«Кедергісі көп кең дүние-ай…»

Жарық дүние қаншалықты кең болса, тіршілікке жасайтын кедергілері де соншалықты көп. Қазір әлем сол кедергілерге кептеліп тұрғандай. Біздің бала кезімізде үлкендер «Бәленің мыңы – көкте, біреуі ғана жерде» дейтін еді. Бүгінде сол көктегі бәлелерге аспанға ұшып жатқан ғарыш кемелері жол ашып, бәрі жерге түскендей…

Мынау фәни-дүниеге қарап отырсаң, адамзаттың өсіп-өркендеуіне кедергі жасайтын, болашағымызға қауіп төндіретін алуан түрлі жағымсыз жайттар орын алуда. Жеріміз уланып, ауамыз ластанып, табиғаттың тепе-теңдігі бұзылды. Аспанда озон қуысы пайда болып, тіршілікке айтарлықтай қауіп төндіріп тұр. Алапат дауылдар, нөсер жауындар, сұрапыл су тасқындары, жердің сілкінуі және тағы басқалары әлем халқын апатқа ұшыратуда. Мұның сыртында, мынау кең дүниеге сыймай жатқандай, ашкөздікпен кейбір жерде ел мен ел соғысып, жазықсыз адамдар құрбан болуда. Су суалып, жер қуарып барады. Нешетүрлі емі жоқ белгісіз індеттер пайда болып, адамдардың өмірін жалмап жатыр.

Қазір коронавирус індет әлемді дүрліктіріп тұр. Бүкіл әлем онымен пәрменді күрес жүргізуіне қарамастан, әлі бой бермей келеді. Сау адамдар аузы-мұрындарын тұмшалап, жауып алуға мәжбүр. Қандай жағдайда болсын, халықтың бас қосып, бір жерге жиналуына шектеу қойылды. Әрине, «Сақтықта қорлық жоқ» дейді халқымыз. Сақтануымыз қажет. Мұса пайғамбар «Аллаға тапсырдым» деп есегін бос жіберейін деп жатқанда «Мұса, есегіңді тұса, сақтансаң сақтаймын» деп аян берген дейді. Сақтық – адамның Алладан соңғы мықты қорғаушысы. Соны ешқашан естен шығармауымыз керек, ағайын!

Бұл дүниенің тағы бір кедергісі – түйені түгімен, көлікті жүгімен жұтатын жемқорлар, аранына бәрі жұтыла беретін парақорлар. Өздері орманның өрті сияқты, бір жерін сөндіріп жатсаң, екінші бір жағынан бұрқ ете түседі. Бұлар – қатардағы қарапайым жандар емес, шекпені кең, қолында билігі бар адамдар. Арам шөп күндіз емес, түнде гүлдейді. Демек, сыбайлас жемқорлықпен айналысатындар – тамырын тереңге жайған арам шөптер. Ал, арам шөп басқа өсімдіктердің өсуіне кедергі жасайды.

Осыларды ойлағанда еріксіз күрсініп, «Кедергісі көп кең дүниеай…» дейсің.

Қара халықтың пейілі – түзу, ниеті – таза. Алла Тағала сол халықтың тілегін қабыл етіп, жағымсыз жағдайлардың соңын жақсылықпен жалғастырып, уайым-қайғысыз күндерге жеткізсе екен…

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы