Өзекті мәселелер зерделенді

Ұлытау облысының əкімі Есет БАЙКЕН қызметіне тағайындалған күннен бастап өңірдің тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, аудан-қалаларды аралауға басымдық беріп келеді. Алғашқы жұмыс сапарларының бірі аудан орталығы – Ұлытау ауылында өтіп, онда əлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылым жəне халықтың тұрмыс сапасына қатысты өзекті мəселелер көтерілген болатын. Енді өңір басшысы ауданның шалғай ауылдары мен кенттерін аралап, жергілікті жердегі нақты ахуалмен танысуға кірісті.

Бұл – облыс дамуының шынайы көрінісін бағалап, əрбір елді мекеннің ерекшелігі мен қажеттілігін ескере отырып шешім қабылдауға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы.
Жұмыс сапары аясында облыс əкімі Жезді жəне Қарсақбай кенттері мен Байқоңыр ауылындағы əлеуметтік, өндірістік жəне инфрақұрылымдық нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайына жан-жақты баға берді. Мұндай сапарлардың ерекшелігі – кабинеттегі есеппен шектелмей, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей əсер ететін мəселелерді сол жерде көріп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеуінде.
Сапар барысында білім беру, денсаулық сақтау жəне спорт нысандарының жұмысына ерекше назар аударылды. Себебі, кез келген өңірдің тұрақты дамуы ең алдымен əлеуметтік инфрақұрылымның сапасына байланысты. Бұл бағыттағы мəселелерді зерделеу ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі екенін аңғартады.

Өңір басшысы Қарсақбай металлургия зауыты мен гидротехникалық учаскесінің жұмысымен танысып, өндірістік əлеуеттің бүгінгі жай-күйін бағалады. Қарсақбай – қазақ өнеркəсібінің тарихында ерекше орны бар елді мекен. Сондықтан, өндірістік нысандардың тиімді жұмыс істеуі тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, тарихи өндіріс орталығының дамуын сақтап қалу тұрғысынан да маңызды.
Сапар бағдарламасына академик Қаныш Сəтбаевтың музей-үйіне бару да енгізілді. Бұл тарихи-мəдени мұраны сақтау мен оны болашақ ұрпаққа насихаттаудың маңызын көрсетеді. Сонымен қатар, облыс əкімінің жергілікті тұрғындармен кездесуі халықтың ұсыныс-пікірін тікелей тыңдап, өңірдің өзекті мəселелерін нақтылауға мүмкіндік берді.

Жұмыс сапары барысында инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына ерекше көңіл бөлінді. Облыс əкімі Жезді–Қоскөл автомобиль жолындағы орташа жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, жол құрылысының белгіленген мерзімде əрі сапалы аяқталуының маңызын атап өтті. Жол – елді мекендердің экономикалық белсенділігі мен тұрғындардың өмір сапасын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Сондықтан көлік қатынасының жақсаруы ауылдардың дамуына жаңа серпін береді.
Байқоңыр ауылына барған өңір басшысы мектеп пен фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысты. Соңғы жылдары ауылда балалар мен жастар санының тұрақты өсуі байқалып отырғаны ерекше назарға алынды. Бұл ауылдың демографиялық əлеуетінің сақталып отырғанын білдіреді. Мұндай жағдайда білім беру инфрақұрылымын уақыт талабына сай жаңғырту – келешекке салынған инвестиция. Осыған байланысты облыс əкімі ауыл мектебін жаңғырту қажеттігін ерекше атап өтті.
Жол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – Қарсақбай–Байқоңыр автомобиль жолының 51 шақырымдық учаскесіне асфальт төсеу жұмыстары. Өткен жылы басталған бұл жоба биыл толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Жобаның жүзеге асуы шалғай ауылдардың қатынасын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың əлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығына да оң ықпал етеді.

Жұмыс сапары «Бұланты шайқасы» тарихи кешеніне барумен қорытындыланды. Бұл – ұлттық тарихты ұлықтау мен тарихи орындарды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың жалғасып жатқанын көрсететін маңызды қадам. Туристік əлеуеті жоғары мұндай нысандар өңір экономикасының қосымша драйверіне айналуы мүмкін.
Жалпы алғанда, облыс əкімінің бұл жұмыс сапары бірнеше маңызды бағытты айқындап берді. Біріншіден, əлеуметтік нысандардың жай-күйі мен халыққа көрсетілетін қызмет сапасы бақылауда тұр. Екіншіден, жол жəне инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырылуда. Үшіншіден, өндірістік жəне тарихи нысандарды қатар дамыту арқылы экономикалық өсім мен мəдени мұраны сақтау арасындағы сабақтастық қамтамасыз етілуде.
Сапар қорытындысында Есет Байкен жауапты облыстық басқармалар мен аудан əкімдігіне анықталған мəселелерді кезең-кезеңімен шешуді, əлеуметтік жəне өндірістік нысандардың тиімді əрі сапалы жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл тапсырмалар өңірлердің нақты қажеттілігіне негізделген басқару тəсілінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Ұлытау ауданының шалғай ауылдары мен кенттеріне жасалған бұл сапар өңірдегі өзекті мəселелерді көзбен көріп, нақты шешім қабылдауға бағытталған жұмыс форматының жалғасып жатқанын аңғартты. Мұндай тəжірибе облыстың əрбір елді мекенінің əлеуетін тиімді пайдаланып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған ұзақмерзімді даму стратегиясының маңызды бөлігі болып саналады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.