Меже – биік, міндет – мерейлі
Ұлытау ауданының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ тізгінін ұстаған аудан әкімдігінің кеңейтілген кезекті аппарат мәжілісінде өңірдің дамуы үшін маңызы зор мәселелер күн тәртібіне шығарылып, егжей-тегжейлі қарастырылды. Өзінің кіріспе сөзінде аудан басшысы жылды нәтижелі қорытындылауға қатысты тұжырымды пікірлерін ортаға салып, салалық мемлекеттік мекемелер басшылары мен кент, село әкімдерінің алдына тың талаптар қойды.
Мәжілісте биылғы жыл бюджетінің игерілу сапасына қатысты аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин сараптамалық сипаттағы хабарлама жасады. Ал алдағы 2021 жылға арналған бюджет жобасының басты бағыттарымен жиынға қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов таныстырды.
Тасболат Зайырұлы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, жыл соңына дейін жүзеге асырылуы тиісті жұмыстар ауқымы жетіп артылады. Нақтыланған бюджет қаржысының көлемді бөлігі елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз ету сапасын арттыруға, сумен жабдықтау жүйесін ретте келтіруге, аудан аумағындағы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, оның ішінде кешенді негізде музыкалық аспаптар сатып алуға және маңыздылығы осы аталған мәселелерден бір мысқал кем түспейтін басқа да салаларға бағытталған.
Ал Мақсұт Сәрсенбайұлының мәлімдеуінше, алдағы жылға арналған бюджеттің түсімі 6,5 млрд. теңгеге жуықтайды деп жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі Мемлекет басшысының Жолдауларында тапсырмаларға сәйкес, әлеуметтік және коммуналдық саладағы түйткілді жайттардың түйінін тарқатуға жұмсалатын болады.
Жиын барысында Берік Әбдіғалиұлы атап өткендей, тұрғындарды ауызсумен жабдықтау, автокөлік жолдарының сапасын көңілге қонымды деңгейге жеткізу, сұраныс қажеттілігіне орай, баспана сатып алу немесе жаңадан құрылыс жұмыстарын жүргізу – өзекті. Аудан орталығындағы балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер санының арта түсуі, балалардың демалыс лагерін ашу және өзге де осытектес шешімін күткен қажеттіліктер баршылық. Оларды орнықты орындау реттілігін жүйелі жоспарлап, тиімді жүзеге асыру – бірегей талап. Қысқасы, меже – биік, міндет – мерейлі.
Аппарат жиынында сондай-ақ, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсұт Ахметов алдағы жылдың қаңтар айында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауына әзірлік жұмыстары туралы хабарлама жасады.
Аудан әкімі жиында қарастырылған мәселелерге қатысты тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалу жайы қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Ахат Құрмансейіт.