Еңбегі жанған, еңсесі биік Борсеңгір
Қандай заманда болмасын, қазақ елінің бастау бұлағы – ауыл болғаны бесенеден белгілі. Сайын дала жамылған тіршілік шапанының жағасы мен жеңіндей болған жәннат жайлауы мен күміс күздеуі қандай еді ауылдың?! Кешегі оңтайландыру жылдарында осы барымыз бен байлығымызды жоғалтып ала жаздадық емес пе… Бабадан қалған соңғы белгідей болған, басшымыз да, басқамыз да өсіп-өнген сол ауылдың бүгінгі жай-күйі қандай? Осы сауалға жауап іздеп біз ауданымыздың шалғайдағы ауылдарының бірі – Борсеңгір селолық округінің әкіміне телефон соққан едік. Ауыл әкімінің орынтағына кеше ғана отырған Бауыржан Әлімбек жарытып ештеңе айта алмас деген ой да болған еді. Олай болмады. Жаңа әкім біз сұраған жайттардың бәрін жіктеп-жіліктеп берді.
Жетекші салада жетістік көп
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты тұжырымдамасында әлемнің әміршісі еңбек екенін, кез келген қиындықты еңбектің ғана жеңетінін атап өткен еді. Құрқылтайдың ұясындай жыпжылы әсер беретін Борсеңгір ауылының да еңсесін тіктеп, іргесін бекітіп тұрған осы еңбек. Алты жүздің үстінде тұрғыны бар, етек-жеңі кең пішілген ауылдың негізгі күнкөрісі төрт түлік мал. Селолық округте тіркелген 61 шаруа қожалығының 41-і тұрақты жұмыс істеп, ауылдың өрісін малға толтырып отыр. Бұлардың дені кәдімгідей техникасы сайлы, қорасы құтты, мал басы көп шаруа қожалықтары.
– Қазір ауылдың шаруа қожалықтары алдағы қысқа қапысыз қамдықпен келіп, қораларындағы малдарын шығынсыз өсіруге жұмыс жасап жатыр. Осы мақсатта округ бойынша 4200 гектар жер шабылып, 4800 тонна шөп дайындалды. Ал қысқа 3229 бас жылқы, 3101 бас сиыр, 8972 бас қой-ешкі, 59 бас түйе түсіп отыр. Мұның сыртында 400 бас құс та бар, – дейді Бауыржан Әлімбекұлы.
Әкімнің айтуынша, округте мал басының өсімі де көңіл қуантарлықтай. Әйтсе де, мал бағатын адамның жоқтығы, жем-шөп шығыны, мал басының сатылуы сияқты жағдайларға байланысты шаруа қожалықтары қолдарындағы малдың басын шақтауға да мәжбүр болып отырған сыңайлы.
– Қалада болсын, аудан орталығында болсын екі қолдарына бір күрек таба алмай, бос сенделіп жүрген жандар баршылық. Соларды ауылға шақырсаңыз «онда не бар, жұмыс та жоқ» деп кейін тартып тұрады. Ауылда жұмыс жоқ емес, жетеді. Қазір округтегі шаруа қожалықтары малшы таппай қиналуда. Мал басын көбейткілері келеді. Бірақ, сол малды бағатын адам жоқ. Соңғы кездері қой малының басы күрт кеміп кетті. Неге? Себебі, қойшы жоқ. Басқа түліктердей емес, қойдың соңында үнемі малшы жүруі керек. Ал, шаруа қожалықтарының иелері қысы-жазы мал соңында жүре алмайды. Шөп шабуы керек, қора-қопсыны жөндеуі керек. Міне, осындайда әлгі ауыл мен қалада босқа сенделіп жүргендер маусымдық мезгілге болса да келіп жұмыс істесе нәпақасын табар еді. Ал шаруагердің қолы ұзарып қалар еді. Соған қарамастан округтегі шаруа қожалықтары өз шаруаларын өрістетіп отыр, – дейді округ әкімі.
«Өрістетіп отыр» дегеннен шығады, бүгінгі малды ауылдарда электр жарығы жарқырап, заманауи тұрмыстық құралдар мен техникалардың, ақпарат көздерінің қызығына олар да кенеліп отыр. Қазір 18 шаруа қожалығының үйлеріне күн көзінен қуат алатын панелдер орнатылған. 12 шаруа қожалығының үйінің жанынан таза суы мол құдықтар қазылды. Ауыз суы мен мал суаратын суаты жағынан күрделі Борсеңгір ауылының шаруагерлері үшін бұл үлкен жетістік.
«Ауыл қыстан қысылмайды»
Округ әкімі бұл сөзді үлкен сеніммен айтты. Жем-шөп пен отын-судың бағасы басқа шауып тұрған қазіргі уақытта бұлай деп кесіп айту шаруасы шын мәнінде түгел, төрт аяғынан тең басып тұрған адам ғана айта алса керек. Бірақ, істің расында да солай екеніне әңгіме барысында анық көз жеткізгендей болдық.
Борсеңгірде бүгінде 89 түтін бар екен. Мұның сыртында 4 әлеуметтік маңызы бар нысандар мен 1 аралас тауарлар дүкені жұмыс істейді. Осылардың бәрі қысқа сақадай сай әзірлікпен келіп отыр. Жаз бойы пештері тазартылып, жөнделген. Отын да жеткілікті түсірілген. Мәселен, фельдшерлік акушерлік пункт 10 тонна, клуб үйі 20 тонна, әкімдік 10 тонна, мектеп 250 тонна көмірін түсіріп алған. Тұрғындар да қысқа қажетті отын-суларын қамдап алыпты.
– Жасыратыны жоқ, қазір шөп пен көмірдің бағасы күйіп тұр. Жыл санап өсіп келеді. Бірақ, бағаның бұлайша құбылуын біздің округ тұрғындары қатты сезініп отырған жоқ. Оған ауыл азаматтарының өз ауылдастарына деген шынайы көмегі сеп болып отып. «Ауылдың ажары – азаматынан» деген қанатты сөз бар емес пе бұрынғылардан қалған. Осы сөз дөп айтылған. Сол ауыл азаматтары орталықта тұратын жандарға қолдарынан келген көмегін жасауда. Мысалы, Жасұлан Тыныбеков деген азамат өзінің жекеменшік «Камаз» жүк көлігіне тіркеме тіркеп Шұбаркөлден көмір жеткізіп жүр. Жердің шалғайлығына қарамастан бағасын да елдің келіскен бағасынан асырмауда. Яғни, тоннасы 16 мың теңгеден. Көп жерлерде көмірдің бағасы 17-18 мыннан айналып жатқанда, біздегі баға ауыл тұрғындары үшін аса жоғары емес.
Шөптің де жайы осындай. Шаруа қожалықтары өздерінен артылған шөпті орталық тұрғындарына келісімді бағамен жеткізіп берді. Қазір әр үйдің ауласында көмірі түсіріліп, шөбі маяланып тұр. Судан да, жарықтан да кідіріс болмайды. Тек, төтеннен келер пәлесінен сақтасын, – дейді Бауыржан Әлімбек.
Орайы келгенде айта кетейін, биыл орталықтағы тұрғындардың барлығының малын қоса есептегенде 750 бас сиыр, 2100-дің үстінде қой мен ешкі қысқа түсіп отыр. Округтегі 400 бас құстың дені де осы орталық тұрғындарының қорасында. Ел жемнен де кенде болмайды. Жылда Жаңарқаның азаматы Құмар деген жігіт қабы 1300 теңге тұратын тартылған жем (отруб) әкеп, саудалап жүр екен. Ол жігітті ауылдықтар биыл да күтіп отыр.
Түйін
Округ әкімі Бауыржан Әлімбекұлымен болған әңгімеден ұққанымыз, ауылдың іргесі берік. Шалғайдағы малды ауылдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары күн санап ілгерілеп келеді. Шаруашылық өрістеп жатыр. Осының барлығы әуелі бірліктің, содан соң алға ұмтылған еңбектің арқасы. Сол еңбектің арқасында елдің еңсесі биік, әлеуметтік әлеуеті жоғары. Тұрмыстары құтты қалалық жердегідей.
Туған жердің төсін түлеткен, адал еңбегіне сүйенген Борсеңгір ауылының тұрғындары қазір қысқа қамдануда. Мал қораларының маңындағы қаз-қатар тізілген қоянжон маялар молшылықтың белгісіндей. Елдің келешекке деген ынтасы ел ішіндегі берекені айқын аңғартып тұрғандай.