Алғыс – ақжарма пейілмен
Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ өңірде орын алған алапат өрт ошақтарын ауыздықтауға қатысқан Төтенше жағдай министрлігіне қарасты құрылымдар қызметкерлеріне, әскери бөлімдердің офицерлері мен сарбаздарына, ортақ мүдделі іске белсенді үлес қосқан жергілікті тұрғындарға ризашылығын білдіру үшін, іс-қимылдарды басқару штабы орналасқан Ақтас кентінің Пионер ауылына арнайы барды.
Сапар барысында аудан басшысымен бірге аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев, аудандық мәслихат депутаттары Жарқынбек Бөлендин мен Ахат Құрмансейітов болды.
Әскери сап алдында Советбек Тұрсынұлы қызыл жалын қыспағына түсіп, төнген қатер мен ауыртпалықты жан-тәнімен сезінген ұлытаулықтармен иық тірестіре, тілсіз жаумен күні-түні жан аямай арпалысқан азаматтарға қалың қауымның және жеке өз атынан ақжарма пейілмен алғыс айтып, шынайы ризашылығын білдірді.
Өрт сөндіру қимылдарын ұйымдастыру мен басқаруда айрықша ұтымды қимыл танытқан офицерлер мен сержанттар құрамын, батылдықтың үлгісін көрсеткен жауынгерлерді, сондай-ақ, көмекке келген әскери құрамның ас-суын мінсіз әзірлеген ауыл тұрғындарын ауданның Құрмет грамотасымен марапаттап, аудан әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды.
Аудандық мәслихат депутаттары корпусының атынан жүрекжарды ыстық лебізін Ахат Құрмансейітұлы жеткізді.
Әскери азаматтардың әлеуетті әрекеттеріне ауыл тұрғындарының ерекше тәнті болғаны да айқын аңғарылды. Солардың бірі, зейнеткер Зейнелғабден Қазыкенов «Төтеннен келген апатта жаужүрек жігіттер алыстан да, жақыннан, бір шеті облыс орталығынан келіп, жерімізді, оның бетіндегі қазына-байлығымызды сақтап қалу қимылдарына белсене араласты. Олардың барлығына осындағы елдің атынан айтар алғысымыз шексіз» деді.
Қысқаша түйіндегенде, елді қорғауға қашанда пейілді ерлер өздерінің тұрақты мекен-жайларына халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөленіп, Ұлытау жұртшылығына берекелі тірлік тілеп аттанды.
Өз тілшімізден.