Бағдар – айқын, талап – тегеурінді
Бейсенбі күні аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ жұмыс сапарымен Терісаққан және Шеңбер ауылдық округтеріне барды. Сапар барысында аталған ауылдардың бүгінгі таңдағы даму ахуалы жан-жақты зерделеніп, атқарылған іске нақты баға берілді. Сонымен қатар, алдағы міндеттер ауқымы айқындалды.
Аудан басшысы Терісаққан орта мектебіне атбасын бұрып, тыныс-тіршілігімен, білім ошағы ғимаратының жай-күйімен танысты. Жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.
Бұдан соң мектептің мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен жүздесіп, олардың сұраныстары мен көңіл күйлерін бағамдады.
Кездесуде ауыл әкімі Алмат Дүйсенбаев өткен кезеңге шолу жасап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жайында баяндады.
– Биылғы жылы мектептің шатыры ауыстырылады. Клубта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жуырда жаңа емхананың құрылыс жұмыстары басталады. Ауыл тұрғындарының үйлеріне ауызсу тартылған. Өкінішке қарай, электр желілеріндеток беру сапасына кері әсер ететін ақаулар бар. Сонымен қатар, интернет желісі өте қажет. Соған байланысты жұмыстарды қолға алдық. Мамыр айының аяғына қарай интернет желісін тартумен айналысатын фирма өкілдері келіп, жұмысты бастауы тиіс, – деді ауыл әкімі. Сондай-ақ, ол тал егу, спорт алаңын жөндеу, көшені жарықтандыру, тазалық мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде де ақпарат берді.
Аудан басшысы ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, оның ішінде, егін шаруашылығына баса көңіл аудару қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, індет қаупіне байланысты ауыл тұрғындарын вакцина алуға шақырды.
Жиын барысында ауыл тұрғындары емханаға автокөлік керек екенін айтып, интернет желісін іске қосу мәселесін жеделдетуді сұрады.
Жұмыс сапары соңында аудан басшысы әкімдік, емхана ғимараттарын аралап көрді.
* * *
Аудан әкімінің сапары бұдан кейін Шеңбер ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудан басшысы алдымен ауыл әкімдігі, емхана мектеп ғимараттарын мақсатты негізде аралап шықты. Ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігін қадап айтты және оларды ілкімді іске асыру үшін қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Советбек Тұрсынұлы жұмыс сапары барысында мәдениет ошағында ауыл тұрғындарымен кездесті.
Жиында ауыл әкімі Сағат Сұлтанов атқарылған істерге тоқталып, алдағы кезеңде жүргізілуі жоспарланған жұмыстар туралы хабарлама жасады.
– Биылғы жылы біз үшін үлкен жаңалық – күрежолға дейінгі 28 шақырым көтерме жолды күрделі жөндеуден өткізу жұмысының тиянақталуы, – деді ауыл әкімі өз сөзінде. – Клубқа күрделі жөндеу жүргізіліп, ел игілігіне берілді. Енді жаңа музыкалық аспаптармен толықтырылады. Ауылда воркаут ойын алаңы салынды. Бұған қоса, спорт жабдықтарымен балалар ойын алаңын салу жоспарда тұр. Тұрғындар ұялы байланыс, интернет желісі қызметін пайдаланып отыр. Алдағы уақытта ауыл тұрғындарымен бірлесе отырып, жоспарлы жұмыстарды ұтымды түрде жалғастыра береміз.
Жергілікті тұрғындар ауыл әкімінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын беріп, жылы лебіздерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі індеттің таралуына түбегейлі тосқауылы қою үшін халықты ерікті негізде вакцина алуға шақырды. Бұл мәселеде салғырттыққа бой алдыру өкінішке соқтыруы мүмкін екенін ескертіп, әркімнің өз денсаулығы мен жақындарының қатерден аман болуына мүдделілік танытуы – азаматтық парыз болуы тиістігін атап айтты.
Сонымен қатар, Советбек Тұрсынұлы ауыл клубына жаңа аспаптар мен музыкалық аппаратты салтанат түрде табыс етіп, өнер өрісінің кеңейе береріне сенім білдірді.
Қысқасы, бағдар – айқын, талап – тегеурінді. Біз аудан әкімінің ауылдарға жасаған жұмыс сапарынан осындай ой түйдік.
Жасұлан АЯШЕВ