Сәтбаев қаласының ардагерлер хоры облыстық шығармашылық байқаудың бас жүлдесін иеленді

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аға ұрпаққа арналған «Өнерім – өмірім» облыстық шығармашылық байқауы өтті. Оған облыстың қалалары мен аудандарынан 180 еңбек ардагері қатысты. Бас жүлдені Сәтбаев қаласынан келген «Ақ әжелер» хоры жеңіп алды.

– Біз үшінші жыл қатарынан қарттарға арналған «Өнерім – өмірім» байқауын өткізіп келеміз. Бұл дәстүрге айналды. Оның негізгі мақсаты – біздің аймақтың талантты ата-әжелерін рухани қолдау, олардың өнерін, соның ішінде ән мен қолөнерді насихаттау, ұмытылған қолөнер мен әндерді жандандыру. Жыл сайын өңірлер мен қатысушылар саны артып келеді, – деп атап өтті Кеншілер мәдениет сарайының мәдени-ойын-сауық бөлімінің басшысы Самал Истаева.

Байқау үш жанрда өтті – жеке орындау, хор ұжымдары мен ансамбльдері, қолданбалы өнер.

«Хор және ансамбль» номинациясында бірінші орынды Қарағандының «Шахтерский» халық хоры иеленді. Екіншісі – «Русские самоцветы» орыс халық әндерінің хоры (Қарағанды). Үшінші орын Жаңаарқа ауданынан Секер Рахметова мен Бақытгүл Жаркенованың дуэтіне тиесілі болды.

«Жеке ән айту» байқауында бірінші орынды теміртаулық Роза Хамидулина иеленді. Екіншісі – қарағандылық Бақытжан Берікбаевқа берілді. Үшінші орынды Шет ауданынан келген Амантай Рашидов иеленді.

«Қолөнер» номинациясында Ұлытау ауданынан Күнсұлу Серікбаева бірінші орын алды. Екінші орынды Қарағандыдан Ирина Буянова алды. Үшіншісі Шет ауданынан келген Марат Баймұхановқа берілді.

Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен, барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.