Дауды бітімгершілік жолмен шешу – заман талабы

Қазіргі қоғамда түрлі келіспеушіліктер мен даулардың туындауы – қалыпты жағдай. Алайда, кез келген мәселені сот арқылы шешу міндетті емес. Осындай жағдайда тиімді әрі өркениетті жолдардың бірі – медиация. Қазақстанда бұл бағыт Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы арқылы реттеледі.

Медиация – тараптардың өзара келісімге келуіне бағытталған процесс. Мұнда басты рөлді бейтарап тұлға – медиатор атқарады. Ол ешкімнің сөзін жақтамайды, тек екі жақтың да пікірін тыңдап, ортақ шешім табуға көмектеседі. Ең маңыздысы – шешімді сот емес, дауға қатысушылардың өздері қабылдайды.
Бүгінде медиация азаматтық, отбасылық, еңбек дауларында кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, ажырасу кезінде мүлік бөлу немесе балалардың тағдырына қатысты мәселелерді сотқа жеткізбей, келісім арқылы шешуге болады. Бұл тек уақытты ғана үнемдеп қоймай, адамдар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді.
Медиацияның тағы бір маңызды артықшылығы – құпиялылық. Сот процестері көбіне ашық өтсе, медиация барысында айтылған ақпарат сыртқа шықпайды. Сонымен қатар, бұл әдіс қаржылық жағынан да тиімді, себебі сот шығындарына қарағанда әлдеқайда арзан.
Қазіргі таңда елімізде медиация институты қарқынды дамып келеді. Мектептерде, мемлекеттік мекемелерде, тіпті ауылдық жерлерде де медиаторлар қызмет көрсетуде. Бұл қоғамдағы дауларды азайтып, адамдардың бір-біріне деген түсіністігін арттыруға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, медиация – заманауи қоғам үшін аса қажет құрал. Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы аясында бұл жүйені дамыту – елдегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтудың маңызды қадамы. Сондықтан, әр азамат дау туындаған жағдайда ең алдымен келісім жолын қарастырғаны абзал.

Аян ЕРЖАНОВ,
Ұлытау аудандық сотының аға сот жасауылы.