Ауданда жағдай тұрақты
Ұлытау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан ТАНАБАЕВТЫҢ айтуынша, аудан аумағында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына баса мән беріліп, дерттің дендеп кетпеуіне қатысты алдын алу шаралары жіті қолға алынған.
– Ауданда қазір коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері 79 адам індеттің ілмегіне ілінсе, бүгінде олардың дені сауығып шықты. Қазір 9 адам Жезқазған қаласындағы модульді орталықта ем алып жатыр. Мұның сыртында, сырқаттармен байланыста болған 335 адам үй жағдайындағы карантинде болып, бақылауға алынды. Олардың да көбінен екі мәрте сынама алынып, індеттен айыққандығы айқындалды.
Десек те, аудан әлі «сары» аймақта тұр. Өткен аптада тағы екі адамнан сырқат анықталып, инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Оның бірі – Ұлытау селосының тұрғыны. Ол жұмыс істейтін мекеме карантинге жабылды. Ал, екіншісі – Борсеңгір ауылынан, 4 сыныптың оқушысы. Сондай-ақ, Аманкелді ауылынан бір зейнеткер осы кеселдің салдарынан қайтыс болды, – дейді ауданның бас санитар дәрігері.
Оның айтуынша, індеттің тиылмай тұрғанына тұрғындардың карантин шараларын сақтамауы себеп болуда. «Маман-дәрігер ретінде айтарым, мәселеге бей-жай қарамай, құзырлы органдардың ескертуіне құлақ асып, сақтық шараларын ұстану қажет.
Адамдар көп шоғырланатын жерге бармау, жиын-той өткізбеу, қолды ұдайы сабынмен жуып, антисептик пайдаланып, маска тағып жүру – басты талап. Бұл қағидалар күнделікті әдетімізге айналуы тиіс», – дейді ол.
Ауданның бас санитар дәрігері індеттің алдын алудағы басты шаралардың бірі – екпе салу жұмысының жайын да егжей-тегжейлі айтып берді.
– Бүгінгі күні аудан бойынша 440 адам вакцина алды. Олардың 90-ы екінші мәрте егілді. Әрине, онша көп емес. Бірақ, елдің ынтасы бар. Әсіресе ауылдардан келіп салдырып жатқан азаматтар баршылық. Ауыл тұрғындарын егу үшін арнайы бригада жасақталып, ел ішінде жүр. Бұл тұрғыда Қарсақ бай кенті мен Байқоңыр ауылының тұрғындары белсенділік танытып отыр. Егінді, Аманкелді ауылдарының тұрғындары да өз еріктерімен екпе алуда. Өкінішке қарай, күні кеше індет ошағы болған Алғабас ауылында екпе алу жұмысы баяу. Мұнда небары 25 тұрғын ғана екпе салдырған. Әрине, ешкімді күштемейміз. Бірақ, сақтық үшін екпенің орны ерекше екенін еске саламын.
Жасыратыны жоқ, екпе алудың баяу жүруіне алып қашпа әңгімелер себеп болып отыр. Осы орайда айтарым, екпенің еш қаупі жоқ. Мен өзім вакцинаның 2 компонентін де салдырдым. Соның нәтижесінде қауіпті кеселді жұқтырмайтыныма, ауыра қалған жағдайда жеңіл өтетініне сенімдімін. Екпенің басты пайдасы – ұжымдық иммунитет түзіп, пандемияны жеңіп, қалыпты өмірге ораламыз, – дейді Ерлан Танабаев.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ