Екпе алу — жауапкершілік

Коронавирус індетінің алдын алу мен таралуына жол бермеудің тәсілі – екпе салдыру дегенді естігенде бірден «вакцина аламын» деп шешім қабылдадым. Мұндағы ойым өзімді қауіпті індеттен қорғау керек болды. Шындығына келгенде, біз сияқты егде тартқан адамдарды ешкім мәжбүрлеп жатқан жоқ.

Әуелі дәрігерге барғанда денсаулығым жайлы егжей-тегжейлі сұрады. Бас салып еге берген жоқ. Қан қысымымды, дене қызуымды өлшеді. Екпе алғаннан кейін болатын жанама белгілерді айтып түсіндірді. Барлығын анықтаған соң барып, вакцина алуға рұқсат берді. Вакцинаны аудан орталығындағы емхананың екпе кабинетінде алдым. Сол жерде Гам-Ковид-Вак «Спутник-V» вакцинасын салдырдым. Одан кейін 30 минуттай күту залында отырдым. Ешқандай ауырсыну сезіле қойған жоқ. Вакцина алудағы мақсатым – жасым 82-де болса да өз айналама қауіпсіз болуды ойладым. Үлкен кісі болған соң құдайы асқа, қаншама шақыртуларға барып, жұртпен көп араласамыз ғой. Сондықтан өзіме әрі жанымдағыларға қауіп төндірмеу үшін вакцинаның І және ІІ компонентін қабылдадым. Вакцина қауіпсіздік үшін салынатынын түсіндім. Қазір кім болса да оқшаулану мен шектеулерден шаршады. Қалыпты өмір сүру үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет болып тұр. Оған қол жеткізудің жалғыз жолы – вакцина салдыру. Бір жағынан, жасы келген адамдарға екпе алуға рұқсат бергеніне іштей қуандым. Өйткені, коронавирус инфекциясын жұқтырып алып, балаларыма, немерелеріме, шөберелеріме кесірімді тигізіп аламын ба деген қауіп менде де болды. Мен ең әуелі солардың амандығы үшін осы вакцинаны алып отырмын. Бұл өзімізді де, өзгелерді де індеттен қорғаудың ең бір тиімді тәсілі деп ойлаймын. Ал өзгелердің саулығына тілектестік болу менің де адамдық парызым. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ғой дана халқымыз. Осы нақылды басшылыққа алып екпе алуға бекіндім. Қазір жағдайым жаман емес. Құдайға шүкір, денсаулығым жақсы. Бір айта кетерлігі, халықтың денсаулығы үшін екпе жоғары деңгейде жарнамаланып жатса да кейбір тұрғындар әлі түсіне қойған жоқ. Желідегі жалған ақпаратқа сеніп келеді. Бұл өрескел қателік. Барлығы Алланың қолында ғой. Дегенмен, вакцина алғаннан ешқандай қауіп көрген жоқпын. Қалай десекте әрбір адам денсаулығына сақтықпен қарағаны жөн. Бейқамдық, жайбарақаттылық жарға жықпасына кім кепіл?! Сондықтан індетке тосқауыл қою үшін өз отбасымды қауіпті індеттен сақтау үшін адамдардың болашағы үшін екпе алдым.

Зүбәйра ЕРШҰМАНОВА,

 82 жастағы әже