Өзекті өртер өкініш

Қазан төңкерісінен кейін билікті қолына алған қызылдар қынынан қылышын суырып, халықтың апшысын қуыра келді. Жаңа үкімет қазақ халқына алапат апат әкелді, байлардың мал-мүлкін тәркілеп, өздерін отбасымен жер аударды. Олардың жақындарын да жай қалдырмай, жайпап салды. Қарапайым халықтың малын сыпырып алып, жаппай ашаршылыққа ұшыратып, қару жұмсамай, қан шығармай қыру мақсатын ұстанды. Қасақана жасалған қастандықтан миллиондаған қазақ опат болып, жапан далада көмусіз қалды…

Адамның жаны түршігер осынау сұмдық қылмыс үшін ешкім жазаланған жоқ. Өйткені, бұл үкімет басында отырғандардың жауыздық ұстанымы болатын. Сондықтан да, қазақ халқының ашаршылықтан қырылып жатқаны қызылдардың сезімдерін селт еткізбеді. Пейілі аппақ елдің көрген құқайы мұнымен тиылмады. Қаскөй билік халықтың қамын ойлаған, елім деп егілген арыстарымызды қуғын-сүргінге ұшыратып, «жапонның тыңшысы», «халық жауы», «ұлтшыл» деген жалған жала жауып, жазықсыз атты, қисапсыз қырғынға ұшыратты. «Барсакелмеске» жер аударып, көздерін жойды.

«Жапон тыңшысы» атанып, жалалы болғандардың басым дені жер бетінде Жапония деген елдің барын да білмейтін еді.

Ал ұлтшылдық мәселесіне келсек, нағыз ұлтшылдар сол үкімет басында отырғандардың өзі еді. Олар қазақтың тіліне, дініне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына үзілді-кесілді тыйым салды. Бұл қызыл империя алғашқы күннен бастап ұстанған жаппай орыстандыру мақсатындағы оспадар саясаттың айғақты көрінісі еді.

Ұлытау өңірінен де талай асыл азамат қуғын-сүргінге ұшырады. «Үндеместер» бір түнде ұстап әкеткен сол тұлғасы биік есіл ерлер саясат құрбанына айналды. Олардың қатарында Тайжан Қалмағанбетов, Құрмансейіт Баймағанбетов, Қожахмет Байболов, Баттал Мәдиев, Хамзе Кәдірбеков, Әбдіманат Үкібаев, Шубай Қазанғапов, Жүнісбек Смайылов және басқалары секілді халықтың қамын ойлаған, қалың қауымның ертеңі үшін ерінбей еңбек еткен асыл азаматтар бар еді. Ұрпақтары олардың мүрдесінің қайда қалғанын да білмейді. Әрине, бұл – орны толмас, өзекті өртер өкініш!

Аллаға шүкір, егемен ел, тәуелсіз мемлекет болғанымызға 30 жыл болды. Арыстардың есімін ел есінде қалдыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы – Ұлытау ауданының орталығында ауданның бұрынғы басшысы, қазіргі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиевтің бастамасы және тікелей ұйытқы болуы негізінде орнатылған «Тағзым» тақтасы.

Бүгінгі саналы ұрпақтың салмақты әрекетінің бірі осындай болса керек. Осы тектес игі істер үзіліссіз жалғаса беруі тиіс. Бұл – қастерлі парыз!

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,

Қазақстанның Құрметті журналисі