Жезқазған–Қарағанды автожолының құрылысы ресми түрде басталды
Республикалық маңызы бар Қарағанды – Жезқазған жаңа автожолының құрылысына ресми түрде старт берілді. Жалпы ұзындығы 457 шақырымды құрайтын жолдың 335 шақырымы Ұлытау облысының аумағы арқылы өтеді. Жобаның тапсырыс берушісі – «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ.

Құрылыс жұмыстарының басталу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қатысты.

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, бұл – еліміздің көлік инфрақұрылымындағы стратегиялық маңызы зор жобалардың бірі.
– Бүгін біз үшін тарихи күн. Қарағанды – Жезқазған автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстарын бастап отырмыз. Болашақта бұл автожол елдің солтүстік және орталық өңірлерін оңтүстік аймақтармен байланыстыратын аса маңызды көлік дәлізіне айналады. Дайын болған учаскелер бойынша қозғалыс бүкіл трассаның құрылысы толық аяқталғанын күтпей-ақ, кезең-кезеңімен ашылатын болады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жаңа автожол қолданыстағы трассамен қатар салынады. Жоба аясында қауіпсіздік пен сапаның заманауи талаптарына сай келетін ІІ техникалық санаттағы екі жолақты автомобиль жолы бой көтереді.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев бұл жобада Қазақстанда алғаш рет DBM (Design – Build – Maintain) моделі қолданылып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, мердігер ұйым жобалаудан бастап құрылыс пен нысанды жеті жыл бойы күтіп-ұстауға дейін толық жауап береді. Мұндай тәсіл жобаны тиімді жүзеге асырып, мерзімнің созылуы мен шығындардың арту қаупін азайтады. Жолды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

– Барлық жауапкершіліктің бір ғана мердігер ұйымның қолына шоғырлануы жобаны іске асыру үдерісін тиімді әрі ашық етеді. Жұмыстарды 2029 жылы аяқтап, осы жол учаскесінде көлік қозғалысын ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Дархан Иманашев.
Құрылыс жұмыстары бір мезгілде төрт учаскеде жүргізіледі. Қазір құрылысшылар аумақты дайындау, жобалау және жер төсемін салу жұмыстарын бастап кетті.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті. Оның сөзінше, жаңа жол өңірлерді ғана емес, адамдарды да жақындастырып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және жаңа мүмкіндіктердің ашылуына ықпал етеді.
– Осы маңызды жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасының Үкіметіне шынайы ризашылығымды білдіремін. Жақын арада бұл жол өңіріміздің жаңа даму кезеңінің жарқын нышанына айналатынына сенімдімін. Жаңа трасса өңірлерді ғана емес, адамдарды да өзара жақындастырып, өркендеуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашсын, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз кезегінде Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков республикалық маңызы бар бұл автожолды қайта жаңғыртуды өңір тұрғындары мен мыңдаған жүргізуші ұзақ жылдар бойы күткенін айтты.

Жоба толық аяқталғаннан кейін өңірлер арасындағы көлік қатынасы жақсарып, жол қозғалысының қауіпсіздігі артып, жол жүру уақыты едәуір қысқарады. Бұл жоба Қарағанды және Ұлытау облыстары үшін ең ірі инфрақұрылымдық бастамалардың біріне айналмақ.
