Құрбан айт – ұлы ғибрат

Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті.

Құрбандық дәстүрі кейінгі мұхаммади үмбетке де мұра болып қалды. Себебі, Адам (ғ.с.) атадан бастап ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дейін барлық пайғамбарлар діні – біреу. Ол ханиф – Бір Аллаға құлшылық ету діні. Әз-пайғамбарымыз бұл жайында: «Пайғамбарлар аналары бөлек, бірақ, әкесі бір бауырлар секілді. Олардың діні (ақидасы, сенімі) бір, ал шариғаты әртүрлі», – деп айтқан. Сондықтан да, Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті – бізге жат емес. Шын мəнінде, Алланың досы атанған Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарға біз, мұсылмандар жақынбыз.

Дініміздегі ұлық болған екі Айт мерекесінің тарихына тоқтала кетсек, Алла елшісі Мединаға келгенде қала тұрғындарының ойын-сауық құратын екі күні болатын. Пайғамбар олардан: «Бұл екі күн қандай күндер?» – деп сұрағанда, мединалықтар: «Біз жаһилиет кезінде бұл күндері ойын-сауық құратынбыз», – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі: «Расында, Алла бұл екі күнді олардан да қайырлы (жақсы) құрбандық және ораза (айт) күндерімен ауыстырды», – деген екен.

Бір ескере кететін жайт, «мұсылман үшін тек Құрбан айт, Ораза айт мерекелері ғана бар. Одан басқа мереке жоқ» деген ұғым – қате. Елдің ынтымағы мен мерейін асыратын, ұлттық болмыс пен тарихын насихаттайтын мерекелерді атап өтуге шариғатта тыйым жоқ, керісінше, құпталады.