«Бәйкүрең» қонысы
Терісаққан өзенінің батыс жағында «Қатпа» деген шырайлы жер бар. Айнала қоршаған адырлардың бөктерінен күміссулы мөлдір бұлақтар қыста да қатпай ағып жатады. Бұл жердің солтүстік жағы жиырма шақырымдай жазық болып келеді. Жазықтықтың шеті Терісаққан өзеніне келіп тіреледі. Бір кезде бұл аумаққа Шеңбер кеңшары егін салып, мол өнім алатын. Осы Қатпа адырлары арасында бір адырдың етегінде егіз бұлақ аққан «Бәйкүрең» деп аталатын қоныс бар. Бұл жерде кеңшар кезінде бір отар қой қыстайтын. Көпті көрген қариялардың айтуынша, бұл жердің алғашқы атауы «Жылыкөң» екен. Кейін аты үш жүзге танымал Бәйгекүрең тұлпарға байланысты «Бәйгекүрең» деп аталынып кеткен. Бұл атау уақыт өте келе «Бәйкүрең» болып кетіпті.
Осы өңірді біздің Биғаш атамыз мекен етіпті. Күрең тұлпарға жердің аты қалай берілгені жөнінде төмендегідей деректер бар.
Бәйгекүрең осы жерді қоныс еткен Арыстанбектің баласы Айтуар деген кісінің аты екен. Бұл ат үш үлкен аста, бір тойда бәйгенің алдымен келіп дүйім елді сүйсіндіріпті. Бір жылы Қарауылда Әбілқасым есімді бай әкесі Жарылқасынның рухына ас беретін болып, үш жүзге сауын айтады. Бұл асқа күрең атын жаратып, баласы Марғұланды мінгізіп, Айтуар да барады.
Бәйгеге 150 ат қосылып, алпыс шақырым жерден жіберіліпті. Айтуардың Бәйгекүреңі басқа аттардан қарасын үзіп, қарақшыдан жалғыз өтеді. Арттағы аттардың қарасы біраз уақыттан кейін көрініпті.
Ас иесі Әбілқасым елді жинап, аттардың бәйгесін таратады. «Бас бәйге Арғанаты өңіріндегі Терісаққаннан келген Арыстанбектің Айтуарының Бәйгекүреңіне беріледі» дейді хабарлап тұрған кісі. Ешкім оған қарсылық білдіре алмайды.
Ортаға ат иесі Айтуар шығып: «Уа, халайық, асқа жиналған ардақты ағайын, әр елден келген құрметті ел ағалары! Менің әкем Арыстанбек мынау ас беріліп жатқан марқұм, жанын Алла жәннатта еткей Жарылқасынмен дос, тіпті, бауыр болып кеткен еді. Бір жылы бұл кісі, бір жылы менің әкем келіп, уақытты суытпай араласып тұрған едік. Менің әкем бұл кісіден екі жыл бұрын қайтыс болып, қатынасымыз сиреп кетіп еді. Мен осы бәйгені Жарылқасын әкейдің аруағына байлаймын», – десе керек. Отырған ел орнынан өре тұрып: «Азаматсың! Азаматсың!» деп шу ете қалады. Әр тараптан келген ел ағаларының біреуі құшақтап, кейбіреуі қолын алып, алғыстарын айтады. Сол ауылдың елге сыйлы, аузы дуалы Мақтұмқазы деген ақсақалы «Айтуар, сен бұдан бұрын ел естімеген, ұрпаққа үлгі боларлықтай, үш жүзге атың тарап, тарихта қаларлықтай тамаша іс жасадың. Мен саған ақ батамды беремін, астыңа ат мінгізіп, иығыңа мақпал шапан жабамын» дейді.
— Маған сіздің берген ақ батаңыздан қымбат еш нәрсе жоқ. Атыңыз немереңізге мінгізгенім болсын. Шапаныңызды аламын, елден ескерткіш деп, – дейді.
Сонда ас беруі Әбілқасым «Айтуар бауырым, аттың бәйгесін мен беріп отырмын, оны өзім қалай қайтып аламын» деген уәж айтады.
— Сен бердің, ол енді сенікі емес, менікі. Мен саған қайтарып беріп отырғаным жоқ, Жарылқасын әкейдің аруағына байлап отырмын. Бұл бәйге енді менікі де, сенікі де емес, аруақтікі, – дейді Айтуар.
Мұны қалың ел «дұрыс айтады, дұрыс айтады» деп, жабыла мақұлдады.
«Мен осы сәттен бастап, Айтуарды өзімнің туған бауырым деп санаймын. Менің барыма бұдан былай бұл да ортақ» деп келіп Әбілқасым Айтуарды құшақтап, бетінен сүйеді. Асқа жиналғандар «Туыстықтарың мәңгілік болсын!» деп бата береді. Содан екеуі бірге тумаса да, туғандай болып, аралары ажырамапты.
Осы оқиғадан кейін Айтуардың атағы үш жүзге тарап кетеді. Ал Бәйгекүреңге атқұмарлардың ынтызарлығы арта түседі. Сарысу өзенінің бойында, қазіргі Жаңаарқа ауданының аумағында тұратын, тама руынан тараған Сұлтанбай деген шонжар «шаппай бер» жүйрікті ұрлап та болса, қолға түсіру мақсатымен төрт-бес жігітті арнайы аттандырады. Ұрылар сол ауылдағы Құлкелді есімді бір жігітінің көмегімен Бәйгекүреңді ұрлап алып кетеді. Айтуардың баласы Марғұлан атты екі-үш күн іздеп таба алмай, әкесіне келеді.
«Балам атты ауыл төңірегінен іздеме. Ол қолды болды. Оны бір елдің шонжары ұрлатып отыр. Бәйгекүрең бөтен адамға алдырмайды оған өз ішімізден біреу көмектесті. Осында «сұраушы болып біреу келді» деп еді. Алшынбектің үйіне барғыштап жүр дейтін, ол үйдегі жеңгең таманың қызы ғой. Сол сұраушының қайда екенін білші. Егер жоқ болса, бұл – соның ісі.
Жеңгеңнен сұра, сұраушының кім екенін білетін шығар» дейді.
Жүйрік аттың жоғалғанына тұтас ауыл болып қапаланыпты. Өйткені, оның бәйгесін Айтуар кейінгіме кесір болады деп ауылға тегіс бөліп беретін.
Марғұлан Алшынбектің үйіне келіп, «Жеңгей, қымыз бар ма?» деп сұрайды.
— Басқаға жоқ, саған бар, – деп қымыз құйып береді.
Марғұлан қымызды бір жұтып «Ой, жеңеше, қымызыңыз тіл үйіріп, шырын татып тұр екен. Бірақ, өзіңнен тәтті емес, сен барлық тәттіден де тәттісің ғой» дейді. Келіншек оның бұл сөзіне мәз болады. Осы сәтті пайдаланып «Айтпақшы, сіздің бір сұраушы төркініңіз жүр деп естіп едім, кетіп қалған ба?» дейді.
— Иә, кеше кетемін деген. Әкесі бай адам еді, біздің туысымыз болып келеді. Баласының сұраушы болып жүргені масқара ғой, менің намысыма тиді, – дейді.
— Ой, жеңеше-ай, адамдар әртүрлі ғой. Мүмкін әдейі сұраушы болып жүрген шығар, – дейді де рахметін айтып, шығып кетеді.
Сол күні Марғұлан ешкімді ертпей, ешкіммен хабарласпай, тамалар тұратын мекенге жол тартады. Атты ұрлаған ауылға келіп, балаларды жинап, сыбызғы тартып, үш-төрт күн жүреді. Сөйтіп, аттың осы ауылда екенін біледі. Сұлтанбайдың бір туысының баласы мақтанып, атты алып келгенін, күндіз далаға шығармай, түнде ғана жайып жүргенін айтады. Оны оттатқанда бір адам жетектеп жүреді екен. Жаңағы бала атты оттататын жерге алып келеді. Марғұлан оған сыбызғысын беріп, өзі туралы ешкімге айтпауды сұрайды. Бала келіседі.
Ымырт қоюланып, қараңғы түседі. Атты жетектеп жүріп оттататын адам түнде үйіне тамақ ішуге кіреді. Аттың шылбырын тамақ ішкенде үйде ұстап, әлсін-әлсін тартып қойып отырады екен. Осы сәтті пайдаланған Марғұлан әлгі кісі үйіне кіргенде, аттың басындағы ноқтаны сыпырып, белдеуге байлайды да, ақырын ғана жылыстап, ұзап кетеді.
Сөйтіп, аман-сау ауылына келеді. Ауылға таянғанда күрең ат үш рет шұрқырай кісінейді. Мұны естіген ауыл адамдары далаға жүгіре шығады. Марғұлан келін әкелгендей, үлкендер шашу шашып қуана қарсы алады. Қуаныш үстінде ауылдың аузы дуалы ақсақалы Асқар «Бұдан былай бұл жердің аты «Жылыкөң» емес, «Бәйгекүрең» деп аталсын» дейді. Ауыл адамдары оны бірауыздан мақұлдап, содан сол қоныс «Бәйгекүрең» болып кеткен екен.
Жоғарыда айтылғандай, уақыт өте келе бұл атау ел аузында «Бәйкүрең» деп өзгеріп кеткен. Бұл, әрине, «Бәйгекүрең» деген бастапқы атауды жоққа шығара алмайды.
Атты Сұлтанбай шонжардың ұрлағанын естіген Әбілқасым орта жүздің игі жақсылар ертіп, Айтуарға келеді. Сұлтанбайдан айып алып беру ниеттері бар екенін айтады. Сонда Айтуар «Жоқ, бауырым, халқымызда «Білгенің қайсы, білмегенді кешірмесең» деген ұлағатты сөз бар. Ат қайтып келді. Енді елді шулатпайық, мен оған кешірім жасаймын» десе керек. Оның бұл шешімін әңгімеге қатысушы ел толық құптайды.
Мұны естіген Сұлтанбай Айтуарды арнайы іздеп келіп, кешірім сұрайды. Айыбының өтеуі ретінде Айтуарға ат мінгізіп, иығына шапан жабады. Осылайша, есті ер ел бірлігі мен ынтымағына қылау түсірмеген екен.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы