Чернобыль апаты – ұмытылмайтын қасірет
Адамзатқа орны толмас қасірет әкелген Чернобыль апатына 40 жыл толды. Арада қанша жыл өтсе де адам жанының жазылмас жарасына айналған жарылыс елдің есінде. Қатерлі оқиға – 1986 жылы Кеңестер Одағы тұсында болған жағдай. Сол кезде Чернобыль атом–электр станциясының төртінші блогі жарылып, алапат апат Украинада орын алды. Бұл – әлемдегі ең ірі апат ретінде тарих бетінде қара дақ болып қалды.

Чернобыль апатының зардабы мен залалын қалпына келтіруге одақтас республикалардан мыңдаған адам Украинаға келіп, апат салдарын жоюға кірісті. Мақалаға арқау болған кейіпкер Өмірзақ Байторин – Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан Ұлытаудың азаматы. Ол әскери міндетін атқарып келген соң, күтпеген жерден әскери комиссариат арқылы Украинаға атанады. Бұл – 1987 жыл болатын. Сол жылы Өмекең атом–электр станциясы орналасқан аймақтан отыз шақырым қашықтықта орын тепкен «Зеленый Мыс» деген жерде болып, апат зардабын жоюға қатысады. Бұл жұмыр жер бетіне ауыр қайғы әкелген ғасыр қасіреті еді. Міне, содан бері қаншама жыл өтті. Қазір Өмірзақ Алпысбайұлы 65 жаста. Чернобыль апатын жоюға қатысқан қаһармандардың бірі. Оның өмірдастаны Ұлытау өңірінен тамыр тартады. 1961 жылы Ұлытау ауданына қарасты Айыртау бөлімшесінде туған. Бастауыш сыныпты №1 Ұлытау орта мектебінде оқыған. Кейіннен ата-анасы жұмыс бабымен Сәтбаев қаласына қоныс аударып, онжылдықты кенді өлкеде аяқтайды. 1980 жылы әскер қатарына шақырылып, екі жыл Отан алдындағы борышын Польшада өтеп келеді.

Уақыт өте келе заман да өзгерді. Өмірзақ Алпысбайұлы үлкен ордалы отбасына айналды. Зайыбы Қайша екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріп, солардан бес немере сүйіп отырған жандар. Балалары елге сыйлы, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Өмекең №65-ші шахтада ұзақ жыл дәнекерлеуші болып, 2024 жылы зейнеткерлікке шықты. Еңбегі де бағаланып «Еңбек ардагері» төсбелгісін алған. Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан ардагер ретінде бірнеше орден – медальдармен марапатталған. Ол үшін атақ пен абырой – ел сенімінен шығу, халықтың алғысы. Адал еңбек пен еңбекқорлық оның бойына біткен тиесілі қасиеті.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
