Қарсақбай – қазақ мысының қарашаңырағы

Қарсақбай – қазақ металлургиясының қара шаңырағы аталады. Ол орынды да. 1913 жылы осы Қарсақбайда тұңғыш мыс қорыту зауыты салынды. Талай соқтықпалы соқпақты жолдардан өткен өндіріс ошағы 1975 жылға дейін ырғақты жұмыс істеп, Қазақстанда түсті металлургия өндірісінің дамуына сүбелі үлесін қосты. Бүгінде бұл жерде құю-механикалық цехы жұмыс істеп, қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр…

ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА

Қарсақбай металлургия зауытының тарихы тым тереңде жатыр. 1908 жылы ағылшын инженері Горвей Сарыарқаның мыс кенін зерттеп, Лондон акционерлерінің алдында Жезқазған жерінде мыс кенінің мол қоры бар деп мәлімдеме жасайды. Ал, 1912 жылы ағылшындық акционерлер қоғамы Қарсақбайда мыс балқыту зауытын салу туралы шешім қабылдайды. Сөйтіп, 1913 жылы алғашқы 300 жұмысшы Қарсақбай зауытын, кен байыту фабрикасын және Қумола өзеніне су бөгетін салу жұмыстарын бастайды. 1914 жылы ағылшындар Жосалыдан алға төселіп отыратын тар табанды темір жол салып, зауытқа қажетті құралдар мен құрылыс материалдарын тасиды. Осындай қиындықтарға қарамастан Қарсақбай шатқалында кен байыту фабрикасының, 4 шахта мен мыс зауытының іргетастары қаланды. Алайда, бірінші Дүниежүзілік соғысы мен Қазан төңкерілісі, одан кейінгі Азамат соғысы зауыт құрылысының тоқтауына, тіпті жабылуына әкеліп соқты.

Алайда, елге мыс қажет еді. Мұны түсінген кәсіпорын директоры Рудольф Дрейман мен қазақтың біртуар ұлы перзенті Қаныш Сәтбаев зауыттың қайыра қалпына келтірілуіне көп күш жұмсады.

ЗАУЫТ ҚАЛАЙ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ?

1922 жылы Қарсақбай ревкомы Қарсақбай мыс зауытын қалпына келтіріп, іске қосу туралы ұсыныспен Мәскеу қаласына И.Деевті аттандырады. ВЧК Төрағасы Ф.Дзержинский ревкомның бұл ұсынысын қолдайды. Қарсақбай зауытының тағдыры ұзақ уақыт бойы екіталай болды. Ауданның алшақтығы, азық-түлікпен, сумен және материалдармен қамсыздандырудағы қиыншылықтар, мамандардың жетіспеушілігі – осының барлығы Қарсақбай зауытын жедел қалпына келтіріп, құрылысын аяқтауға болатынына күмән келтірді. Тіпті, оны бөлшектеп, барлық жабдықтарын Оралға жөнелту турасында ұсыныстар айтылды. Нәтижесінде зауыт 1925 жылға дейін тоқтап тұрды. Бұл уақыт ішінде жабдықтардың көпшілігі жарамсыз болып қалды. 1925 жылы еңбек және қорғаныс кеңесі Қарсақбай комбинатын қалпына келтіру туралы қаулы қабылдайды. Басқарушысы ретінде Иван Деев тағайындалады. «Атбасартүстіметалл» тресті құрылды.

1926-1928 жж. білікті жұмысшылардың жетіспеушілігінен қалпына келтіру жұмыстары мен құрылысын жүргізу оңайға түспеді. Оларды ел аралап іздеуге, бұрынғы көшпенділердің арасынан тауып, сол жерде оқытуға тура келді. Көпшілігін Оралдың кәсіпорнында оқытты. Көлік тасымалы мәселесі де оңай болмады. Сондықтан негізгі көлік құралы ретінде түйелерді пайдаланды.

Оның үстіне Қарсақбайдағы қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарының көлемі ауқымды болатын.

Кеңестік жас мемлекетте қаражат жетіспеді. Дегенмен кәсіпорын құрылысының негізін сол кездегі әлемдік техника жетістіктері қолданылған жоба құрады. Қысқа мерзімнің ішінде көміртозаң фабрикасы, шихтарник, үгіту цехының ғимараты, бірінші шарпыма пеш салынды, металлургиялық цехтың корпусы толықтай салынып бітті, ауа бергіш нысан, конверторлар, байыту фабрикасының және үгіту цехының жабдықтары монтаждалды. Біржарым жыл ішінде кеніш пен көмір кендерінің және зауыттың арасын қосатын тар адымды теміржол салынып, пайдалануға берілді.

ҚАНЫШ және ҚАРСАҚБАЙ

Қарсақбайда жұмыстар басталған жылы Томск институтын бітіріп, мыс кеніне бай өлкеге жас геолог Қаныш Сәтбаев келеді. Оның басшылығымен Қарсақбай Жезқазған аймағының геологиялық-барлау орталығы болып қалыптасады. Сәтбаевтың арқасында Жезқазған өлкесінің келешегі зор екені айқындалды. 1927 жылы жариялаған «Қарсақбай ауданы және оның перспективалары» атты алғашқы ғылыми мақаласында Қаныш Имантайұлы «Жезқазған әлемдегі ең бай деген провинциялардың бірі ретінде болатыны хақ, тіпті ол болашақта Америкадағы мыс өлкелерінен де асып түседі» деп жазды.

Кен орнының келешегіне күмәнді қараған мамандар тарапынан туындаған қиыншылықтар мен кедергілерге қарамастан Қаныш Сәтбаев жылдан жылға геологиялық барлау ісін ұлғайта түсті. Ал минералды шикізатпен молынан қамтылған Қарсақбай зауыты қуат алып, күш жинай бастады. Кішігірім екі шахта кен бере бастады, шағын станция жұмыс істеп тұрды, бірнеше тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар салынды. Кішігірім жұмысшылар қалашығы пайда болды. Осының барлығы да екі-үш жылдың ішінде атқарылған жұмыс.

1928 жылдың 19 қазанында (23:00 -де) – Қарсақбайдың ең алғашқы қара мысы алынды. Қазақстандық мыстың тарихы сол күннен бастап бастау алады. Ол кезде Қарсақбай зауыты жылына 5000 тонна қарасы мыс шығаруға есептелген болатын. 1974 жылы зауытта қара мысты өндіру ісі тоқтаусыз артып, 35, 2 мың тоннаға дейін жетті.

ҚАРАШАҢЫРАҚТЫҢ МҰРАГЕРІ

1972 жылы Жезқазған мыс балқыту зауытының іске қосылуына орай, Қарсақбай мыс балқыту зауыты 1975 жылдың маусым айында мыс балқыту ісін доғарды. Кейінірек зауыттың директоры Қадыр Мәткенов пен Жезді партия аудандық комитетінің Бірінші хатшысы Мәкен Төрегелдин республика басшылығына мыс өндірісіндегі қайта құру өзгерістері болып жатқан жағдайлардың өзінде Қарсақбай кәсіпорнын сақтап қалудың қажет екендігін дәлелдей білді. Қадыр Мәткенов кәсіпорын ұжымын 1973 жылдан 2006 жылға дейін басқарды.

Қарашаңырақтың заңды мұрагерін бүгінгі таңда Қадыр Мәткеновтың ұлы – Мұрат Мәткенов басқарып отыр. Металлургиялық зауыттың ұжымы тұрақты еңбек етіп, жоспарды орындап келеді. Зауыттың негізгі қызмет түрі детальдарды механикалық әдіспен өңдеу арқылы сұр шойын құймаларын шығару болып табылады. Зауыттағы құю-механикалық учаскесі – негізгі өндірістік алаң.

 Құю-механикалық учаскеден басқа, зауытта су беру нысандары, электр бөлімі, экскаватор-бульдозер шаруашылығы, өндірістік-жылу беру қазандығы, техникалық қамсыздандыру бөлімі, жылумен, сумен қамсыздандыру бөлімі, тұрғын үй-пайдалану учаскесі жұмыс істеп, кент тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Мұрағат материалдары негізінде әзірленді.