Білікті маман, іскер басшы
Қазіргі таңда қолынан іс келетін инженер-техник мамандықтарына деген сұраныс күн санап артып келеді. Оны біз бастан кешкен ұшқыр уақыт ырғағының өзі сағат сайын дәлелдеп отыр. Иә, инженер деп ауыз толтырып айтарлықтай, өз мамандығының болашағына титтей кір келтірмей, күні-түні соның абыройының төмендемеуі үшін жанын салып, білек сыбана еңбек етіп жүрген қазақ азаматтарының көп болмаса да, аракідік кездесіп қалатындығын жақсы білем. Жақсы білем дейтінім, ол — саналы ғұмырымның біраз бөлігін тау-кен саласында еңбек етіп, азды-кем өзім айтқандай, озық ойлы, берген уәдесіне берік, қай ортада жұмыс істемесін, жүрген жолында өзіне лайық із қалдырып кететін атпал азаматтарды жан-жақты зерттегендіктен, өндіріс тақырыбында жанашырлықпен сырласатындықтан, яғни тонның іші бауындай аралас-құралас жүргендігімнің арқасы болар. Солардың бірі һәм бірегейі – Талғат Мұзарафұлы Аханов.

Асыра айтқандығым емес, бұл – күллі Жезқазған, Сәтбаев жұртына белгілі есім. Талғат ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев қаласында, ұлағатты отбасында дүниеге келген. Атасы – Ахан 1937 жылғы атышулы дүрбелеңде жалған жаламен «халық жауы» атанып, ату жазасына кесілді. Абырой мен арды ту еткен қоғам қайраткері, әкесі Мұзараф Аханов ағай мен жарты ғасыр ұстаздық еткен, оның ішінде қырық жыл мектеп директоры болған анасы – Шабал Бейсембекқызының тәрбиесін алған Талғат орта мектепті ойдағыдай бітірісімен, Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетіне оқуға түсті.
Аталмыш оқу орнының тау-кен инженері мамандығын алған ол еңбек жолын «Жезқазғантүстіметалл» акционерлік қоғамына қарасты Оңтүстік Жезқазған кенішінде қатардағы кен жұмыскері болып бастады. Марқұм Мұзараф ағамыз да Ұлытау өңірінің өткені мен бүгінін жатқа білетін әрі шыңырауда жатқан байлық көзін ел игілігіне асыру жолында жанқиярлықпен еңбек еткен майталман инженер-геолог болатын. Ағамызбен де жақын араластық, ақыл-кеңесін тындадық. Жалпы, Ахановтар әулетінің тынымсыз еңбекқорлығының арқасында Ұлытау өңірі тарихынан алатын орындары ерекше. Осындай жан жадыратарлық лебізді ел аузынан естігенде біздің де бір арқаланып қалатындығымыз ақиқат. Екінің бірінің қолына түсе бермейтін өнегелі тәлім-тәрбие Талғатты да ерте есейтті. Ұжым жас жігіттіңалымдылығы мен шалымдылығын аңғарған соң, оны көп уақыт созбай, кеніш басшысы – аусым шебері етіп тағайындайды. Сатылап шахтаның бас инженері, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Оңтүстік Жезқазған кенішінің бас инженері қызметіне жоғарылады.
Талғат Мұзарафұлының іскерлік қабілетін байқаған сол кездегі корпорация бас директоры Юн Руслан Борисович: «Анненский» кенішін тұрба деп атаймыз, себебі, ғимаратының өзі тура тұрбаға ұқсас және ашылғаннан бері төрт жылда кеніш жұмысын жолға қоя алмаған сегіз басшы ауысты, «они вылетают как в трубу», – деп шарасызданып: «Аханов, сені сол орынға тағайындасам, сен де солардың артынан ұшатын шығарсың, ә?!», – деп сенімсіз әрі қалжыңдаған сынай танытқан екен. Алайда Талғат табанда не айта қойсын, «тұрба туралы хикаяның қай бағытқа қарай бет бұрғандығын уақыт көрсетер» деп іштей бекінсе керек. Жас басшының ерекше қабілет-қарымы мен елге деген жанашырлығы қысқа мерзімде-ақ айқын сезілді және берген уәденің нәтижесі біртіндеп көзге көріне бастады. Тоқсаныншы жылдың аяғында кеніштің өндірістік жоспары асыра орындалып, атақты «Анненский» кеніші заман талабына сай, жаңа дәуірін бастан кешті. Кенішті ол басқарған 1999-2001 жылдары жоспардан артық түскен қосымша табыс есебінен жиырмадан астам кенші-өндіріс озаттарына баспана мен коттедж үйлер берілді, ұжым жүйелі түрде үстемақы ала бастады. Сол жылдары жас директор тапсырмасымен тозығы жеткен Сәтбаев қалалық ауруханасының ауыз су, жылу, кәріз жүйелері күрделі жөндеуден өтті. Өзі самбодан бірнеше мәрте чемпион – Талғат Аханов қалалық спорт сарайын өзі басқарған кеніш балансына алып, толық жаңартып, халық игілігіне айналдырды. Мұндай игі бастамалар мұнымен де шектелген жоқ, Сәтбаев қаласындағы жаңа олимпиадалық кешенінің – мұз сарайы, футбол алаңы және 50 метрлік бассейннің бой көтеруіне де көреген басшының игі ықпалы тиген-ді.
«Кенші болу – жүректің қалауы. Ұлытау мен Сарыарқа атырабында миллиондаған жылдар бойы «үнсіз бұғып» жатқан кен байлығының рақатын қазақ қашан көреді деп, арман-қиялдың жетегіне енді ерудің қажеті шамалы. Қазақ даласындағы осынша байлықты ел игілігіне айналдыратын жан-жүрегі таза, өз басынан гөрі ел тағдырын көбірек ойлайтын маман-кадрлардың қарасы көп болса, кәнекей!, – дер еді де, Талғат мына мәселені де жадынан шығармайтын, – Несін жасырамыз, ата-бабамыз аманаттап, елдің несібесіне айналсын дейтін қазынабайлығымызды әлдекімдердің орта жолдан кигіліп, аш көздікпен білек сыбана кірісетіні бүйірге шаншудай қадалады-ай!..» Оңашада Талғатпен сырласа бастасаң, ой орманың кеңейіп, бұрын-соңды бастан кешпеген әдемі аураға тап боласың!
Талғат Мұзарафұлы өндірістен қол үзбей жүріп, Ресейдің халық шаруашылығы академиясы мен РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясын бітірді. Оның ғылыммен табанды айналысқандығының арқасында 28 ғылыми жаңалықтары патенттелді, бірнеше ғылыми мақалалары отандық және шет елдік басылымдарда жарияланды. 2009 жылы кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап шықты.
Т.Аханов 2006 жылы «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігіне Бас директор болып тағайындалды. Мен ол кезде Бас металлург қызметін атқаратынмын. Кен өндіру ісінің білікті майталманы, енді кен байыту, металлургия саласына да басшылық жасады. Қызмет барысында жиі араластым. Оның өндіріс басшылары, бөлім жетекшілері, мамандармен өткізетін жиналыстарына үзбей және қызығушылықпен қатысатынмын, сондағы байқағаным – Талғат Мұзарафұлының талапшылдығы, білім деңгейінің тереңдігі. Ол мың-сан салалы өндірістік бірлестік жұмысында кездесетін қиындықтар мен кедергілерді тез арада шешімін тауып, оң нәтижеге қол жеткізуге тырысатын. Технологиясы күрделі саналатын байыту фабрикалары, мыс қорыту, құю-механикалық зауыттарында жиі болып, жұмыскерлер мен инженер-техник қызметкерлерімен кездесуді, ашық пікірлесуді және өзгенің пайым-түсініктерімен санасып, екі жаққа да тиімді шешім шығарғанды жаны қалайтын. Байыту фабрикасындағы ескі флотомашиналарды әлемдік деңгейдегі заманауи флотомашиналарға ауыстыруға бірден ұйғарым жасады. Мыс қорыту зауытындағы қорғасынмен қапталған темір бетон электролиз ванналарын полимербетон ваналарына ауыстыру керектігін қолдап, кезең-кезеңімен жаңалаудың да тиімді жолдарын таба білді. Сол кездері Жаман Айбат, Жыланды кеніштерінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, межелеген уақытында кезең-кезеңмен іске қосылды. Өндірістік бірлестіктің техникалық-экономикалық көрсеткіштері жоспардан артығымен орындалды.
Бір есте қаларлық елеулі оқиға – менің әлі күнге дейін көз алдымда. Жезқазған қаласының қақ ортасына орналасқан тозығы жеткен спорт сарайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, объект толықтай бітіп жатқан-ды. Сөйтіп жаңартылған нысанды аралауға корпорация басшысы Владимир Сергеевич Ким шақырылған. Сан-түрлі тақырыпта әңгімелер өрбіді. Сол жерде Талғат Мұзарафұлының ұсынысымен 4,0 млрд. теңге қаражат бөлгізіліп, қала орталығындағы қоқыс үйіліп жататын қазан шұнқыр орнына Металлургтер паркі бой көтерді, он шақты жыл пайдалануға жарамай тұрған стадион қайта жөнделді. Салынған нысандардын қызығын қазір қала халқы да, келген қонақтар да молынан көруде. Ұлытау – туризм орталығы болу керек деген саясат басталған уақытта Талғат Мұзарафұлы сол кездегі Қарағанды облысы әкімдігі, Жезқазған қаласы мен Ұлытау ауданы әкімдіктерімен келісе отырып, Ұлытаудағы туризмнің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Ұлытау селосының жанында орналасқан «Қазақмыс» демалыс орны оның бастамасымен салынған-ды. Келетін шетелдік және отандық туристер ағынын арттыру мақсатында корпорация басшылығының қолдауымен Ұлытау ауданының орталығында орналасқан музейді заман талабына сай жаңғыртуға және оның қорын толықтыруға қомақты қаржы бөлдіргені және бар.
Жезқазған және Сәтбаев қалалары тұрғындары үшін «Спутник» саябағының орны ерекше. Кеншілер, металлургтер мен байытушылар отбасыларымен саяжайда ерте көктемнен күздің суығына дейін баубақша егіп, Кеңгір суына шомылып, балық аулап, мәз-мейрам күндерді бастан кешеді. Сол саяжай маңындағы жарамсыз қалған демалыс аймағын жөндетіп, қайта қалпына келтіріп, кеншілер мен металлургтердің игілігіне тапсырылды. Республика тарихында дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы Қарағанды облысынан шыққан Раков Максимге корпорациясы атынан көлік сыйлауға да мұрындық болған-ды.
2008 жылы Т.Аханов «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің Бас директоры болып тағайындалды. 2009 жылы оның тікелей тапсырысымен, тәжірибелі инженер-геолог Г.А.Иконников Батыс Жезқазған кенішінің бұрындары бекітілген мемлекеттік қорға көрсетілмеген 10 миллион тоннадан аса мыс кенін тапты. Соның арқасында кеніштің өмірі он жылға ұзартылды. Сол жылы Талғат Мұзарафұлының тапсырысымен «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінің үнемделген қаржы есебінен, Жыланды тобына қарасты Сарыоба кенішінде құрылыс-проходкалау жұмыстары басталады. Өкінішке орай жаңадан тағайындалған корпорацияның Бас директоры Дяченко мырза түкке тұрмайтын себептермен бұл жұмыстарды тоқтатты. Ол аздай ШПТ (шахта проходка тресі) директоры Қ.Керімқұловты негізсіз жұмыстан босатып, Сарыоба кенішінің жұмысын толығымен жауып тынды. Қазақтың: «жаны ашымастың, басы ауырмас» – деген аталы сөзі ойымызға оралады. Дяченко жұмыстан кеткеннен кейін, Сарыоба кенішінде құрылыс жұмысы жалғастырылды. Бүгінде бұл кеніште 1200 кенші еңбек етіп, мыс кенін қарқынды өндіруде. Арада бірнеше жылдар өткеннен кейін білімді инженер-кенші, іскер басшы Қайрат Керімқұлов бұрынғы қызметіне қайта тағайындалды.
Ана жолы Қарағанды қаласына іссапармен барғанымда Талғат Мұзарафұлының қабылдауында болғанмын, сонда келешектегі корпорацияның даму жоспарын, ұлттық инженер кадрлар құрамын көбейту, кеншілердің тұрмыс жағдайларын жақсарту жөнінде көңілге қонатындай біраз мәселені шегелеп, ортаға салған еді. Қанда бар қасиет: кемшілік көрсе күлтелектемей бетке айту, арының тазалығы үшін өтірік көлгірсуді білмейтін өжеттік, алған бетінен қайтпайтын қайсарлық – Талғаттың бойынан да молынан ұшырасатын. Өкінішке орай, тікелей осы салаға қатысы бар әкімсымақтар «өзім білемге» салып, оны ол қызметінен босатып, басқа жұмысқа ауыстырды. Білімді, қолынан іс келетін және туған халқына жаны ашитын азаматтарды аяқтан шалып, арман-масатының орындалуына кесірін тигізетін кесірлік бұрын да болған, ашық айтпағанмен қазір де осы керенау кеселден құлан-таза айыға алмай келеміз. Бірақ Ахановтың оған бола жігері жасып, мысы басылған жоқ, корпорация басшылары тарапынан ұсынылған қызметтерді абыроймен атқарып, болашақтан үлкен үміт күтумен келе жатыр. Білікті маман, іскер басшыға: «әрдәйім асығың алшысынан түссін» дегеннен басқа не тілек айтарсың!
Төлеген БҮКІРОВ,
Қазақстанның Құрметті металлургі, «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Ардагерлер кеңесінің басқарма төрағасы.
Суретте: Талғат Аханов.
