ЖИ арқылы марқұмның фотосын «тірілтуге» бола ма: ҚМДБ түсіндірді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайтыс болған адамдардың суретін жасанды интеллект көмегімен жандандыруға қатысты түсініктеме берді.

Мүфтият мәліметінше, марқұмды сағынышпен еске алу, көңіл жұбату немесе жақсы естеліктерді жаңғырту мақсатында оның бейнесін жандандыруға рұқсат етіледі. Бұл шариғатқа қайшы емес.

Алайда мұндай әрекет адамның өткен шаққа байланып қалуына, қайғысын күшейтуіне немесе психологиялық зиян шегуіне себеп болса, оған тыйым салынады.

Сондай-ақ марқұмға көзі тірісінде айтпаған сөздерді айтқызуға, оның атынан жалған ақпарат таратуға және өзгертілген бейнелерді адамдарды алдайтын коммерциялық жарнамада пайдалануға қатаң тыйым салынады.

ҚМДБ мұндай технологияны қолдануда оның мақсаты мен адамға тигізетін әсері маңызды екенін атап өтті.