Ажары кірген Алғабас
Бұдан 15-20 жыл бұрын ауылдың көрінісі көңілге қаяу түсіретін. Жайсыз жол, қараңғы көше, құлағалы тұрған үйлер қаладан келген қонақтардың көзіне жадағай болып көрінетін. Жұмысы жоқ жерде ешкімнің де қалғысы келмей, жастар кетіп қалды. Мал ұстағанымен оның да құны арзанға бағаланатын. Ал қазір ше? Ауылдың ажары кіріп, қоныстанушылар көбейді. Керісінше, қаладан көшіп келушілер де бар. Өйткені табыстың көкесі – ауылда.
АУҚАТТЫ ТҰРМЫСТЫҢ АРНАСЫ
Сондай шалғай ауылдардың бірі – Алғабас ауылдық округі. Аудан орталығынан 90 шақырымдай жерде орналасқан. Ешқандай жолмен байланыспайтын, өндірісі де жоқ бір бүйірде жатқан ауыл. Бірақ тұрғындардың тұрмысы қаладағылардан төмен емес. Бәрі бірдей емес, әрине. Бірақ, көбінің қалтасынан ақша үзілмейді. Себебі оның бәрі малдың арқасы. Төрт түліктің төлін көбейтіп, жылдық табысын содан еселеп отырған ауылда мал ұстамайтын адам жоқ. Даладағы жылқы малын айтпағанда, қой мен сиырдың өнімі қазір бір отбасын асырауға еркін жететіні анық. Өйткені, бүгінде кез келген мал құнын түсірмей тұр. Экологиясы таза жердің жусанына жайылған семіз әрі дәмді малының етіне тапсырыс берушілер көп. Оның үстіне соғым науқаны жақындап келе жатқан сайын ауыл тұрғындары пұлды малдарын ыңғайлап, табысын таразы басынан санап алуға дайындалып отыр. Қысқасы, алдарындағы малының арқасында балаларын жоғары оқу орнына оқытып, қаладан үй алып беруді әдетке айналдырған ауылдың көштен қалып жатқаны байқалмайды…
Біз бұл жерде біреудің қалтасындағы ақшасын санайын деп отырғанымыз жоқ. Айтпағымыз, ауылдағы ағайындардың да тұрмысы түзеліп, қалалықтармен иық тірестіре алатын деңгейге жеткені. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында да ауылдың ахуалын көтеру, ауыл тұрғындарының жағдайы қалалықтардын кем болмауын қадап айтты емес пе. «Өңірлік саясатта әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайтуға айрықша мән беру керек. Әр аймаққа тән міндеттерді жалпыұлттық басымдықтармен дұрыс ұштастыра білу қажет. Ұлттық даму жоспары аясында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Жұмысымыздың басым бағыттары – осы. Сондықтан, Үкімет пен әкімдер Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңартуы қажет» деп нақтылы тапсырма да берді Президент.
ЕЛДІҢ ТІРЛІГІ – АТА КӘСІП пен ШАҒЫН БИЗНЕС
Сөзіміздің басында айтып өткеніміздей, Алғабас ауылы өндірістен шалғай, күрежолдардан да бұрыс жатқан ауыл. Негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы. Жер көлемі – 490760 гектар. Оның 445700 гектары ауылшаруашылық бағытында. Егістігі – 630 гектар, шабын дығы – 1550 гектар, жайылымы – 42138 гектар. Округте бүгінгі күні 49 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың барлығы мал шаруашылығымен айналысады.
Ауыл әкімі Әшімбек Мұқышевтың айтуынша, алдағы қысқа округ бойынша 3302 бас жылқы, 2460 бас мүйізді ірі қара, 6750 бас қой-ешкі, 650 бас құс түседі деп жоспарланып отыр. Осы малды қатал қыстан аман алып шығу үшін 2045 тонна шөп бастыру жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жоспар 85 пайызға орындалып тұр. «Меже қазан айының 10-на дейін толықтай орындалады», дейді округ әкімі.
Өзге ауылдарға қарағанда Алғабаста шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді. Бүгінгі күні ауыл тұрғындары ата кәсіппен қоса өзге де шағын бизнеске бейімделе бастаған. Сондай-ақ жер тырнап, егін егуді де кәсібіне айналдырған жандар баршылық. Атап айтқанда, Д.Бұралхин мен А.Кұлмағанбетов жеке кәсіпкерлігі 2 гектар алқапқа картоп егіп, 10 тонна өнім алуды жоспарлауда.
– Ауылымызда шағын және орта бизнеске бет бұрғандар да аз емес. Мәселен О.Мамкенованың «Сәулет» және С.Әлиаскаровтың «Феруза» деп аталатын шағын азық-түлік дүкендері, Б.Қуандықовтың «Жанарыс» наубайханасы, М.Сәдуақасованың «Әсемай» тігін ательесі осының айқын айғағы, – дейді Әшімбек Нұрланұлы бізбен әңгімесінде.
Ауыл әкімнің айтуынша, дүкендерде азық-түлік қоры жеткілікті, наубайханада күніне 12 бөлке нан пісіріледі екен. Сұраныс көбейген уақытта 30 бөлкеге дейін дайындалады. Тігін ательесінде ауыл тұрғандарының сұранысына байланысты киімдер, әртүрлі бұйымдар тігіледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында, «Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек. Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн», деп айрықша атап көрсетті ғой.
Осы бағытта нақтылы жұмыстар қолға алынса ауылда ата кәсіп те, бизнестің өзге түрлері де қарыштап дамыр еді. Қазір ел жан-жақты болуға бейім. Тек соның қозғаушы тетігі болса болғаны, – дейді Әшімбек Мұқышев.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ
Ауылда ауыл шаруашылығы ғана емес, әлеуметтік салада да ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе халықтың тұрмысын жақсартуға қажетті заманауи үрдістер ауыл өмірінен ойып тұрып орын алған. Тұрғындар үшін телефон байланысы, спутниктік интернет желісі тұрақты жұмыс істеп тұр. Жалпы әлеуметтің әлеуетін көтеруде ауылда ауқымды жұмыстар қолға алыныпты.
– «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан, қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі», деп атап көрсетті ғой Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында. Бұл бағытта біздің округте де нақтылы жұмыстар бар. Атап айтар болсам, ауылдық округтен 2 көпбалалы отбасы атаулы әлеуметтік көмек алу талаптарына сай келеді. Оларға ай сайын атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, отбасыларға арнайы азық-түлік жиынтығы салынған себеттер беріледі, – дейді ауыл әкімі.
Тек әлеуметтік қолдау ғана емес, тұрғындардың рухани өрісін кеңейту бағытында да айтарлықтай жұмыстар бар екен. Оның бәрін округ әкімі жіпке тізгендей етіп айтып шықты. Бүгінгі күні ауылда 2 кітапхана жұмыс істейді. Оның бірі модульдік типтегі ауылдық кітапхана болса, екіншісі мектеп кітапханасы. Сондай-ақ, құрамында 18 адамы бар көркемөнерпаздар үйірмесі мен балалардың «Айгөлек» ән-би ансамблінің басын қосқан ауыл клубы тұрғындардың жиі жиналып, рухани демалатын орнына айналған.
– Соңғы екі жылдан бері елдің есін алған коронавирус инфекциясы біздің Алғабас ауылын да айналып өтпеді. Ана бір күнгі аласапыран соның салдары. Ауылымыздың біраз тұрғындары осы бір қауіпті кеселді жұқтырып, карантинге жабылып қалғанымыз белгілі. Қазір, шүкір, ауылдың жағдайы жақсы. Адамдарымыз сырқаттан толық айығып шықты. Қазір тұрғындар сақтық шараларын, шектеу талаптарын мүлтіксіз орындап жүр. Бұған ауылымыздағы фельдшерлік-акушерлік пункттің ақ желеңді мамандары бақылау жасауда. Алғабас ауылында коронавирустың таралуының алдын алу жөніндегі шаралар қатаң түрде жүргізіліп жатыр, – дейді Әшімбек Мұқышев. Орайы келгенде айта кетейік бүгінгі күні ауылдағы ФАП-та 303 адам тіркеуде тұр.
Оның 64-і 14 жасқа дейінгі балалар, 19-ы жасөспірімдер және 22-сі 65 жастан жоғары адамдар.
Округ әкімі әңгіме барысында ауылдағы білім беру саласы жайлы да қысқаша баяндап өтті. №14 Алғабас орта мектебінде биыл 68 оқушы білім алуда. Оның 63-і 1 мен 11-сынап оқушылары. Ал, 5 оқушы даярлық сыныбында. Мектепке 26 мұғалім, 23 жұмыскер қызмет атқаруда. –
Оқушыларымыз өткен оқу жылын 73,44 процент үлгеріммен қорытындылады. Мектепте 10 кабинет жұмыс істейді. Оның ішінде информатика, география, тарих және технология (ұлдар мен қыздар) кабинеттері соңғы үлгіде жабдықталған. Талапқа сай жабдықталған екі бөлмелі медициналық кабинет те бар. Сондай-ақ, мектеп жанында «Балбөбек» шағын орталығы жұмыс істейді. Онда 12 бала қамтылған, – дейді ауыл әкімі әңгімесін түйіндей келіп.
ТҮЙІН
Ажары кірген Алғабас ауылының қазіргі тыныс-тіршілігін қысқаша сипаттар болсақ осындай. Мұның бәріне ауыл тұрғындары маңдай тер, адал еңбекпен жетіп отыр.
Айтпақшы, ауыл әкімі Әшімбек Мұқышевтың бұл қызметке кіріскеніне де көп бола қойған жоқ. Кешегі ауыл әкімдерін сайлау кезінде ауыл тұрғындарының көп дауысын алып, осы қызметке келген еді. Алға қойған мақсаты аз емес. Соның ең бастысы – су мұнарасын автоматтандыру мен ауыл көшелеріндегі жолдарды қалыпқа келтіріп, суағарлар салмақ. Ал тұрғындардың демалысы үшін саябақ салып, балалардың ойын алаңдарын жаңғырту да округ әкімінің ойындағы жұмыс. Шаруа қожалығы мен шағын және орта бизнесті дамыту, оны жасарту да Әшімбек Нұрланұлының алдына қойған басты мақсаттарының бірі. Оны әрине, ол ауыл тұрғындарымен кеңесе отырып жүзеге асырмақ.