Түпкі меже – халық денсаулығын жақсарту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы қарапайым халықтың әл-ауқатын, денсаулығын жақсартуға негізделген. Жолдауда вакцинаның көмегімен талай қауіпті індеттерге тосқауыл қойылғанын еске сала отырып, еліміздегі вакцина мәселесіне жоғары жауапкершілікпен қарап, жүйелі түрде вакцина қорларын көбейтіп тұруға тапсырма берілді. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында медициналық қызмет көрсету саласына бірқатар міндеттер жүктелді. Аталған тапсырмалардың Ұлытау өңірінде жүзеге асырылуы жайында аудандық орталық аурухананың директоры Жұмаш БАЙМҰРАТОВПЕН сұхбаттасқан едік…
– Жұмаш Сабырұлы, коронавирус инфекциясымен күрестің тиімді жолы – вакцина деп жатырмыз. Ал, ауданда осы уақытқа дейін қанша адам вакцина алды? Сонымен қатар, Жолдау талаптарынан туындайтын міндеттер аясында жасалынып жатқан қадамдар жайлы мәлімет бере кетсеңіз…
– Аудан орталығында вакциналау сәуір айында басталды. Осы уақытқа дейін алғашқы компонентті 2 мың 838, жалпы екі компонентті 2 мың 76 адам алды. Басында вакцина алуға келгендер саны аз болса, кейінгі айларда күрт өсті. Аудан бойынша қауіпті індеттің алдын алу үшін 3 мобильді топ құрылып, бүгінгі таңда өз жұмыстарын тиянақты атқаруда. Оларға қосымша жалақы жұмыс жасаған уақыттарына сәйкес, арнайы табельге енгізіліп, ай сайын облыстық комиссияға бекітуге жіберіліп отыр. Қаржы республикалық бюджеттен уақытылы бөлініп, мамандарға берілуде. Кейінгі кезде коронавирус індетіне қарсы екпе алу жұмыстары күнделікті демалыссыз жүргізіліп жатыр. Елді мекендерге жылжымалы медициналық кешендер жасақталып, екпе салу жұмыстарын жалғастыруда. Өткен аптада Борсеңгір және Сарысу ауылдық округтері қамтылды. Вакцинация жүргізіліп жатқан күндері ауыр жағдай тіркелген жоқ. Ауданда қазір вакцинаның бірінші және екінші компоненттері жеткілікті. Вакцина қоры бар және оны толықтырып отырамыз.
– Ең бастысы, халықтың денсаулығын жақсарту ғой. Осы тұрғыдан алғанда, аудандық медицинаның жайы қалай?
– Жалпы, ауданымызда 2 станционар бар. Біреуі – аудан орталығында, екіншісі Жездіде. 6 ОДА (Ұлытау, Қарсақбай, Жезді, Қаракеңгір, Егінді, Жетіқоңыр), 8 ФАП (Терісаққан, Шеңбер, Алғабас, Байқоңыр, Аралтөбе, Қарақұм, Аманкелді, Сарысу). Ал, медициналық пункттер саны 6. (Айыртау, Боздақ, Ақтас, Талдысай, Қоскөл, Пионер). Барлық елді мекендердегі пункттер талапқа сай жабдықталған.
Аудандағы емхана, аурухана да заманауи медициналық қондырғылармен қамтамасыз етілген. Бізде 2 ЭКГ аппараты, 1 тәулік мониторингі, 5 ультафиолет термометрі, 1 рентген аппараты тағы басқа қондырғылар бар. Оттегі аппараттары да жеткілікті. Жалпы, аудан бойынша 2 әлеуметтік дәріхана уақытылы жұмыс істеп тұр. Оның сыртында кент, ауылдық округтерге әлеуметтік дәріхана көлігі ұдайы қызмет көрсетіп келеді. Мұнымен қоса, тегін берілетін дәрі-дәрмектер диспансерлік есепте тұрған науқастарға бекітілген кестеге сәйкес үлестіріліп отыр. Оның ішінде АГ, СД, ИБС, глоукома, ЖДА, эпилепсия, гипотериоз, қант диабеті, паркинсон ауруы, психиатриялық және онкологиялық ауруларға қажетті дәрі-дәрмектер кешіктірілмей беріліп отырады. Бұдан бөлек, есепте тұрған созылмалы ауруы бар немесе басқа да ауру түрлерімен сырқаттанатын науқастар үшін диспансерлік кабинет жұмыс атқарады. Бұл кабинетте дәрі-дәрмектерімен толықтай қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, аудан бойынша 2018-2019 жылы ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Бір өкініштісі, 2020 жылы бір бала өлімі тіркелді.
Жалпы айтқанда, аудандық медицина саласында 191 адам қызмет атқарады. Оның 19-ы жоғары білімді дәрігерлер. Орта медицина қызметкерлері 97, кіші буын мамандары 18. Бүгінгі таңда ортамыз жас мамандармен толықты. 2018-2020 жылдары аралығында біздің салаға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 7 маман келді. Әрқайсысына жеке-жеке қолдау көрсеттік. Жас маман педиатор-дәрігер Маржан Досымхановаға тұрғын үй сатып алу үшін 4 млн. 375 мың 500 теңге көлемінде бюджеттен несие беріліп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылы біздің мекемеге 5 «УАЗ» автокөлігі, 2020 жылы 2 «УАЗ» автокөлігі, 1 «НИВА» берілді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған денсаулық саласына көмек деп есептейміз.
– Жақсы болған екен. Осы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Бұған да тоқтала кетсеңіз?
– Алдағы жылы Қаракеңгір, Жетіқоңыр, Терісаққан, Байқоңыр, Қарақұм елді мекендеріне жаңадан ФАП салынады. Ұлытау ауылына емхана ғимаратын салу да жоспарда бар. Жезді кентіндегі аурухана күрделі жөндеуден өтпекші. Бұл құрылыс жұмыстарына бүгінгі күні республикалық, облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып қойылды.
– Иә, жағымды жаңалықтарыңыз көп екен. Мұны өз аузыңыздан естіп көңіліміз марқайып қалды. Енді мынаны айтыңызшы медицина мамандарының біліктілігін арттыру жұмыстары қай деңгейде?
– Біздің мамандар былтырғы жылы «Невропотологияның өзекті мәселері», «Педиатрия», «Хирургияның өзекті мәселелері», «Денсаулық сақтаудағы заманауи көшбасшылық және менеджмент», «Өзекті медициналық қызметтердің сапасын басқару» тақырыптарында біліктіктерін арттырды.
Негізінде медицина қызметкерлері – жоғары оқу орындарына, медициналық білім беру орталықтарына 5 жыл сайын біліктілігін арттыру үшін курстарға жіберіліп отырады. Бұл курстардан өту ақылары ынталандыру қоры арқылы төленеді.
– Жұмаш Сабырұлы, қазіргі кезде емханалар мен ауруханаларда медициналық құжаттар қағазсыз, толықтай цифрлық нұсқада жүргізіліп жатыр. Ал, сіздерде ше?
– Аудан бойынша дәрігерлер мен медбикелер жұмысы, барлық медициналық құжаттар цифрлық жүйеге көшкен. Қазір дәрігерлерге алдын ала жазылу 100 пайызға орындалып келеді. Шұғыл жағдайлар үшін барлық уақытта кезекші дәрігерлер қабылдайды. Емделуші туралы барлық мәліметтер ақпараттық жүйеге орналастырылған. Барлық дәрігерлер мен медбикелер жүйенің қыр-сырын үйренді. Компьютерлік тұрғыда сауатты.
– Әңгіме түйінделер тұста, тоқсан ауыз сөздің түйінін өзіңіз айтыңыз…
– Біз әр уақытта халықтың денсаулығын қорғауға, өмір сүру ұзақтығын арттыруға медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын көтеруге қолдау көрсетеміз. Бүгінде Жолдауда көрсетілген міндеттерді сәтті жүзеге асыру үшін алдымызға мақсат қойып отырмыз. Қазіргі уақытта тапсырмаларды орындауға жұмыс жасап жатырмыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Қайрат ЖҰМАБАЙ.