Мақсат – жеткілікті жем-шөп қоры

Ел экономикасының арқауы – ауылшаруашылығы десек, еш қателеспейміз. Халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер – диқандар қауымы мен мал өсірушілердің еңбектері ерекше құрметке ие. Дала майданының майталмандары, әсіресе, соңғы жылдары әлемді дүрбелеңге салған пандемия дертіне қарамастан өнім өндіруді бір сәт тоқтатқан емес. Десекте, биылғы жаз дала ерлерін аса көп «еркелетіп» отырған жоқ. «Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен» демекші, елімізде коронавирус кеселінің кеңінен таралып, түрлі шектеулердің көбейіп отырған кезде, табиғат та қаталдық танытты.

Республиканың жер-жерлерінде қуаңшылық орнап, шөп шықпай қалды. Жаңбыр жаумай, шабындықтағы азды-көпті шыққан шөп ерте қурап кетті. Әсіресе, еліміздің батысы (Маңғыстау) мен Қызылорда облысының кейбір аудандары елеулі зардап шегіп отыр. Маңғыстаудағы малдар тіпті картон қағаз жеп, жан сақтайтындай күйге келген. Қазақ халқының атакәсібі – мал шаруашылығы осындай халге жеткенде, жанашырлық танытқан, зардап шегіп отырған аймақтарға шөп жөнелтуге «ұйтқы» болып, өзі сияқты патриот азаматтарды жанына жинай білген 24 жасар түркістандық жас жігіт Құрмет Талапқазының өлшеусіз еңбегі еліміздің ауыл жастарына үлгі-өнеге болғандай. Ол – өзі бастап еріктілердің көмегімен шөп орып, қуаңшылықтың қыспағында қалған Маңғыстау өңірі мен Қызылорда облысына вагон-вагон шөп жөнелткен бүгінгі күннің нағыз батыры! Бұл бастаманы Шу өңірі, Өскемен, Солтүстік Қазақстаннан да еріктілер қолдап, көмек қолын ұсынуда. Жасаған жақсылықтары бір Алладан қайтсын дейміз.

Ал биылғы жаз облыс аумағына үлкен бір қасірет алып келгендей. Облыс бойынша шілде айының аптап ыстығында бірнеше ауданның аумағында дала өрттері орын алды. Шабындық жерлер мен жайылымдар жалынға оранып, онсыз да бой ала алмай тұрған шөп өртеніп кетті. «Апат айтып келмейді» дегендей, бейқам отырған ауылдардың тұрғындары жолындағыны тып-типыл етіп жалмап келе жатқан дала өртіне қарсы тегеурінді қаракет көрсете алмай қалды.

 Ұлытау ауданының аумағында да бір мезетте 12 өрт ошағы тіркелді. Ауданның Аманкелді, Шеңбер, Қоскөл, Байқоңыр ауылдары мен Ақтас кенті аумақтарының едәуір бөлігін өрт жалмап кетті. Қаншама шабындық жер мен шабылған шөп қызыл жалынға оранды. Қоскөл ауылының шаруа қожалықтарында көлемді мал шығыны орын алып, дала өртінде атпалдай бір азамат қаза тапты. Қатерлі дерт қажытып тұрған шалғай ауылдардың тұрғындары үшін бұл қасіретті оқиға – «жығылғанға – жұдырық» болды. Бір аптаға созылған дала өрттері облыс, аудан басшылықтарының араласуымен, төтенше жағдай мен әскери бөлімдердің, еріктілердің, ауыл тұрғындарының көмегімен ауыздықталды. Әйтседе, бұл дала өрттері ауданның біршама шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға көлемді шығын келтіріп кетті. Ал қыс болса қыр астында тұр! Қазір ауылдықтар қысқа  жем-шөп дайындаудың қам-қарекетінде жүр. Әркім өз шама-шарқынша шөп дайындауда. Шабындықтары өртеніп кеткен шаруа қожалықтарына, алдағы қыс қиындық туғызатын түрі бар. Біз, жалпы аудан бойынша қысқы маусымға жеп-шөп әзірлеу барысын білмекке аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Сәрсенбайұлы Оспановқа арнайы жолықтық.

– Биылғы шілде айында орын алған дала өрттері орасан зор зиян келтіріп кеткені белгілі. Аудан бойынша алдағы қысқа 205,0 мың тонна шөп әзірлеуге тапсырма болса, осы күнге дейін 40 пайызы шабылып, шабылған шөптің 45 пайызы тасылды. Аудандағы 39 шаруа қожалығында 141,0 мың гектар жайылым бар. Осылардағы орта есеппен 3371 ірі қараға 4854 тонна, 7142 ұсақ малға 2571 тонна 814 бас жылқыға 1684 тонна шөп керек екен. Аудан аумағындағы жалпы мал басының көбеюіне байланысты, шөпке деген қажеттілік күрт өсіп отыр. Мысалы бір Борсеңгір ауылындағы мал басына 2700 тонна, Сарысуға 3000 тонна шөп қажет. Ауданның кейбір мал өсірушілері мал басының көбейтуін көбейтеді де, қысқы маусымға жем-шөп әзірлеуде қамсыз отырады. Тіпті шабындық жерлерге барып көрмейтіндері де бар. Аудан аумағындағы шаруа қожалықтары мер фермерлік шаруашылықтардың иелігінде 141,0 мың гектар жайылым, оның сыртында 1855 гектар шабындық жерлер бар болса, осының 39,6 мың гектар жайылымды, 153 гектар шабындық жерді дала өрттері жалмады. Ол күндер ауданымыз үшін үлкен сынақ болды. 6 өрт ошағын ауыздықтауға төтенше жағдай мен өрт сөндіру бөлімдерінің сыртында 150 сарбаз, 40 курсант, еріктілер мен ауыл тұрғындары жұмылдырылды. Алапат өрт бір аптаға созылып, кейбір шаруа қожалықтарына зор шығын келтіріп кетті. Қоскөл ауылында екі шаруа қожалығынан мал шығындалып, 1 азамат қаза болды. 308 бас қой-ешкісі, 10 бұзауы өртеніп кеткен азаматтарға 16,0 млн 900 мың теңге өтемақы төленетін болды. Облыс, аудан әкімдері халыққа жанашырлық танытып, өздеріне жауапкершілік алып отыр. Аудан басшылығы дала өрттерінен зардап шеккендерге көлемді көмек көрсетуді қолға алды. Аудан әкімдігінде алдағы қысқа жем-шөп дайындауға арнайы іс-жоспар жасалынып, оны аудан әкімі бекітті. Өрттен зардап шеккен шаруа қожалықтары иелеріне аудан әкімдігі тарапынан көлемді екі ұсыныс енгізілді. Біріншісі: аудан аумағындағы Бозшакөл мен Өлке деген жерлердің шөбін шауып, тасымалдау. Оның сыртында, мемлекет қорында тұрған жерлерге шалғы салуға ұйғарым жасалды. Екіншісі: шабындық жерлері өртеніп кеткен шаруа қожалықтарының иелері, жерлері аман қалғандарымен өзара келісіп шөп әзірлеу. Сонымен қатар «Ұлытау орман шаруашылығы» КММ мемлекеттік ерекше қорғалатын жерлерден 1900 гектар шабындықты, 37000 гектар жайылымды жері өртенген шаруа қожалықтарына беріп отыр. Жем-шөп дайындау науқанында өрттен зардап шеккен шаруа қожалықтарына 1 литрі 178 теңгеден жеңілдетілген жанар май беруге шешім шығарылды. Бұл ұсыныстар жерлері өртеніп кеткен мал өсірушілердің көңілдерінен шықты. Бозшакөлдің де, Өлкенің де шабындықтарын өзім бастап, ауданның ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллин, ауылдық округ әкімдері Серік Әбжанов, Сәтжан Құрманбаев, Бауыржан Әлімбекпен бірге көріп қайттық. Шөбі қалың, бітік шыққан екен. Байқоңыр мен Ақтастан екі азамат ниет білдіріп отыр. Аудандық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Бөлендин Барақкөл маңындағы жерінің шөбін шауып, тасып алуға келісімін берді. Шабындық жерлері өрттен аман қалған байқоңырлық фермерлер зардап шеккен ауылдастарына тайланған шөпті (тюгін) 400-500 теңгеден сататын болып келісілді. Әрбір ауыл азаматы фермерлерге көмек көрсетуге ынталы. Аудан әкімі АПБ-нің бастығына сыртқа шөп шығартпау туралы тапсырма берді. Аудан диқандарына күзгі егін жинау барысында бидай, арпа сабандарын престеп, тек өзіміздің шаруа қожалықтарымызға ғана сату ұсынылып отыр. Жемшөп қорын әзірлеуде осындай шаралар қолға алынды. «Көп түкірсе – көл» дейді ғой дана халқымыз. Бұл сынақтан да сүрінбей өтуге тиіспіз – деді Мақсұт Сәрсенбайұлы бізбен әңгімесінде.

Иә, табиғат қаталдық танытқан шақта, елдің бірлігінің арқасында жеңіске жеткен таулы өңірдің халқы бұл сынақтан да сүрінбей өтетініне біз де сенеміз.

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ