БІЗДІҢ ЖАҚТЫҢ ЖІГІТІ Бапкер Жұматай Шубаев жайлы бір үзік сыр
Есенқұл ақынша айтар болсам, «Біздің жақтың жігіттері – жігіттердің төресі…». Жырақта жүрсе де, қазақтың атын аспандатып, мерейін үстем етіп жатыр. Соның бірі – кешегі төрткүл дүниенің назарын өзіне аударған Токио Олимпиадасында Беларусь мемлекетінің мәртебесін көтерген бапкер жігіт…
«Жарайсың, жиенжан!»
Күллі әлемнің кіл мықты спортшылары Күншығыс еліне жиналып, бақтарын сынап жатқан сәтте ғаламторда «Беларусь балуанын Токио Олимпиадасының финалына шығарған қазақ бапкері кім?» деген шағын мақала жарқ ете қалды. Елдің бәрі елең етісті. Әрине, біз де қарап қалған жоқпыз. «Шубаев» деген фамилияны оқығанда ойымызға бірден Сарысу өңірін жайлаған Шағыр руының бетке ұстар кісісі болған Шубай ата түсті. Дереу, Шубаевтар әулетіне қоңырау шалдық. Ол азамат осы Ұлытаудың Сарысу ауылына жиен болып шықты.
Баласы атқа шапса үйде отырып тақым қысатын қазақ емеспіз бе… Жиеніміз жат жұртта жүрсе де, байрақты бәсекеде бәске түсіп жатқанда «Иә, Алла» деп отырдық. Ол баптаған Беларусь балуаны да мықты екен. Еркін күрестен 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қалы кілемде белдескен Магомедхабиб Кадимагомедов бапкерін жерге қаратпай, күміс медаль иеленді. Біз мына жақта «Бәрекелді! Жарайсың, жиенжан!» деп мәз болдық…
Жұматай, Жалын, Жасұлан
Бұл үш жігіт – ағайынды Шубаевтар. Үшеуі де спортшы. Еркін күрестен спорт шеберлері. Рас, Жалын қазір өндіріс саласында еңбек етіп жүр. Жасұлан Жезқазған қаласындағы спорт мектебінде еркін күрестен бапкер. Ал, Жұматай Шубаев – Беларусь елінде.
Жұматаймен жақынырақ танысып, оны елге таныстыру мақсатында телефон номерін тауып, ватсап желісі арқылы байланыстым. Мені Жұматайдың ана тілінде еркін сөйлейтіні қатты тәнті етті. Өз жерімізде жүріп, екі ауыз сөзді қазақша айта алмайтын қандастарымыздың қасында қырық жыл жырақта жүрген Жұматай көш ілгері екен.
– Рахмет, бауырлар! Қазақтың қарадомалақ баласын хандай көтеріп, күллі әлемге паш етіп жатырсыздар. Мына жақтағы елдің алдында мерейім бір өсіп қалды. Қазақтың қаншылдығын, қайда жүрсе де бірін-бірі қолдап, көтермелеп жүретінін көріп, таңданып жатыр. Ризамын! – деді Жұматай амандық-саулықтан соң.
Бұдан әрі әңгіме бапкер жігіттің өмір жолы жайлы өрбіді. Өзінің айтуынша, кіндік қаны тамған жер – Жаңаарқа ауданының Жеңіс (Түгіскен) ауылы екен. 1972 жылы дүниеге келіпті. Әкесі – Марат Шубаев осы ауылдың тумасы, сонда өскен, кейін Жезқазғанға қоныс аударыпты.
– Жезқазған облысы ашылғанда әкем қызмет бабымен осында көшті. Анам Қуаныш Әбдінқызы Рымбаева – Сарысу ауылының қызы. Ол кісі ұзақ жыл Жезқазған қаласындағы №7 орта мектепте мұғалім болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты.
Әкем жас кезінде Түгіскенде күреске түсіп, ауыл намысын қорғаған балуан болған екен. Бізді де осы жолға баулыды. Мені қолымнан жетелеп, Жезқазғандағы спорт мектебіне алып келді. Бапкерім Сергей Сабаев деген кісі болды. Ол мені жеті жасымнан бастап, күреске баулыды. Кейін інілерім Жалын мен Жасұлан да сол кісінің қарамағында болып, қазақ күресінің қыр-сырын үйренді, – дейді Жұматай сол бір сағынышқа толы балалық балаң кездерін еске алып.
Беларусь елінде
1987 жыл 7-сынып оқып жүрген Жұматайдың өміріне күрт өзгеріс әкелді. Спорттағы жетістіктері мен жасөспірімнің еркін күрестегі ептілігі бапкері Сергей Тугановичті бей-жай қалдырмады. Осы жасында-ақ Жұматай Қазақстанның, Одақтың байрақты бәсекелерінде бәсі басым түсіп, топ жарып келе жатты. Бірнеше мәрте чемпион атанды. Оның келешегінен зор үміт күткен бапкері Жұматайды және тағы да бірнеше баланы таңдап алып, сол кездегі одаққа танымал спорт мектебінің бірі саналатын Беларусь ССР-і Гродненск қаласындағы спорт мектеп-интернатына алып келді.
– Бұл келуім менің осы мемлекеттің тұрғылықты азаматы болып қалуымның басы екенін ол кезде сезбегенім анық. Ондай ой, тіпті, қаперіме де кірген жоқ. Бар ынта-ықыласым спортта болды. Ол кезде Кеңес Одағы «ыдырамас бір шаңырақтың» астында еді ғой. Тоқсаныншы жылы сол одақ құлады. Әр ел өз бетінше жеке шаңырақ көтере бастады. Қазақстан да бөлініп шықты. Сол аласапыран уақытта елге келдім. Бірақ, мұндағы жағдай мүлдем қиын еді. Спорт тұрмақ, іргелі өндіріс орындарының шаңырағы шайқалып жатқан. Мектептер де оңтайландырыла бастады.
Осындай әрі-сәрі күй кешіп жүргенімде мектеп-интернаттағы бапкерлерім хабар жіберді. Мен Минскіге қайыра кеттім, – деді Жұматай күрсініп қойып.
Содан бері міне қырық жылға таяу уақыт болыпты. Жұматай Шубаев Беларусь елінің еркін күрестен ұлттық құрамасын жаттықтырады. Одан бөлек, Гродненск қаласының бас бапкері. Ол тәрбиелеген талай жас түрлі деңгейлердегі жарыстарда басым түсіп, мықты спортшы атанды. Жұматайдың осы жарты ғасырға жуық еңбегін Беларусь елі жоғары бағалады. Ол «Беларусь Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» мәртебелі атағын алған. Бұл атақты кезінде Беларусь Президенті өз қолымен тапсырыпты.
Жүрегі қазақ деп соғады
– Мен ұзақ уақыт бойы шетелде тұрсам да, Қазақстандағы еркін күрестің дамуын қадағалап отыруға тырысамын. Соңғы екі жылда Қазақстан мен Беларусь құрамалары бірнеше рет бірлескен жаттығу жиындарын өткізді. Алматы және Тараз қалаларында жаттығып, тәжірибе алмасты. Сонда байқағаным, қазақта мықты балуандар бар. Ал, биылғы Олимпиадада «нашар көрсеткіш көрсетті» деген жай сөз. Олимпиада – мықтылардың мықтылары бақ сынасатын дода. Мұнда бұрын Олимпиада чемпионы атанғандардың өзі жеңіліп жатыр. Олардың қасында қазақтың жас спортшылары қола медаль алып жатқаны – жақсылық, – дейді Жұматай жерлестерінің бәсін көтере түсіп.
Әңгіме арасында «Елге қайту ойыңда жоқ па?» дегенді де айтып қалдым.
– Мен бұл елде «тамыр жайып» қалдым ғой. Әрине, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді қазақ. Бірақ, «Су ішкен құдығыңа түкірме» дегенді де айтқан сол қазақ атам емес пе? Мен де ұзақ жыл «су ішкен құдығыма» түкіргендей болғым келмейді. Бұл ел мені өзекке тепкен жоқ. Бауырына тартты. Барын берді, – дейді ол.
Рас қой. Есесін жемей, еңбегін бағалап отыр. Бүгінде Жұматай Шубаев Беларусь елінің аға жаттықтырушысы ретінде көптеген жетістіктерге жеткен. Атап айтар болсақ, 2016 жылы Рио Олимпиадасында Шубаевтың шәкірті Ибрагим Саидов қола жүлдегер атанған. Ал Ресей құрамасына ілікпей, 2020 жылы Беларусь сапына ауысып, мамыр айында өткен ең соңғы лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасын алған Магомедхабиб Кадимагомедов Токио ойындарының күміс жүлдегері болды. Құраманың басқа да спортшылары биік межелерден көрінді. Мұның бәрі – құрама бапкері Жұматай Шубаевтың жетістігі әрі мерейі.
– Солай екен деп мен өз елімнен тысқары қала алмаймын. Менің жүрегім қазақ деп соғады. Ұлым Марат Нұр-Сұлтан қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқыды. Бүгінде ол осы оқу орнын экономист мамандығы бойынша бітіріп, Елордада қызмет етіп жатыр, – дейді кейіпкеріміз.
P.S. Әңгімемді Есенғұл ақынның өлең жолымен бастап едім. Енді оны Төлегенмен түйіндегелі отырмын. «Бұл қазақта жігіттер бар нарқасқа…» деген ғой ақиық ақын Айбергенов. Сол нарқасқа – осы біздің жақтың жігіті, Ұлытаудың жиені Жұматай Шубаев дерсің…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ