Ұлытау облысының әкімі Жаңаарқа ауданының тұрғындарымен кездесті

Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен Жаңаарқа ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды. Бұл туралы облыс әкімі өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

«Жаңаарқа ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын және тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді талқыладық.
Жаңаарқа ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалады. Қазіргі уақытта жалпы құны 25,6 млрд теңгені құрайтын төрт инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Осы жобалар аясында 332 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қызылжар кентінде Сарысу өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар электр және су құбыры желілерін жаңғырту, Жаңаарқаны газдандыру, тұрғын үй салу және елдімекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру саласында жаңа мектептер салу, соның ішінде Түгіскен ауылында 300 орындық мектеп құрылысын жүргізу жоспарланған. Денсаулық сақтау саласында аудандық аурухананы жаңғырту және медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Кездесу барысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдадым. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты басшыларға тиісті міндеттер жүктеп, жобалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырдым.
Кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдап, олардың әрқайсысының мәселесін тыңдап, қосымша зерделеуді қажет ететін жайттарға назар аудардым.
Тұрғындардан түскен барлық өтініш белгіленген тәртіппен қаралады. Берілген тапсырмалардың орындалуы мен көтерілген мәселелердің шешілу барысын өз бақылауымда ұстаймын», – деді облыс әкімі.