік тіге білген. Ол кісінің тастан қашап, қайрақ, шарық, ұн тартатын диірмен жасағаны да ел аузында аңыз болып айтылып келеді.

Еңбекқор Үңгітбай 25 жасынан бастап, мұрап атанып үлгерген. Ақши жерін тары егістігіне айналдырады. Бұланты өзеніне шығыр орнатып, жерді кетпенмен қазып, тұқымды қолмен себеді. Осылайша, халықты астықпен қамтамасыз етеді. Оның Кеңес Үкіметі билік құрған кезеңдегі еңбегі де ересен. Соның арқасында қазақ даласын алапат ашаршылық жайлағанда қалың елді аштық құрсауынан құтқарып қалған.

Ел аузында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан әңгіме желісі мен тарихи құжаттар осыны айғақтайды…

Қолөнер шебері һәм мұрап атындағы көшенің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек, аудандық мәслихаттың депутаттары Жарқынбек Бөлендин мен Ахат Құрмансейітов қатысты.

Рәсімді кіріспе сөзбен ашқан Қоскөл ауылдық округінің әкімі Қалдыбек Кәкімжанов ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ауылда атқарылған істерге қысқаша шолу жасап, белгілі мұрап атындағы көшенің ашылуы солардың ішіндегі ең сүбелісі екенін ерекше атап өтті.

Аудан әкімі Советбек Медебаевтың ыстық ықыласы мен құттықтауын жеткізген аудан басшысының орынбасары Алмаз Қайырбекұлы реңі бөлек рәсімге алыс-жақыннан жиналған қалың елді қуанышты оқиғамен ақжарыла құттықтады. Ауылдың татымды тірлігіне ризашылығын бүкпесіз білдіріп, тұрғындарға кемел келешек тіледі.

Құттықтаулар легін содан кейін ауыл ақсақалы Сапар Қайратов пен аудандық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Бөлендин ұтымды жалғастырып, көңіл төріндегі көрікті ойларымен бөлісті.

Жергілікті ақын Жұмағали Кенжалиннің арнау жыры салтанатты сәттің рухын асқақтата түсті.

Келісті үлгіде орнатылып, көше атауы жазылған еңселі белгі-нысанның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек пен ауылдың батагөй қариясы Сапар Қайратов түсірді.

Салтанатты рәсім белгі-нысан іргесіне тал көшеттерін егумен түйінделді.

Жиыннан соң арнайы ас беріліп, Үңгітбай Бейсенұлының рухына дұға бағышталды. Ас беру кезінде сөз тізгінін алған қолөнерші-мұраптың баласы, ҰлытауЖезқазған өңірінің қадірменді қариясы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Қадыр қажы Үңгітбайұлы төгілте сөйлеп, алтын уақыттарын бөліп, алшақ жерлерден атбасын бұрып келген жұртшылыққа риясыз алғысын білдірді.

 Өз тілшімізден.