Құрметті жерлестер!

Сіздерді Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Домбыра – халқымыздың ғасырлар бойы үзілмей жеткен рухани мұрасы, ұлттық болмысымыз бен мәдениетіміздің алтын қазығы. Оның қоңыр үні бабалар аманатын, елдік пен ерліктің, бірлік пен татулықтың асыл құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді.

Ұлытау – ұлт тарихының алтын бесігі, қасиетті күй өнерінің де киелі мекені. Бұл өлкеде дүниеге келген ұлы күйшілер мен жыршы-термешілердің мұрасы – халқымыздың баға жетпес қазынасы. Сондықтан Ұлттық домбыра күні – ұлттық өнерге тағзым етіп, төл мәдениетімізді ұлықтайтын ерекше мереке.

Бүгінде өңірімізде дәстүрлі өнерді дәріптеу, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Домбыраның күмбірлеген үні әр шаңырақтан естіліп, халқымыздың рухани тұтастығын нығайта берсін.

Осынау мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Еліміздің еңсесі биік, бірлігі бекем, рухы асқақ болсын!

Дастан РЫСПЕКОВ,
Ұлытау облысының әкімі.