Ұлытау жастары — TezTap төрінде
Жастардың білімін шыңдап, ойлау қабілеті мен таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған «Тез тап» интеллектуалдық ойыны ауданның құрылған күніне орай ұйымдастырылған онкүндік аясында өтті. Аудан әкімінің қолдауымен, Жастар орталығының ұйымдастыруымен өткен сайысқа бес команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Зияткерлік бәсекеде қатысушылар түрлі бағыттағы сұрақтарға жауап берді. Ғылым, музыка, спорт, аудан тарихы және логикаға қатысты тапсырмалар ойынның мазмұнын байытып, командалардан жан-жақты білім мен жылдам шешім қабылдауды талап етті. Әр кезеңде қатысушылар өзара ақылдасып, дұрыс жауапты табуға тырысты. Сайыс барысында біліммен қатар зеректік, шапшаңдық пен командалық үйлесім де маңызды рөл атқарды.

Тартысты ойынның қорытындысы бойынша «Мектепте 6 күн оқығандар» командасы бірінші орынға ие болып, 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Екінші орынды иеленген «Ulytau Brain» командасына 80 мың теңгелік, ал үшінші орын алған «Серпін» командасына 50 мың теңгелік сертификат табысталды. Сондай-ақ, белсенді қатысқан «Qazaq Style» және «Мәдениет TEAM» командаларына 30 мың теңгеден сертификат берілді.
Марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов қатысушыларды құттықтап, жеңімпаздарға ізгі тілегін білдірді.
Осындай зияткерлік сайыстар жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, қабілеттерін шыңдауға жол ашады. Алдағы уақытта интеллектуалдық ойындарды аудан көлемінде тұрақты өткізіп, оған барлық ауылдық елді мекендердің жастарын тарту жоспарланып отыр.
Альмира ОСПАН.
