Ардақты ағайын!

Құрметті аудан тұрғындары!

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл датаның тарихы – қазақ жұртшылығы үшін тым қасіретті. Ұлт тарихында «ақтаңдақ» аталған нәубетті жылдар аз болған жоқ. Әсіресе, өткен ғасырдың 30-50-ші жылдары халықтың қабырғасын қайыстырып, еңсесін езген оқиғаларды ұмыту, әсте, мүмкін емес.

Бұл күні біз азапты кезеңдер құрбандарын еске алып, рухына тағзым етеміз. Өткенге ойша оралсақ, 1916 жылғы топалаң, одан кейін азамат соғысы, 1928-1929 жылдардағы мал-мүлікті тәркілеу, 1931-1932 жылдардағы ашаршылық, 1937-1938 жылдар үлесіндегі саяси-қуғын сүргін – осының бәрі исі қазақты баудай түсірді.

Бірақ, маңдайалды асылдарын жоғалтқан қазақ қанша зұлмат болса да, тағдырдың қыл көпірінен аман өтті. Уақыт өте келе етек-жеңін жиды. Іргелі Тәуелсіз ел болды.

Кейінгі ұрпақ нәубет жылдары Отанына кіршіксіз адалдығын сақтап, қиыншылықты қайыспай көтере білген есіл ерлердің жарқын бейнесін мәңгі ұмытпайды.

Бұл күн өткенге үңіліп, болашаққа бағдар жасау үшін керек. Зұлматты кезеңге куә болған адамдар, қуғын-сүргіннің құрбаны болған азаматтардың ұрпақтары бүгінгі ел Тәуелсіздігіне тәубе етеді.

Тарихтың көз жасын көрмеген ұлттың, одан сабақ алмаған жұрттың адасуы көп болары анық. Сондықтан, біз бабалар бастан кешкен тарихты жиі еске алып отыруға тиіспіз.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болған азаматтар тарихта өшпес із қалдырды. Олардың туған елі мен жеріне сүйіспеншілігін өскелең ұрпаққа жеткізе отырып, патриоттық сезімін ояту – басты міндет. Қазіргі таңда өркениетті елдер қатарына қосылуды мақсат тұтқан егемен елдің бүгіні оңай келмегенін жас ұрпақ біліп жүруі тиіс.

Бабалар рухы қолдап, Тәуелсіз елдің әр таңы нұрлы болғай!

Советбек МЕДЕБАЕВ,

Ұлытау ауданының әкімі.

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,

аудандық мәслихаттың хатшысы.