Қарағанды облысында ТЖ кезінде халыққа көмек көрсету үшін 130 волонтер оқытылды
«Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалы облыстық ТЖД-мен бірлесіп 130 еріктіні оқытып шығарды. Нәтижесінде ТЖ жағдайында халыққа көмек көрсету бойынша 25 мобильді волонтерлік команда құрылды. Мобильді топтарды қамту географиясы – Осакаров, Бұқар Жырау және Шет аудандары, сондай-ақ Қарағанды қаласын құрайды.
– Біз аудандарды кездейсоқ таңдаған жоқпыз. Олардың барлығы төтенше жағдайларға бейім. Бұл елді мекендерде су тасқыны мен су басып кету жиі кездеседі. Алдымен еріктілер дайындықтан өтті. Осыдан кейін олар кент тұрғындары үшін онлайн-оқыту өткізді, бұл әрбір елді мекен үшін тәуекел картасын әзірлеуді және зерделеуді білдіреді, – деді «Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Татьяна Абрамова.
Алты ай ішінде мобильді командалар бірқатар рейдтер мен акциялар өткізді. Олар ТЖ жағдайына арналған іс-қимылдардың егжей-тегжейлі нұсқаулығымен отбасылар үшін 116 жоспар құрды. Жобамен 50 мың адам қамтылды.
Бастама «Шеврон» компаниясымен серіктестікте Орталық Азияның Еуразия Қоры (ОАЕҚ) әзірлеген Qolda 2.0 шұғыл көмек бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.