Мектеп жаңарып келеді

Ауылдың әлеуетін көтеру бағытында жүйелі жұмыс істеп жатқан жобалар шын мәнінде елдің еңсесін тіктеп, келешекке деген сенімдерін оятуда. Осындай ілкімді істер Борсеңгір ауылында да жүргізіліп жатыр. Қуаты күн санап артып келе жатқан ауыл бүгінде жоқ-жітігін жамап-жасқап, алдағы қысқа қапысыз қамдану үстінде. Соның бір айғағы, ауыл мектебінідегі ауқымды жұмыстар.

Сонау сексенінші жылдары салынған орта мектептің жағдайы кешегі балапан басына, тұрымтай тұсына деген уақытта өте мүшкіл болған еді. Ауылдағы ел қалаға үдіре көшкен кезде мұндағы оқушылар саны да күрт азайып, білім ұясының кескін-келбеті де көмескі тартып қалған болатын. Көп жылдардан бері жөндемді жөндеу көрмеген мектептің тынысы соңғы үш-төрт жылдың мұғдарында ашылды. Ал, өткен жылдан бері мұнда жап-жақсы жаңғырту жұмыстары басталды.

– Былтырғы жылы елімізде қолға алынып жатқан бағдарламалардың аясында мектебімізге түрен түсіп, төбесі жөнделіп, шатыры ауыстырылған еді. Екінші қабаты толықтай жаңғыртылды. Есік-терезелері, жылу желілері, едені ауыстырылып, жаңадан сыланып, сырланды. Биыл да бұл жұмыс жалғасын табуы керек еді, өкінішке орай пандемияға байланысты жұмыс кейінге қалдырылды. Сондада болса мектептің қоршауы жаңартылып, заманауи үлгідегі модулді жылу қазандығы қойылды, – дейді мектептің жаңа директоры Кенбай Наушарбанов.

Директордың айтуынша, жалғыз мектеп қана емес,осындағы шағын орталық та жөндеуден кейін жұтынып тұр. Қабырғалары түзетіліп, әктеліп, сырланып құрылысшының қалағынан жаңа шыққан ғимарат тәрізді болып тұр. Ең бастысы, оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептің ішіндегі әжетханалар жөнделіп, іске қосылыпты.

Бұрын балалар даладағы дәретханаларға баратын еді. Енді сыртқа шығып әуре болмайды. Ер балалар мен қыз балаларға арнап екі әжетхана, мұғалімдерге арнап бір әжетхана және шағын орталыққа бір әжетхана жасатылды. Олардың бәрі талапқа сай жұмыс істеп тұр, – дейді мектеп басшысы.

Әуел баста мектеп 400 орынға лайықталып салынған екен. Уақыт өте келе өтпелі кезеңнің өкпек желі мұнда да салқынын тигізген. Әйтсе де, тәубе дерлік. Биылғы оқу жылында 1 және 11 сыныптар арасында 66 оқушы дәріс алып жатса, 12 бала білім ошағының табалдырығын аттап, дайындық сыныбында тіл сындыруда.

Барлығы 78 оқушысы бар мектеп қазіргі эпидемиялық ахуалға байланысты санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып білім алуда.

Өткен жылдың соңғы тоқсанында оқушылар коронавирус инфекциясына байланысты қашықтықтан оқытылған болатын. Жалпы бірқатар елді мекендердегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасымен салыстырғанда берекелі ауылдың білім ошағы жап-жақсы жарақтандырылған. Әсіресе, интернеттің игілігін көрген сыңайлы.

– Биылғы оқу жылы штаттық режимде басталды. Санитарлық талаптар қатаң сақталды. Әр екі сабақтан соң сыныптар желдетіліп, тазартылып тұрды. Кварц лампасы да қойылды. Оқушылар үзілісте бірбірімен араласпайтындай сабақ кестесін жасады. Әлі де болса ойластыратын жұмыстарымыз бар. Қыс түскен сайын күн де қысқарып келеді. Екінші ауысымдағы оқушылар кешкісін қараңғыға қалып жүр. Сол үшін кейбір сабақтардың уақытын жылжытуды ойластырып отырмыз, – дейді Кенбай мырза.

Осындай ұтымды ұйымдастырылған жұмыстардың арқасында мектептің бірінші тоқсандағы нәтижесі де жаман болмаған сыңайлы. Оқу үлгерімі 59 процент болған. Кеткен есені екінші тоқсанда қайтаруға қамдық жасап жатыр ұстаздар қауымы.

Ауыл мектебінде 24 мұғалім дәріс береді екен. Олардың біреуі – зерттеуші, 9-ы сарапшы, 5 модератор мұғалім. Сондай-ақ, І санаттағы 4 мұғалім, ІІ санаттағы екі мұғалім жұмыс істейді. Мектепте мамандықтарға қажеттілік жоқ. Қажетті пән мұғалімдері өздері екінші мамандық алу арқылы толықтырып отырған жайлары бар.

Қысқасы, мектептің тынысы кең. Онда елге үлгі боларлық жұмыстар да бар. Мәселен, білім ошағын бұрын бітіріп кеткен мектеп түлектері соңғы қоңырауда өздерінің ыстық ұяларына көмек қолын созады екен. Оқушыларға қажетті техникалық құралдарды да сыйға тартатын да солар. Жалпы, ауылдағы білім ошағы жыл өткен сайын жаңғырып, жаңарып келеді.

Ізтай Белгібайұлы.