Ыстық ықылас – ынталандыру тәсілі
Кеше Ұлытау ауданының әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ аудандағы әр салада жетістікке жеткен іскер азаматтар мен сындарлы кезеңде ерлік үлгісін паш еткен тұлғаға тиісті марапаттарын табыс етіп, жас маманға көтерме жәрдемақы сертификатын тапсырды.
Аудан басшысы алғашқы кезекте Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталған Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысушы, Жезді кентінің тұрғыны Дүйсенбек Исмағұловтың омырауына награданы салтанатты жағдайда тақты.
Бұдан кейін жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында қарастырылған көтерме жәрдемақының сомасы 500 мың теңгені құрайтын сертификатын аудандық аурухананың дәрігер-хирургі Нұрбол Құдайбергенге зор ықыласпен табыс етті.
Сонымен қатар, аудан әкімі «Қайырымдылық керуені» республикалық конкурсына қатысушы жас кәсіпкерлер – Айзада Сансызбай мен Айдын Айтмұқанға конкурсты ұйымдастырушы тарап – Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаеваның Алғыс хатын тапсырды.
Марапаттар мен көтерме жәрдемақы сертификатын табыстау рәсімінен кейінгі өзінің қорытынды сөзінде Советбек Тұрсынұлы мерейі өскен жандарды ақжарыла құттықтап, ауданның одан әрі өркендеуі жолындағы еңбектері еселі бола берулеріне тілек қосты.
Жасұлан АЯШЕВ