Ұлытау ауданы: өткені – өнеге, бүгіні – береке
Осы тақырыпта Ұлытау ауданының құрылғанына 87 жыл толуына орай «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығы ұйымдастырған дөңгелек үстел өтті.

Мазмұнды бас қосуға аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рахат Шымбергенов, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Қасымбеков, аудандық «Ulytau» газеті Бас редакторының орынбасары Қайрат Кенжекұлы, аудандық мемлекеттік архивінің аривисі Қарлығаш Ізтілеуова, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығы басшысының орынбасары Гүлсұлу Балдуова, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ташенов, тыл ардагері Балымша Жарасбаева, еңбек ардагері Татулы Бимағанбетов қатысты.
Өз кезегінде іс-шараға қатысушылар айдар таққан тақырып аясында ауданның құрылу тарихына кеңінен тоқталып, ауданның қалыптасу кезеңдері мен жылдар бойы жеткен жетістіктерін баяндады.
Әңгіме барысында аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рахат Тақанұлы, ауданның арғы-бергі тарихына шолу жасап, өлке жайында мол мәлімет берді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Нығметұлы орамды ойларын ортаға салып, пайымды пікірін жеткізді. Тыл ардагері Балымша Жарасбаева есті естеліктер айтып, жиынға қатысушылардың жүрегіне терең әсер қалдырды. Бұдан кейін композитор жерлесіміз Жақия Бимағанбетовтың туғанына 100 жыл толуына орай інісі Татулы Рахманияұлы ағасының өнер жолын тілге тиек етіп, композитордың бірнеше әндерін орындап берді. Дөңгелек үстел жұмысын «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей – қорығы басшысының орынбасары Гүлсұлу Балдуова қорытындылап, іс-шараға қатысушыларға алғысын білдірді.
Шара соңында жиынға қатысушылар аудандық музей мен архив мекемесінің көрмесін тамашалады. Көрмеде Жақия Бимағанбетовтың кескіндеме құжаттары, естелік материалдары, фотолары көрсетілді. Сонымен қатар, аудандық музейдің көрмесінде өлкенің дамуы, өсіп-өркендеу жолы, аудан тарихы қамтылды. Көрмеде ауданның өткені мен бүгінгісінен сыр шертетін құнды жәдігерлер көп болды. Тақырыптық көрмеге экскурсиялық жұмысты аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Сәния Бірмағанбет жүргізді. Архив құжаттарының материалдарын Ұлытау аудандық мемлекеттік архивінің жоғары санатты архившісі Қарлығаш Ізтілеуова таныстырды.
Көрме жұмысына тыл және еңбек ардагерлері жоғары баға беріп, музей мен архив қызметкерлерінің мазмұнды жұмысына сәттілік тіледі.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
