Қарағандылық 30 оқушы «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпазы атанды
Қазақстанның ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары анықталды. Олардың ішінде Қарағанды облысының 30 оқушысы бар.
Олимпиада екі кезеңде өтті және еліміздің ауыл мектептерінің 5 және 6-шы сыныптарының 150 мың оқушысын қамтыды.
Олимпиаданың қатысушылары бірінші кезеңнің кешенді тестілеуін таңдау бойынша: қашықтан – онлайн режимінде немесе арнайы жабдықталған үй-жайларда өте алды. Бірінші турға Қарағанды облысынан 4 286 оқушы қатысты.
Екінші кезең өңірлік тестілеу орталықтары базасында офлайн режимде өткізілді. Екінші турда біздің облыстан 5-6 сыныптардың 162 оқушы қатысты.
Зияткерлік жарыстарға қатысушылар математикалық сауаттылық бойынша академиялық білімді, қазақ тілінде оқытатын оқушыларға – қазақ тілі, орыс тілінде оқытатын оқушыларға – орыс тілі, ағылшын тілі және жаратылыстану пәндерінен академиялық білімді бағалауға компьютерлік тестілеуден өтті.
Олимпиада қорытындысы бойынша екінші кезеңнің 5 мың қатысушысынан мың жеңімпаз іріктелді. Үздіктер қатарынан облысымыздың 30 оқушысы — 13 бесінші және 17 алтыншы сынып оқушылары табылды.
Алтыншы сыныпты бітірген олимпиада жеңімпаздары «Білім – инновация» лицейлері мен мамандандырылған мектеп-интернаттарда білім алу мүмкіндігіне ие болады. Ол үшін 16 маусымға дейін өтініш беру керек.
Өтініш беру үшін келесі әрекеттерді жүзеге асыру қажет:
1. https://1000bala.elbasyacademy.kz/ сайтындағы жеке кабинетке кіру және «мектептер тізімі» қосымша бетіне өту керек.
2. Ашылған тізімде мектепті таңдап, қабылдауға өтініш жасаңыз.
3. Назар аударыңыз: тек бір мектепті таңдау керек. Егер сіз таңдаған оқу орнын ауыстыруды шешсеңіз, алдыңғы мектептен өтінімді қайтарып алып, жаңа өтініш беруіңіз керек.
4. Өтінімді өңдегеннен кейін мектеп әкімшілігі сізге хабарласады.
Сонымен қатар, II кезеңнің барлық қатысушыларына Елбасы академиясының Birge Oqý онлайн-мектебінде тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Онлайн-мектепте еліміздің жетекші педагогтары математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен қосымша сабақтар өткізеді. Толық ақпаратты мына сілтеме бойынша алуға болады: birgeoqy.kz.
Естеріңізге сала кетейік, «Мың бала» жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен Еl Úmiti талантты жастарды анықтау және қолдау бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Олимпиаданы Елбасы академиясы мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырды.