Қарағанды облысында экожобалар пулы әзірленуде
Қарағанды облысында экологияны жақсарту бойынша Жол картасы жүзеге асырылуда. Оған зиянды шығарындыларды азайту, қоршаған ортаны қорғау бойынша шаралар кешені кіреді.
Онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте қандай жұмыстар атқарылғаны және болашаққа жоспарлар туралы айтылды.
– Экология министрлігімен бірлесіп Қарағанды облысының 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешудің жол картасы бекітілді. Өңірдің негізгі ластаушылары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы екені белгілі. Кәсіпорын 2024 жылға қарай шығарындыларды 65 мың тоннаға азайтуға міндеттенеді. Сондай-ақ, компания 2030 жылға дейінгі экологиялық стратегия әзірледі, – деді экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Ісжанов.
Ол Жезқазған мен Балқаш тұрғындарының газдануға шағымдары туралы түсінік берді. Экологтар бұл қалаларда өндірісті жаңғырту қажеттілігі туралы айтады. Жезқазғанда мыс балқыту зауытының жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы жоспарлануда. Есептеулер бойынша, бұл күкірт диоксиді бойынша шығарындыларды 20 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Дархан Ісжановтың айтуынша, экология министрлігімен бірлесіп Жезқазған мен Балқаштағы «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС өндірістік алаңдарында эмиссияларды азайту бойынша Жол картасы әзірленеді.
Жиналыста заңсыз қоқыстар мәселесі туралы айтылды. Биыл ғарыштық мониторинг көмегімен 330 орын анықталды. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері оларды жоюмен айналысады.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Тазабеков 2022 жылға арналған жоспарлар туралы айтып берді. Жаңа экологиялық кодекс аясында облыста жобалар пулы әзірленуде.
– Бұл ҚТҚ полигондарын салу, бүлінген жерлерді қалпына келтіру, тазарту құрылыстарын көгалдандыру, қайта жаңарту және салу, өзен арналарын санациялау, бөгеттерді күрделі жөндеу, – деп нақтылады ол.
Бес жыл ішінде облыста 22,5 мың га аумақты көгалдандыру жоспарлануда. Ол үшін 100 миллион жасыл көшет қажет. Биыл «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясында бірқатар экологиялық акциялар өткізілді.
– Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін ерекше бақылауда ұстаймыз. Қосымша табиғат қорғау іс-шаралары есебінен экологияны жақсарту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Жоспарланған кесте бойынша Жол картасын орындау керек. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізу қажет. ҚТҚ полигондары экологиялық талаптарға сәйкес болуы тиіс. «Бірге таза Қазақстан» республикалық акциясын іске асыруды жалғастыру қажет, – деп тапсырма берді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.