ҰЛЫТАУ: Қаракеңгірде қарымды істер бар

Аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ жұмыс сапарымен Қаракеңгір ауылдық округінде болып,  ауылдағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Жергілікті жұртшылық өкілдерімен жүздесіп, ортақ мүдделі тақырыптарға қатысты пікір алмасты. Бұқараның көңіл күйін бағамдап, талап-тілектерін зерделеді.

Алғашқы кезекте аудан басшысы атбасын «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен орта мектепке бұрды. Білім ошағы уақыт талабына сай жабдықталып, жаңғыртылған. Барлық пән кабинеттері бүгінгі күн сұранысына жауап бере алатын техникалармен қамтамасыз етілген. Мектеп оқу жылын табысты аяқтап отыр.

Бұдан кейін ауылдың сыртқы келбет-кескініне көз жүгіртіп, санитарлық тазалық, абаттандару және көгалдандыру бағытындағы жүмыстар нәтижесімен танысқан аудан әкімі жергілікті ақ халатты абзал жандармен кездесті. Оның барысында індеттің өршіп кетпеуіне қатысты әрекеттер таразыланып,  тұрғындарға екпе салу мәселесі сөз болды. Осы тұрғыда нақты тапсырмалар берді. Биылғы жылы ауылда жаңа медициналық орталық салынбақшы.

Сапар соңында жергілікті клубта тұрғындармен шағын жиын өткізген Советбек Тұрсынұлы жұртшылықты еркін әңгімеге шақырды. Қарымды істерді әлі де әлеуетті ете түсу қажет екенін атап өтіп, туындаған сауалдарға тұщымды жауап қайтарды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына жалпы аудан бойынша атқарылатын жұмыстар көлемі туралы әңгімелеп берді.

Жиын түйінінде халықты ерікті негізде вакцина салдыруға шақырды. Сондай-ақ, биылғы жылы өтетін ауылдық округ әкімінің сайлауына белсене қатысып, азаматтық ұстанымдарын айғақтауға үндеді.