Қарағанды медицина университетінің мамандары тәжірибелік буындағы әріптестерін оқытуда

Елімізде коронавирустық инфекция бойынша күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қыркүйектен қарашаға дейін Қарағанды медицина университетінің резидентура және кәсіби даму мектебі республиканың түрлі өңірлеріндегі медицина қызметкерлері қатарынан 4 060 тыңдаушыны оқытып шығарды. Оның ішінде 3 481 адам — Қарағанды облысының медициналық ұйымдарының қызметкерлері.

ЖОО профессорларының Covid-19 мәселелері бойынша көшпелі жұмысы Қостанай, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында жүргізілді. Профессор-оқытушылар құрамының өкілдері Қарағанды облысының Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Приозерск, Теміртау және басқа да қалаларында болды. Сондай-ақ ауылдық жерлерде оқыту жүргізді.

Дәрігерлерді оқыту мультидисциплинарлық командада жүргізіледі, оның дәрігерлері әртүрлі жастағы пациенттерді, оның ішінде балалар мен жүкті әйелдерді коронавирустық инфекция кезінде диагностикалау, емдеу, оңалту мәселелерін қарайды. Қант диабеті, артериялдық гипертония, бронх демікпесі және басқа да қатар жүретін аурулары бар науқастарды емдеуге ерекше көңіл бөлінеді.

Қостанай облысында Қарағанды медицина университетінің реанимация, қарқынды терапия кафедрасының меңгерушісі, профессор Дмитрий Васильев жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының профессорлары Антонина Ким және Хатуна Девдарианимен бірге оқыту жұмысын жүргізді. Профессорлар жергілікті дәрігерлерге тек коронавирустық инфекция бойынша ғана емес, сонымен қатар ақпараттық жүйелердегі медициналық құжаттарды толтыру бойынша да кеңес берді.

Маңғыстау облысындағы оқыту сабақтары COVID-19 диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасын талдауға арналды. Жоғары оқу орны мамандарының командасын: ҚМУ жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Ержан Жүнісов, жоғары санатты балалар инфекционист дәрігері Гүлшарбат Алшынбекова және РhD докторы, жоғары санатты анестезиолог-реаниматолог дәрігер Мирас Мұғалов таныстырды.

Тыңдаушылар қатарында стационарлар мен емханалардың қызметкерлері бар. Бұл әртүрлі мамандықтағы дәрігерлер: жалпы тәжірибе дәрігерлері, инфекционистер, терапевттер, кардиологтар, акушер-гинекологтар, реаниматологтар, жедел жәрдем дәрігерлері, сондай-ақ фельдшерлер, орта медперсонал. Барлық мәселелер КВИ диагностикасы мен емдеудің қолданыстағы хаттамасы негізінде талқыланды.

Сонымен қатар, профессорлар көшпелі жұмыс барысында стационарларда науқастарға кеңес береді.

 Ақтау және Жаңаөзен қалаларында біз балалар стационарының, реанимация бөлімшесінің пациенттеріне кеңес бердік, — дейді Гүлшарбат Алшынбекова. — Сондай-ақ, инфекциялық стационарды аймақтарға бөлу, емханадағы сүзгіні тексеру жүргізілді. Біздің көмегіміз әріптестерімізге пайдалы болды деп ойлаймын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.