Арғанаты – ғажайып өлке
Арғанаты – Ұлытау тауының солтүстігіндегі тау жотасы. Жалпы көлемі солтүстіктен-оңтүстікке қарай 80 шақырымға созылған шоқылар тізбегінен тұрады. Қойнауынан Қараторғай, Қаракеңгір, Терісаққан және басқа өзендердің арналары бастау алады. Тауларының беткейлері көлбеуленіп, бірте-бірте аласарып, төңірегіндегі жазыққа ұласады. Ең биік нүктесі Домбығұл шыңы – 757 метр.
Арғанаты таулары Ұлытау тауларынан ерекшеленеді, бірақ, сол таулардың сілеміне жатады. Оның шыңдары бірнеше қатпарлы белестерден тұрады және жынысы екі түрлі болып келеді. Бірі қызыл түсті граниттен болса, екіншісі қарақошқыл сланец кенінен тұрады. Маңайындағы сарқырап ағып жатқан мөлдір бұлақтар, ақтұңғиық, сарытұңғиық, түймешетен, мыңжапырақ, түймедақ сияқты емдік қасиеттерге бай дәрілік өсімдіктер төңірекке әсем келбет беріп тұрады.
Негізінде, Арғанаты табиғатымен ғана ерекше емес, түркілердің орта ғасырдан қалған ғұрыптық тас мүсіндерімен де ерекше. Мық, Домбығұл, Айыршоқы секілді тауаралық аңғарларда ертедегі тас мүсіндер сақталған. Бұл маңда VIII-ХІІ ғасырларға жататын граниттен қашалып жасалған «Адамтас» мүсіндері кездеседі. Тарихқа жүгінсек, тас мүсіндерге табыну VIIXII ғасырларда Түркі және Қарлұқ қағанаттарының, Оғыз-қыпшақ мемлекеттерінің құрамына енген түркітілдес тайпалардың арасында өріс алған.
Қазақ жеріндегі көне тас мүсіндерді ғылыми тұрғыдан түбегейлі зерттеген – көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан. Ол 1946-1966 жылдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясына жетекшілік жасап, Ұлытау өңірінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соның нәтижесінде «Ұлытау төңірегіндегі тас мүсіндер» туралы ғылыми еңбегі жарыққа шығады. Көне тарихтан сыр шерткен ғұлама ғалым бұл зерттеуінде былай дейді: «Тас мүсіндер тізбегінің көрнекті бір тобы Арғанаты тауының қойнауларында, Ұлытаудан Атбасарға баратын үлкен жолдың маңайында кездеседі.
Ондағы Арғанаты және оның ең биік шоқысы Мық, Домбығұл, Айыршоқы – Ұлытаудың солтүстік сауыры болып саналады. Сол шыңдардың сайларында тас шарбақпен мүсінтастың әртүрлі топтарын кездестірдік. Бір өкініштісі, шарбақтардың жанындағы тас мүсіндердің көпшілігі сақталмаған. Олар қирап, бүлінген, кейбіреулерін жүргіншілер қопарып алып кеткен. Әсіресе, Ұлытаудан Атбасарға баратын керуен жолының бойындағы шарбақтар мен мүсінтастар тоналуға көбірек ұшыраған. Бұл араларда қонып, не көлік шалдырып өткен жүргіншілер от жаққанда тас мүсіндер мен шарбақтардың тақта тастарын қопарып, жерошаққа пайдаланып отырған. Сол мақсатпен кейбіреулерін уатып сындырған» деп ғалым өкінішпен айтады.
Осы сапар кезінде Әлкей Марғұлан Арғанаты беткейлеріндегі көне тас мүсіндерді жете зерттеген. Зерттеу барысын да «Адамтас» мүсіні, құланның бейнесі бар тастағы таңба және құлпытастағы құнды жәдігерлер табылған. Оның айғағы – бүгінгі күнге дейін Арғанатыда түркі обалары, ортағасырлық қорғандар, неолит тұрағы және тарихи үңгірлер бар. Бұдан бөлек, шығысқа қарай кішірек тас бағаналар немесе балбал тастар тізбегі жиі ұшырасып отырады. Сондай-ақ, Домбығұл етегіндегі үлкен қоныс – тарихи орынның бір дәлелі. Бұл жерді Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаев «Ордабазар» қонысы деп атаған. Мұны жергілікті халық «Домбығұл сарайы» деп те айтады. Қалашықтың аумағы мен орлары терең. Тікбұрыш түріндегі қалашық, әр бұрышында зәулім биік мұнараның орны болған секілді. Ал, Арғанаты жазығындағы Бозай өзенінің төменгі сағасында Жекешат сайы жалғасады. Бұл жерден XIV ғасырға жататын тас мүсін табылған. Мұны кезінде Әлкей Марғұлан зерттегені мәлім. Мүсіннің басты ерекшелігі – ол бұрынғы түркі дәуіріндегі салт жоралғылардан басқаша, жаңа тарихи кезеңнің дәстүрімен қойылған. Түркі заманындағыдай шығыс жағына емес, солтүстік-батысқа орнатылған. Беті де солтүстік-батысқа қарайды. Қызғылт, қоңырқай түсті құмайт тастан жонылған. Мүсінші басына сәукеле киген жаңа түскен жас келіншектің сұлу бейнесін кескіндеген. Осы мүсіндегі сәукеле түрін халық арасында желек деп те атайды. Төбесі биік, басы шошақталған, әйелдің арқасына төгіліп тұратын мұндай желек үлгілері қазақ этнографиясының көптеген деректерінде жақсы сақталған. Жекешат тас мүсіні сипаты бойынша Орталық Қазақстан өңіріндегі тас мүсін жасау дәстүрінің ең соңғы кезеңіне жататын сияқты. Себебі, VI ғасырдан бастап, тамыры арғы дәуірлерге баратын түркілердің тас мүсін өнері, кейінгі Қыпшақ заманына қарай ислам діні тарапынан тыйым салынып, соңынан жойылып кеткен. XVI ғасырдан бастап, қазақ арасында тас мүсін орнына моланың солтүстік-батыс жағына қойылатын бетіне арабша жазу түсірілген құлпытастар кеңінен тараған. Осыған қарағанда, Жекешат бауырындағы тас мүсін – көне дәуірдің жойылар алдындағы соңғы бой көрсетуінің бір үлгісі іспеттес.
Өткен ғасырда Арғанаты бойындағы тас мүсіндерді аймаққа танымал белгілі өлкетанушы Сүтемген Бүкіров те аралап, суретке түсірген екен. Сол сапарында ойға түйгенін «Арғанаты ескерткіштері» атты мақаласында баяндайды. «Арғанаты бойында талай-талай таңдай қақтырған тас ескерткіштердің көрмесін көрдік. Шіркін-ай, тас заманында өмір сүрген бабаларымыз мүсін өнерін қалай ғажап меңгерген! Арғанаты асуындағы қара жолдың бойында тікейтіліп қойылған үлкен тас мүсінді көрдік. Жергілікті тұрғындар «Адамтас», «Алыптас» деп атайды. Бұл – екінші тас мүсін. Осы таудағы бірінші тас мүсінді Жезқазған мұражайына Әлекеңнің өзі 1972 жылы тапсырған болатын. Бұл – Арғанаты тауынан табылған мүсіндердің ең үлкені және ең ауыры. Оның биіктігі – 2,1 метр, ені – 58 сантиметр. Бұл, сірә, ерте дүниенің алып балуанының, не апайтөс батырының бейнесі болар. Әйтеуір, оның авторы ерен күштің иесін айнытпай суреттеген» деп түйіндейді.
P.S. Бүгінгі күні Арғанаты тарихына терең үңіліп, түйсік таразысына тартсақ, оның астарында көптеген тосын тұжырымдарға негіз боларлық ғаламат сыр жатқандығын аңғарар едік.
Қайрат ЖҰМАБАЙ