Әзіретіде аты қалған Ханымбике
Қазақ халқына сан ғасырлар саяси және рухани орталық болған, сан қабат тарихы ежелгі заман өркениеттерінен ерте басталған Түркістан қаласында Әзіреті Сұлтан кесенесінің орны ерекше. Қазақ мемлекеті дүниеге келген ХV ғасырдан бастап, ХІХ ғасыр басына дейінгі уақыт ішінде ел тағдырын шешетін елеулі мәселелердің бәрі де осы жерде талқыға түсті. Басқа емес дәл осы Әзіреті Сұлтан кесенесінің қазақтың айбынды хандары мен сұлтандары, кемеңгер билері мен ержүрек батырлары, ғұлама тұлғалары мен құт қонған байлары жерленетін пантеон болуы сол себептен.
Осы жерде бәріміздің де онша ескере бермейтін бір мәселенің шеті шығады, ол не десеңіз, Әзіреті Сұлтанда көп болмаса да қазақ әйелдерінің жерленуі. Мысалы, Қазақ хандығының негізін құрған Жәнібек ханның қызы, шекарасын найзаның ұшымен сызып берген, «Қасқа жолдың» иесі, атағы жер жарған Қасым ханның қарындасы Аманбике 1518 жылы (хижра бойынша 925 жылы) осы кесенеде жерленген. Қабіртасында «бұл зират кешірілген, ізгілікке толы, адамдар назарынан жасырын, Барақ ханның ұлы Жәнібек ханның қызы Аман Бике ханшаға тиесілі. Қасиетті раджап айында хижра жыл санағы бойынша 925- ші жыл» деген мәтін бар.
Аманбике ханшаның өмір сүрген кезеңдері Қазақ хандығының күрделі кезеңімен тұспа-тұс, ал оның қайтыс болған уақыты Қасым ханның қуаты Жошы ханға теңескен, мемлекеттің күшіне енген тұсына сәйкеседі.
Әрине, Әзіреті Сұлтан кесенесінде Дәшті-Қыпшақты бірталай заман билеген, шартты түрде «Көшпелі өзбек мемлекеті» деген саяси құрылымды құрған Әбілқайыр ханның да жақын-жуықтары бар. Тарихнамада хан әулеттеріне қатысты деректер көбірек сақталғаны сөзсіз, сондықтан да Әбілқайырдың да, Жәнібек ханның да өмір тарихына қатысты еңбектерде көп әңгімелер айтылады. Бізге қызықтысы, қарасүйек қазақтың өз ішінен шығып, осы кесенеде жерленген Ханымбикеге қатысты деректер.
Бұл әңгіме кезінде қазақтың атақты тарихшысы, философы, ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын да қызықтырған болуы керек, соның бір нәтижесі «Ханымбике» атты қисса-өлеңі. Бұл ұзақ өлең тек Ханымбикеге ғана емес, жалпы қазақ әйеліне арналған, ол туралы сәл кейінірек.
Сонымен ғұлама Мәшһүр не дейді? Өлеңнің бісмілләсіндегі дидактикалық кіріспені алып тастасақ, тарихи деректер мына шумақтан басталады:
«Мұратқа шын іздеген жеткен екен,
Жеткендер қисса қылып кеткен екен.
Малай, Жәдігер-Жәнібек, Тінібекте,
Айтқожа деген біреу өткен екен».
Малай, Жәдігер – бұл Орта Жүз Арғын қауымдастығына кіретін Сүйіндік тобының ішіндегі шағын рулар. Бір қызығы насаб-намасы Сүйіндік болғанымен, бұлар Төртуыл деген атпен белгілі, яғни, жаугершілік уақытта құрған әскери-саяси одақтың атын сақтап қалған. Бұл одақ 1830 жылдарға дейін өмір сүрді және оның соңғы көсемі Баян аула дуанының алғашқы аға сұлтаны Шоң Едіге ұлы болды. Сүйіндік ортасындағы әңгімелер олардың Сыр бойынан 1727 жылдары бері қозғалғанын, жолда Ұлытауға біраз уақыт аялдағанын, содан кейін ғана байырғы мекені Баянауланы қалмақтан босатып алғанын айғақтайды. Бұдан шығатын қорытынды біреу– Малай, Жәдігер тобы жол ортасы Ұлытауда ескі атауды сақтап қалған.
Шежіреге қарағанда Сүйіндіктен – Суғыншы, одан Шуманақ, Мәжік. Қазіргі күні Шуманақ тобының көпшілігінің қыстаулары Баянауланың жан-жағында, ал Мәжіктен тарайтын Малай, Жәдігер ұрпақтары Ұлытау маңайында қоныс тепкен.
Мәшһүрдің өлеңінде айтылатын Айтқожа Малайдың төрт ұлының – Қатке, Дәулет, Жәнібек, Тінібек – Тінібегінен туады. Тінібектің Үлкен Алтын, Кіші Алтын деген екі әйелі болған, сол Кіші Алтыннан Жайлау, Айтқұл, Айтқожа, Кенжебай туады.
Біздің әңгімемізге арқау болып отырған Ханымбике осы Айтқожаның қатыны дейді шежіре:
«Айтқожа жігіт екен жұрт ағасы,
Қалмаған ас пен тойдан бір сабасы.
Қатынының аты екен – Ханымбике,
Босанбаған кедейден босағасы».
Ханымбикенің төркіні Арғын ішіндегі Бәсентиін деген елден екен, бауырларының аттары – Елдай, Иіс дейді, бірақ, жыр-қиссада олардың Бәсентиіннің қай атасына жататыны айтылмайды. Бәсентиін – өскен елдердің бірі, қазіргі күні қонысы Орта Ертіс бойы, ерте заманда Сыр мен Ертіс арасында көшіп жүрсе керек. Бір қызығы, Ертіс бойында Ханымбике аталатын көл бар.
Құдай Тағала Ханымбикеге көрікті де, ақылды да берген екен дейді:
«Суырылған шешен екен, көмей, тіл де,
Кигені – торғын, қамқа, үлде-бүлде.
Ұрғашы онан асар жан жоқ екен
Екі тап – Малай, Жәдігер деген елде».
Бір кемшілігі байлығы елден озған, өзі мәрт, өзі батыр Айтқожа мен Ханымбикені көп заман Құдай балаға зар қылып, тілегенін бермей, көре алмас ағайынның арасында «қубас» атанған екен дейді. Ол заманда әйелдің бала тумауы – трагедия, ағайынының ортасында да, елдің ішінде де төменшік болады.
Ел ол кезде қысы-жазы көшеді, бір көшіп-қонған кезінде Ханымбикенің елдің ішінде дөрекілеу мінезімен «қасқыр ауыз» атанған қайынағасы Ханкелді келінінің жұрттың алдында қайрат қылып үйін тігіп жатқанын көріп, сүйсінген болып:
«Ұл таппаған қатыннан сығыр мұндай, не деп айтқан,– лақты ешкі артық?!» – десе керек.
Осы сөз Ханымбикенің жүрегіне оқ болып қадалып, бір түннің ішінде жоқ болып кетеді. Не төркіні білмейді, не маңайындағы абысын-ажын білмейді, тек бір жылға жетер уақытта Бұқара қаласына барған кірешілер Имам Бахауеддин басында бір қазақтың әйелі бар екен деген сөзді естиді:
«Бір жылдан соң күнбатыс Бұхарадан
Бір хабар өліп-талып зорға жетті.
Біреуден біреу естіп құлақтанған,
Естілген, шын сөздей боп, болмай жалған.
Қожа Баһауалдин мазарында:
«Қатын бар, — деп,– қазақтан қаңғып барған!».
Малай, Жәдігер деген елден атқа мінуге жарайтын ер-азамат түгел жиналып, Бұхара шәрі қайдасың деп жолға шығады:
«Барса іздеп, Ханымбике шаһбаз екен.
Өңменнен естіген сөз өткен екен,
Қайраты хадден асып кеткен екен.
Екі етегін беліне түріп алып,
Жаяу ұшып Бұхараға жеткен екен.
Орта жолда дамылдап, ас-су ішпей,
Жалғыз жанның көзіне кеткен түспей.
Пенде қалай жетеді ойға алғанға,
От-жалын боп өртеніп, күйіп-піспей?!».
Ханымбике Бахауеддин әулиеге шын ықылас қойған соң, сол жерде алты ай қыс, алты ай жаз қызмет қылып жатқан соң, әулие «жеті ұл бердім» деп, түсінде аян қылып. алтауының атын өзі қойып берген екен дейді. Жауғаш, Биғаш – екеуі де ел қорғаған батыр болыпты.
«Жауғаш батыр атанып, қалмақта өліп,
Бір өзіне жеті ердің құнын алған.
Биғашы батыр болған онан да асқан,
Бәрі де ер боп туып, ұрандасқан», – дейді
Мәшһүр. Оларға тете Мырзалы, Мырзас туады, онан соңғы Байгелді, Бостанның да мырзалығы ешкімнен кем болмады.
«Тілеген соң көз-жасы болумен сел,
Аямастан Құдайдың бергенін біл!
Әулие атын қойған алтауының,
Тұқымы – осы күнде алты ру ел», – деп тиянақтайды жыр-қисса.
Заманында Кенесарының бас батыры болған Жанайдар сол Биғаштың немересі. Шежіреде Биғаштан – Байжігіт, Жанжігіт, Ақжігіт, Орынбай туады. Одан Орынбайдан – Жанайдар, Өтебай, Бектұрған. Жанайдар батырдан атақты Мейрам қажы жалғыз туады. Енді уақыт межесіне салып есептеп көрсек, Жанайдар батыр – Кенесары ханның замандасы, яғни, ХІХ ғасырдың бірінші жартысы дейік. 1837 жылдары отыздардағы жігіт ағасы. Оның әкесі Орынбай ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы өмір сүрген адам десек, Биғаш батыр «Ақтабан шұбырынды» заманына барады. Сонда Айтқожа мен Ханымбике әжеміздің өмір сүрген уақыты – ХVІІІ ғасырдың басы. Бұл кезеңде Малай, Жәдігер балалары Сыр бойында, не тіпті, сол Бұхара шәрі маңында өмір сүрді деуге келеді. Оның бір дәлелі – қазіргі уақытта Тәжікстанның Жиделі-Байсын аймағын мекен қылатын Лақай елінің құрамында Малай, Жәдігер атты аталардың болуы. Олар сол ел көшіп, Есіл кері аққан уақытта оңтүстіктегі құнарлы қоныста қалып қойған деп есептейміз. Бұл әңгімеге негіз болған Ханымбикенің Қожа Бахауеддин басына баруы «Ақтабан шұбырындының» алдында болған оқиға сияқты, яғни, шамамен 1715-ші жылдар ма деп ойлаймыз. Ал енді Әзіреті Сұлтанға қашан жерленді деген мәселеге келсек, ол оқиға шамасы 1750-ші жылдарға келіп қалар деген пікірдеміз. * * *
Енді жоғарыда уәде бергеніміздей Мәшһүрдің осы жыр-қиссаны жазу барысында толғанған ойларына келейік. Ақын ең бастысы өзінің бұл жыр-қиссаны әйелдерге арналған насихат түрінде жазғанын жасырмайды, ол былай дейді:
«Дүниеде қарап тұрсаң мақұл бар ма,
Көрінер бәрі де ерсі ақындарға.
Мәз болған байы: «Қу бас» – атанғанға
Жазамын әдебиет қатындарға».
Мәшһүр қайткен күнде де бұл жырдағы тарихи оқиғалар мен Ханымбике сияқты тарихи тұлғаның мысалы ел демографиясына, әсіресе, әйелдердің ұстанымдарына пайдасы тигенін көздеген. Мен бұл мәселелер бүгінгі күні қаншалықты өзекті екенін айта алмаймын, дегенмен, Мәшһүр жырлаған «Ханымбике» қисса-жырының бұл құрамдас бөлігін аттап кете алмадық:
«Айтқожаның баласы – ел – алты ру,
Жау десе, оларда жоқ мойын бұру.
Ханымбике болатын қатын қайда?!
Бар өнері: итше үріп, байды қору.
Есіл уағдам жатыр ма қате кетіп,
Бай пейілден айырылды, бата кетіп.
Тілеу де жоқ, Құдайдан сұрау да жоқ,
Байы итерсе, былшиып жата кетіп.
Жаны ашып, жойылтпасқа байдың атын,
Алғызса өз үстіне үш-төрт қатын.
Қыл көпірден жұлдыздай ағуменен,
Шауып өтер мінумен пырақ атын.
Неше қатын алса да, тұрса ұнатып,
Бір ауыз сөз айтпаса, байға батып.
Шаһидлік дәрежесін бұл алады,
Қозғалмай төсегінен, үйде жатып.
Қатындарға соғады сөздің түбі,
Мал жемейтін: улыкөт – жердің шөбі.
Қазықты қимайтұғын байы өлгенде,
Кесіп алып қалсайшы, иттің көбі!
Жүйрікпін – топта торай шалдырмайтын,
Алдыма жанды қара салдырмайтын.
Дозақы қатындарға мұны айтамын,
Үстіне өлсе қатын алдырмайтын».
Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор