Тарихи құжат – қамқорлыққа толы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік кепілі» атты Жолдауын БАҚ беттерінен оқып, мұқият таныстым. Бұл тарихи маңызды құжат алдағы желтоқсан айының 16-жұлдызында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесін атап өткелі отырған Қазақ елінің одан әрі дамуына бағыт-бағдар беретін оралымды ойларға толы екен.

Ел Президенті өз Жолдауында Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктіріп отырған пандемия кезіндегі еліміздің экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан даму жолдарын нақтылап берген. Даму жолында жүзеге асырылатын ауқымды жұмыстардың қатарында, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесі де бар. Ел Президенті Қазақстандағы медицина саласын дамытудың бірқатар жолдарын атап көрсеткен. «Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстанның коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел Президенті медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханаларымыз халықаралық стандартқа сай еместігін, пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатқанын, балаларға стандартты екпелер салынбай жүргенін айрықша атады. Жолдауда инфрақұрылымға мамандар даярлауға, халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге медицина саласына қомақты қаржы құюды тапсырды. Мемлекет басшысының биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік кепілі» атты Қазақстан халқына Жолдауын, ауданымыздың медицина қызметкерлері бірауыздан қолдайтынына сенімдімін!

Ұлмекен ХАСЕНҚЫЗЫ,

отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері.

Қарсақбай кенті.