Өмір жолы – өнеге

Маған өз ауылымның іргетасы кеше ғана қаланып құрылған сияқты болады да тұрады. Ол кезде біздер 9 жасар бала едік. Байқоңыр кеңшарына қарасты Құлжанбай бөлімшесінің сегіз жылдық мектеп-интернатында оқитынбыз. Жаста болсақ, өз өлкеміздің тыныс-тіршілігі, өсіп-өну жолдары, жаңа игі бастамалары, алғашқы қадамдары бәрі-бәрі есімде. Бұл бір жағынан туған жерге деген сүйіспеншілік пен қызығушылықтың әсері болар…

Алғашқыда біздің ауыл Байқоңыр кеңшарынан Қ.И.Сәтбаев атындағы кеңшар болып 1974 жылдың желтоқсан айында бөлініп шықты. Осы уақыттан бастап Қоскөл ауылының іргетасы қаланды. Менің мақалама арқау болып отырған кейіпкерімнің өмір жолы осы ауылдың тыныс-тіршілігімен тығыз байланысты.

Әрине, сол уақытта осы шетсіз-шексіз жапан далаға кеңшар құрылысын салу оңай болған жоқ. Жаңа шаруашылықтың орталығын ашу жолында аянбай еңбек еткен атпал азаматтардың еңбегі ерен.Олардың еңбек жолдары, жарқын істері бір-бір кітап боларлықтай дүние.

1975 жылдың ақпан айының 17-ші жұлдызында Жезді аудандық партия комитетінің және халық депутаттары аудандық Кеңестің ұсынысы бойынша Қоскөл ауылдық кеңесінің төрағалығына Түсіпбеков Доскен Оразұлы ұсынылды.

Бұл кісі еңбек жолын ферма зоотехнигінен бастап, білім саласында мектеп басшысы қызметін атқарған жоғары білімді, тәжірибесі мол азамат еді.

Доскен ағамыз 1940 жылы 1 қаңтарда Қарағанды облысы, Байқоңыр кеңшары “Ақши” бойындағы шаруа отбасында дүниеге келген. Ағамыз қызметте өз қарым-қабілетінің арқасында көптеген мақтау- марапатқа ие болыпты. 1977 жылы Социалистік жарыстағы жетістіктері үшін облыстық Кеңестің грамотасымен марапатталып, «Москвич» көлігін қоса алады.1983 жылы тағы да облыстық Кеңестің грамотасымен марапатталып, 300 сом ақшалай сыйлық алады. Досекең кезінде ауыл экономикасының өсіп өркендеуіне, білім, денсаулық, мәдениет,спорт салаларының дамуына өзіндік үлес қосқан тұлға.

Ол өте кішіпейіл, көпшіл еді. Үлкенге іні, кішіге аға бола білді. Елін жанымен сүйді, отбасының тірегі бола білді. Не жақсылық жасаса да туған ауылына жасады. Ақпейіл, адамгершілігімен халық ортасында абыройға бөленіп, адал қызмет атқарды. Ол кісі өзі атқарған – осы қызметте табаны күректей 20 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шығып, балаларына өшпестей еңбек үлгісін қалдырып 80 жасқа толған шағында дүниеден озды.

Бүгін бәрі кеше ғана сияқты еді. Сол жылдар да ауылда жаңа нысандар бой көтеріп, біраз үйлер салынды. Ол кезде ойын баласымыз ғой,бірде Досекеңе кездесіп қалдық. Ол кісі назарымызды өзіне аудартып әңгімесін бастап кетті. Сондағы айтқан әңгімесі:

– Мына тұсқа зәулім мектеп салынады, жанында өздерің ой-найтын ойын алаңы да болады, — деді.

Сол кездегі бала көңіл таңданыстарымыз кейіннен бәрі шындыққа айналды.

Кейін, есейе келе біліп жатырмыз ғой. Біздерге алдағы өсу жолымызға қанат бітіріп,қуантқан кісі Доскен аға екенін түсіндік. Содан бастап осы ағамызды жанымызға жақын тарттық. Ержетіп, есейе келе біз де ауылда еңбек еттік. Осындай асыл ағамыздың ақылын тыңдап, шәкірт бола білдік. Шынында да, Доскен ағамыз тау тұлғалы азамат еді. Арманы асқақ болатын. Халқына адал қызмет атқара жүріп,үлгілі отбасының да тірегі бола білді. Жолдасы – Әлкеева Рәзия өмірге 10 бала әкеліп, тәрбиелеп өсірген – Батыр Ана, «Алтын алқа» иегері, сауда саласының үздігі,ауыл көркемөнерпаздарының белді мүшесі болды. Аудан мәдениетіне қосқан үлесі шексіз.Бұл кісілер ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып немере, шөбере сүйген жандар.

Бертін келе, Доскен ағамыз өзі бас болып, 2001 жылы жеке шаруашылық құрды. Қазір шаруашылықты балалары Жамбыл, Серіктер басқарып отыр. Балаларының бәрі жоғары білімді. Өз мамандықтары бойынша әр салада қызмет істейді. Ағамыз ұл, қыз демей балаларының басын бір ымыраға қосып кеткен адам. Осындай бірліктерінің арқасы болар, қай науқандық жұмыс болмасын ұлдары, келіндері, күйеубалалары, қыздары жаппай атсалысып жатады. Ұйымдасқан ұтады деген осы емес пе?!

Доскен аға 2008 жылы Алланың ақ жолымен Үлкен қажылық шарттарын орындап, куәлігін алды. Алланы мойындап, намазын оқыды. Ел-жұртының, отбасының тілеуін тілеп, жамағатты жақсылық жолына үндеді. Жүрген жерінде, отырған отырыстарында баянды болашақтың әңгімесін айтатын. Ол кісінің жүзі жарқын еді. Халқының бетіне де тура қарай алды. Соңынан ерген ұрпағы да тәрбиелі, еліне сыйлы болып ержетті.

Бірде Доскен аға денсаулығына алаң болды ма кейінірек қалаға қоныс аудармақшы болып, ел-жұртына құдайы ас берді. Сол аста ол кісі «жас болса ұлғайды, қала ойда, қалада боламын, олайбұлай болып кетсем, елге әкеліп қоярсыңдар»-деген болатын.

Мұндай сөзді еліне деген мейірімі төгілген, жүрегі бар азаматтар ғана айтар еді. Осы сөзді естігенімізде ағаның туған ауылына деген сүйіспеншілік мәрттігін бір байқағандай едік.

Доскен ағалар қалаға қоныс аударғаннан кейін де жақсы жүрді, қуатты болды. Ауылға келіп тұрды, той-думанның төрінен табылды. Елдің мызғымас бірлігін тіледі.

Туған өлкесіне өз қолтаңбасын қалдырған ағамызға қолымыз қалт еткенде жиі хабарласып тұрдық. Аздап сырқаты барын еститінбіз. Доскен ағамыз төсек тартып көп жатпады. Бірде «ағамыз қайтты» деген қаралы хабарын естігенімізде, көңіліміз қатты құлазыды. Ағаның аманат сөзі есімізге түсті. Көп кешіктірмей мәйітті ауылға апаратындығы хабарланды. Мұны біз де құп көрдік. Ақыры ол кісінің аманаты орындалды.

Бүгінгі күні Досекең өмірден өтсе де, көңілден кетпейді. Жақсы адамдардың асыл бейнесі ойда көпке дейін сақталады деген осы екен. Марқұм Доскен аға да өзі іргетасын қалаған ауылының қыратынан еліне қарап тұрғандай болады да, тұрады маған.

Ағаның артында қалған дүйім жұрты, ізін жалғар ұрпақтары бар да, өнегелі өмірі де жалғасын таба бермек.

Жұмағали КЕНЖАЛИН.

ҚОСКӨЛ ауылы.