Атадан қалған асыл мұра

Кебеженің тарихы кейінгі ұрпақтары бет-бейнесін де көре алмаған атамыз Жанбосынға деген ерекше сезімді қозғайтын жағдай. Жанбосын атамыз 1911 жылы дүниеге келген, жастайынан еңбекқор, қолына түскен кез-келген дүниені ұқсата алатын шебер болған екен. Ол кезеңдерде ағайын-туыс сыртқа ұзап кетпей, бірқауым ел болып отыратын уақыт қой.

Жанбосын атамыз Жылкелді елінің ел ағасы Өтеубайдың қол астында жұмыс істеген. Сол кісінің туысқандық қамқорлығымен түтін түтетіп, жеке отау тіккен. Әжеміздің есімі Рәзия, қашаннан іргеміз ажырамаған Тілес елінің қызы. Әжеміз Р.Рысбайқызы інісі Асқармен әкеден жастай жетім қалған. Ел ағасы екі жетім баланы қосып, бастарына үй, азынаулақ мал беріп ел қатарына қосыпты. Атамыздың бес перзенті болыпты, үшеуі жастай шетінеп, екі ұлы аман қалған. Қазір Жанбосынов болып жазылып жүрген төрт буын ұрпақ Өмірзақ, Өмірбек әкелеріміздің үрім-бұтағы. Рәзия әжеміз Өмірбектің қолында болды, сондықтан сол босағаны қарашаңырақ дейміз.

Атамыздың көзін көрген жоқпыз. Елдің айтуы бойынша Жанбосын атамыз шаруақор, іскер, он саусағынан өнер тамған шебер болған екен. Атамыз жайлы әжемнің азды-көпті әңгімелері есімде. Қолөнер шеберлігімен қатар аңшылықты кәсіп етіпті. 1925- 30 жылдары Қарсақбай өндірісінің іргесі қаланып, бүкіл кеңестер еліне атағы жайылған кез. Қарсақбай ревкомы, большевик П.И. Холмецкийді бәріміз білеміз ғой. Жанбосын атам сол кісімен жақын араласқан екен. Әжем айтып отыратын «Холмецкий әкеңмен тамыр болған» деп. Бір сиырға айырбастап алған қосауыз мылтығы әлі бар. 1932-33 ж.ж. ұлы нәубет – ашаршылықта аң аулап, құс атып, балық аулап бір ауылды түбімен қырылып кетуден сақтап қалған екен. Елге бір барғанда Түсіпәлі Аймағанбетов әкемізбен кездесіп қалдым. Жездідегі марганец кенішінің алғашқы құрылысшыларының бірі. «Сенің әкең Өмірзаққа бала күнімізде қатты қызығатынбыз. Әкесі Жанбосын ыңғайлы, жеңіл шана жасап беретін. Әлгі шанамен құйғытып сырғанауға құмар едік» деп еді Түсіпәлі әкей. Ашаршылықтан соң ел жаппай егін салумен айналысты. Өзеннен арықтарға су көтеру үшін Жанбосын атам шығыр жасапты. Асау, шығырға жегіліп көрмеген өгіздер шығырдың дөңгелегін айналдыруға көнбейді екен. Атам бұл қиындықтан жол тауып, өгіздердің көзін байлап жеккен екен. Жанбосын атамыздың қолтума дүниелері көп болған, бірқатары ел ішінде сақталған да шығар.

Жанбосын Текқұлұлы 1942 ж. күзге қарай әскерге алынады. Алғы шепке майданға кіріп, талай уақыт хабарсыз кеткендер тізімінде болды. «ОБД. Мемориал» сайты арқылы дерегін білдік. 1943 ж. 26 наурызда Смоленск облысы, Дедово деревнясында қаза тапқан екен. Атам әскерге кеткенде менің әкем Өмірзақ 12 жаста болған. 1956 ж. әкеміз Үрлі Рақымбекқызымен бас қосып, екеуі де білім беру саласында жемісті еңбек етті. Нағашы атам Рақымбек Бекеманов та Жанбосын атаммен қатар майданға алынып, 1945 ж. қаза табады. Әке-шешеміз отау құрған соң, 1962 жылы енші алып, бөлек шыққанда атамның сүйектелген кебежесі шешейге еншіленген. Содан бері Үрлі анамыз қадірлеп ұстап, біздің шаңырақтың қадірлі мүлкі болды. Мұндай ерекше этнографиялық бұйым музейде тұруға тиіс және ұрпақтың рухани игілігіне қызмет етуі керек деп ойлаймын. Қолы мызда атамыздың суреті де жоқ. Сондықтан осы жазбаға Жанбосын Текқұлұлының соңында қалған екі әкемнің суретін қосып отырмын.

 Шахмардан ЖАНБОСЫНОВ,

Жанбосын шебердің немересі.